Табиғи болмысынан дархан мінезді қазақ халқы тарих көкжиегінде тағдыры талай тартысқа түскен халық. Ел Президенті Қ. Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында «Бостандық бізге оңайлықпен келген жоқ. Ата-бабаларымыз азаттық жолында арпалысты. Талай зұлмат замандар мен нәубеттерді бастан өткерді. Осының бәрі халықтың есінде сақталып, ұрпақтан ұрпаққа берілуге тиіс» деген тұжырымы өте орынды айтылған. Мемлекет басшысы айтып өткендей, қазақ халқының басынан өткен қасіретті тарихи оқиғалар қазақ халқының бүгінгі азат күндерінің қадір-қасиетін түсінуге өнеге деп ойлаймын.
Ауызша тарих айту дәстүрі қазақ төл тарихы мен мәдениетінің бұрын-соңды айтылмаған қырларын ашуға мол мүмкіндіктерге жол ашады. Осы бағытта, Алматы қаласындағы Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының ғалымдары 1931-1933 жылдардағы Қазақстандағы ашаршылық тарихы жайында ата-балаларынан естіген естеліктерін жинақтау бағытында өңірлерде ізденіс жұмыстарын ұйымдастыруға жұмылды. Бұл оқиғаның шынайы астарын ақтару үшін өңірлерді аралап, зұлмат жылдарының құрбандары ұрпақтарымен сұхбат жүргізудің маңызы зор. Соның бір көрінісі ретінде, Түркістан облысы мен тарихы терең Шымкент қаласының тұрғындары арасында аштық жайында көнекөз қариялардан бастап халық арасынан аштықтың қасіретті көріністері жайында материалдар жинақтау жұмыстары қолға алынды.
Ашаршылық оқиғасы туралы ғалымның зерттеулерінің құндылығы бір төбе болса, бұл сұрапыл оқиғаны бастан өткерген адамдардың ұрпақтары баяндаған ақпараттардың зерттеу еңбектерінде көрініс табуы зерттеу еңбегінің құндылығын аша түседі.
Осы зұлмат жылдарындағы оқиға туралы киелі Түркістан өңірінің тумасы, ғасырға жуық жасап келе жатқан, сол зұлмат жылдарында дүниеге келген, қазіргі Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналист мамандығын иемденген тұңғыш қазақ қызы, М. Әуезовтің шәкірті Несіпкүл Әбдікерімованың айтуынша: «Аштық туралы заманды әкем де, анам да жыр етіп айтып отыратын. Ашаршылық кезін біздің өңірде «Қарсақбай жылы» деп атады. Осы кезеңдері елдің қаңғып кеткені соншалықты аққан жолдың ортасында, бұлақтың басында, құдықтың басында қисайып өліп жатқан адамдар далаға толған. Тіпті, сол кезде көз жұмған адамдарды аштықтан күйзелген халықтың көмуге де шамасы келмеген. Әкемнің айтуынша, бір күні құдыққа су алуға барса бір адам құдыққа асылып өліп жатыр дейді. Сонда жерде бір шүберек дорбада Қоқанның күміс ақшалары қолында дейді. Ол ақшаға да алатын тамақ жоқ. Әкем-анам және ағайындар барып жабылып, өлімнің жүзін жасырған екен. «Тігерге тұяқ қалдырмаймыз» деген ұранмен байдың да, кедейдің де бес-он сирақ мал да ұстатпай әкемнің малдарын алып кеткен. Түйені сойып, сонау тастақ жерге апарып жасырын сойып, жерге көміп қойған. Сол түйе етін шетінен жұлмалап, азық еткен. Одан қалса қоңырбас деген шөпті піскен кезде үйкелеп кішкентай майда тары ұқсатып, қуырып жеген. Қаратаудағы қара тарыны, қодырен бидайды таласып-тармасып жеумен күнелткен. Мамыр айында пісетін таудың шиесін қаптап жинаған ауыл адамдары аштықтың құрбанына айналды».
Ашаршылық жылдарының демографиялық салдары жайында құнды мәліметтермен бөліскен Түркістан облысы Төлеби ауданы Ақбастау ауылының көнекөз қариясы Өмірбай Әжібайұлының естелігінде: «Үкіметтің сеніміне кіру үшін шошқа баққан қазақтар болған. Сол замандарда халық арасында «бір түндік» деген ұғым пайда болды дейді. 1930, 1931, 1932, 1933, 1934 жылдары туылған адамдар мүлде жоқ. Бұл дегеніміз, халықтың күйзеліске ұшырағаны соншалық әйел мен ер арасындағы қатынастың да жоқтығын білдіреді. Одан басқа сол заманда балаларын шұбыртқан әйелдердің де боссып жүруі байқалған. Мәселен, әйел үш күн бір шаңырақта әйелдік міндет атқарса, келесі күндері басқа ас-ауқаты бар үйге барып, бала-шағасымен күн көрген оқиғалар да кездесті». Өмірбай ақсақалдың ауызша естелігіне сүйенсек, сол кездегі әйел тағдырының азабы мен халықтың демографиялық құлдырауының сипаты ретінде балалардың туылу үрдісінің мүлде тоқтағандығын байқауға болады.
1931 жылы дүниеге келген өңірдің абыз ақсақал Акрам Қахарұлы: «Рахима анамның айтуынша, 1930-1932 жылдары Балқаштың маңайындағы Қарсақбайдан Кентаудың төменгі жағындағы Жарбасқан жеріне бала-шағасымен шұбырған аш-жалаңаш күйзелген ондаған отбасы келді. Бұлардың ішінде әйел адамдар көп болған дейді. Олардың ішінде суға кетіп өлгендері де болған екен. Рахима анам өз көзімен біздің үйден 300 метр қашықтықта аштан әлсіреген әйелдің құлап, өлім құшқанын көргендігін айтатын. Менің әкем ол әйелдің балаларын балалар үйіне апарып өткізіпті. Бұл уақыттарда босқындардың өте көп болғандығын әкем мен анамның аузынан естігенмін» деп, қасіретті жылдардағы естеліктерді әсерлі баяндап берді. Ақсақал бұл заманда аштықтан қырылған халықтың саны 5 миллионнан асатындығын болжалды түрде мәлімдеп отыр.
Түркістан облысының 80 жастағы ақсақал Сейділдә Тұрғынбековтың бабалары ертеден құсбегілік, жылқы баптау өнерін меңгерген екен: «Осынау қиын кезеңдерде бабаларымыз аңшылық пен құсбегілікпен айналысып, күнелткен. Құрсай деген сайдың бойында ата-бабаларымыздың қыстауы болған. Әкемнің айтуынша, қыстыңгүні бір босып жүрген аш-жалаңаш ер адам тау беткейден түсіп, Нұсқабай болыстың үйіне тоқтады. Сонда ол болыс өзіміз де жейтін нан таппай, шөп жеп отырмыз деп ит қосып қуып жіберген. Кейіннен Нұсқабай болыс әулетімен Ташкентке қоныс аударған екен».
Өңірден жиналған басқа да респонденттердің ауызша естеліктерін талдау арқылы біз ашаршылық тарихының айтылмаған тұстарын анықтап, шынайы тарихи көріністі баяндауға мүмкіндік аламыз.
Аталмыш ғылыми жоба нәтижесінде 1931-1933 жылдардағы Қазақстандағы жаппай ашаршылыққа қатысты куәгерлер мен олардың ұрпақтарының естеліктері жинағының 20 томдық сериясының кешенді басылымын жариялау жоспарланған.
Қазақ халқы осынау басынан өткерген қиын замандардың естеліктері халықтың тарихи санасында сақтаулы деген қорытындыға келеміз. Өткеннен тағылым алу арқылы келешек ұлт болу жолындағы ұлы істеріміз болашақ еншісінде дегім келеді.
Ақнұр ОРАЛОВА,
Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының ғылыми қызметкері,
PhD докторант