Байтұрсынұлының туыс ұрпағы Амантай Шәймерденов қайтыс болды

0
674

Амантай Шәймерденов ақсақал Ақтас немересі – Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының ет жақын туысы, немерелес ұрпағы. Алаш арыстарына тікелей қатысты ащы-тұщы тарихты жақсы білетін, Шошақ (Ахметтің атасы) әулетіндегі бүгінге дейін көзі тірі, жасы үлкен ағалардың бірі еді. Басынан ауыр ғасыр өткен Алаш ұрпақтарының небір қилы тарихын жадына жаттап өскен құймақұлақ ақсақал 2024 жылдың 6 желтоқсанында, 77 жасында қайтыс болды.

Ақтас немересі Амантай – Ахметтің әкесі Байтұрсынның ағасы Ақтастың баласы Шәймерденнің ұлы. 1885 жылы ағайынды Байтұрсын мен Ақтас екеуі де жазықсыз жалалы болып, Сібірге он сегіз жылға жер аударылған. А. Байтұрсынұлы бұл кезде 13 жаста болатын. Ақынның «Анама хат» деген өлеңіндегі:

Оқ тиіп он үшімде, ой түсіріп,
Бітпеген жүрегімде бар бір жарам.
Алданып тамағыма, оны ұмытсам,
Болғандай жегенімнің бәрі харам, – деп жырлаған жүрек сыздатар жолдар әне сол бір қасіретті оқиғаны баян етеді.

Міне, Ахмет Байтұрсынұлына ең жақын ұрпақтарының бірі Амантай  Шәймерденовтің оралмас сапарға аттанғаны әрине, бәріміздің қабырғамызды қайыстырады.

Амантай ақсақал Алматыдағы Ахмет Байтұрсынұлы музей-үйіне жиі келіп, Алаш арыстарына, Ахмет Байтұрсынұлына арналған игі іс-шараларға қатысып, ақ батасын беріп, ағынан жарылып, сыр шертісіп тұратын, мұражай ұжымының тілеулес ағасы, ниеттес жанкүйері еді. Ұлт мұрасына қайта қосылып жатқан ұлы ұстаздың еңбектерінің баспадан жаңа шыққан әрбір нұсқаларын парақтап, жанарының жиегі дымқылданып, қуаныштан жылап та алатын. Міне, текті тұлпардың тұяғы, кекті сұңқардың қияғы іспетті кісінің беймезгіл о дүниеге аттаны туралы хабар, музей-үй ұжымына, алаштану, ахметтану саласының мамандарына орны тола бермес өкініш болып отыр.

Ақтас немересі Амантай Шәймерденовтің қысқаша өмірбаяны

Амантай Шәймерденұлы 1948 жылы қараша айында Торғай облысы, Ақкөл атырабында дүниеге келген.

Әкесі Шаймерден Ұлы Отан соғысына қатысып, соғыс шебінде жараланып елге аман-есен оарлған.

Торғайдағы пошта бастығы Ғалым Сомтеміровтің (бірге соғыста болған) көмегімен Ақкөлдегі поштаға қызметке орналасады. Бұл жерде де «Халық жауының ұрпағы» деп шеттетіліп, қудалауға ұшырайды. Қызмет орнында жұмыс істетпей, жиі тергеу мен тексеруге алып отырады. Осылайша, Шәймерден тұрмыстың сан түрлі  қиындығын бастан кешіреді. Соғыстан кейінгі ауыртпашылықпен қоса, қуғынға ұшырап, ауыр жағдайларды бала-шағасымен бірге көріп, біраз жылдан кейін Торғайға қоныс тебеді. Міне, бұл бала Амантай тың басынан өтіп жатқан ауыр жылдар еді.

Амантай Шәймерденұлы 1966 жылы Торғай қазақ мектебін бітіріп, Ақкөл ауылында әр түрлі жұмыстар істей жүріп, болашағынан күдер үзбей, тыңғылықты дайындалып, өзінің айырықша зеректігінің арқасында заң мамандығына оқуға түседі.

Тағдырдан талай жазықсыз соққы жеген әкесі Шәймерден: «Ертең біреулер «халық жауының баласы» деп тағы да қудалайды», – деп, оның бұл оқуына қарсы болып, университеттен шығарып алады.

Осыдан кейін Амантай Алматыға сапар шегіп, жақын туысы Самырат Кәкішевтің қамқорлығында болып, түрлі қызметтер істеп, еңбек жолын жалғастырады.

Ахмет Байтұрсынұлы мұражайының алғашқы жөндеу жұмыстары мен ұйымдастыруына да шамаша атсалысады. Түрлі қоғамдық қызметтер мен ресми жұмыстарды атқара жүріп аға жасы алпыстан асқанда зейнетке шығады.

Ауыл қарттарының ауызынан шыққан ата-баба шежіресін, әсіресе Ұлт ұстазы Ахметке қатысты сыр бүккен небір тарихи деректерді майын тамыза айтып отыруды әдетке айналдырған. Алаш тақырыбына қатысты ауызекі деректердің ақиқатын ұрпаққа жеткізіп, аманаттап кетуді арман етіп, сол бағытта шамаша шаруалар тындырып, түрлі БАҚ пен зиялы азаматтарға сұхбат бере жүріп, бейнетті ғұмырдың зейнетін көрер шағында дәм-тұзы таусылды.

Көзін ашқалы сан рет «Халық жауының тұқымы» деген қағажудан қатты намыстанған бала Амантай әлдебіреуден қорлық көргенде: «Ахмет атам түбі бір ақталады!» – деп жылаған екен. Ақ пен қара алмасқан аянышты кезеңде жыламсырап тұрып айтқан жас жүректің дегені келіп, бүгінде А. Байтұрсынұлы Ұлт ұстазы болып қайта оралды.

Марқұмның жайы Жаннаттан, топырағы торқа болсын. Жақын-жекжаттарына, ел-жұртына қайғыра отырып көңіл айтамыз.

Әділет АХМЕТ,
«Алматы қаласы музейлер бірлестігі»
А.Байтұрсынұлы музей-үйінің ғылыми қызметкері

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here