Жетпістің керіп желкенін…

0
1664

Өткен күннің артта қалып елесі,
Тіршіліктің жылжи берер кемесі.
Басыңызға бақ пен ырыс сыйлаған,
Жетпіс жастың құтты болсын белесі!

Әрбір адамның өзіне тән ғұмыр жолы, тіршілік баяны бар, бірақ еткен еңбек, көрген бейнет, татқан зейнет, алған асу, жеткен биік әркімнің өмірінде әрқилы. Оны сырт көз өздерінше бағалап та жатады. Сондағы жалпының іздейтіні біреу: ол – кісілік келбет, азаматтық тұлға. Оған – дәл осындай адами асқақ қасиетке, қанша ғұмыр кешкенімен, жеткен де бар, жетпеген де бар. Ал, біздің ізгі тілегіміз бен құттықтауымызды жаңбырша жаудырғалы отырған тұлғамыз, өмірі мен өнегелі ғылыми істері жас ұрпаққа үлгі болатын ғибратты ғұмыр иесі Сағынбай Қалдыбаев мерейлі 70 жастың есігін қағып тұр.

Сағынбай Қалдыбаев 1955 жылы 8 қаңтарда Қарақалпақстан Республикасы Әмудария ауданында дүниеге келген. Хожелі ауданындағы орта мектепті бітіріп, әскери қызметін атқарғаннан кейін Қызыл Ту орденді ауыл шаруашылығы институтының «Топырақ және агрохимия» факультетін бітіріп, топырақтанушы маман, одан кейін бөлім меңгерушісіне дейін көтеріліп қызмет атқарады. 1985 жылдан бастап осы күнге дейін Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінде аға ғылыми қызметкер, ассистент, доцент, профессор қызметін кезең-кезеңімен атқарып келеді. Сондай-ақ, университеттің «Агроинновация және экология» ғылыми зерттеу институтын басқарды.

Ғалымның «Қазақстанның сортаң топырақтарын жақсарту» бағытында жазған кандидаттық диссертациясы, докторлық диссертациясы ғылымда ойып тұрып өз орнын алды.

Қалдыбаев Сағынбай – Ө. О. Оспанов атындағы Қазақ топырақтану және агрохимия ҒЗИ жанындағы диссертациялық кеңестің мүшесі, Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің «Өсімдік шаруашылығы» даярлау бағыты (6D080800 – Топырақтану және агрохимия; 6D081100 – Өсімдік қорғау және карантин мамандықтары бойынша философия PhD диссертация кеңесінің төрағасы, университеттің ғылыми техникалық кеңесінің мүшесі қызметтерін қоса атқаруда.

Осы ғылыми зерттеу жұмыстарының нәтижесінде 3 монография – «Засоленные почвы Казахстана и их мелиорация» (2014 ж., 30,25 п.л), «Қазақстанның тұзды топырақтары және оларды мелиорациялау» (2016 ж., 31,5 б.т.), Адаптивно-ландшафтная система мелиорации в Казахстане – теория, методология, практика (2020 ж., 28,48 п.л) және бірқатар оқулықтар мен оқу құралдарының авторы – «Жалпы топырақтану» (1998 ж., 8,5 б.т.), «Топырақтар географиясы» (2000 ж., 11,5 б.т.), «Топырақтану» (2004 ж., 17,5 б.т.), «Топырақтар картографиясы» (2005 ж., 8,75 б.т.), «Аграрлық топырақтану» (2008 ж., 13,0 б.т.), «Экология және қоршаған ортаны қорғау» (2010 ж., 16,0 б.т.), «Топырақтану практикумы» (2015 ж., 22,75 б.т.), «Зеленая страна. Ландшафтное и садово-парковое исскуство» (каз., рус., англ.) (2015 г., 11,25 п.л) еңбектері жарияланып, оқулықтары мен оқу құралдары республиканың аграрлық жоғары оқу орындарында және мекемелерде үздіксіз пайдаланылуда.

Сағынбай Қалдыбайұлы – 4 инновациялық жобалар мен бағдарламаның (ҚР ҒжЖБМ, ҚР АШМ және Дүниежүзілік Банк) жетекшісі. Ғалымның 200-ден астам ғылыми еңбектердің, оның ішінде импакт – факторы нөлге тең емес шетелдік рецензияланған ғылыми журналдарда жарияланған 17 ғылыми мақалалары, Хирш индексі – 5-ке тең еңбектері жарық көруде.

ҚР АШМ мақсатты қаржыландыру бағдарламасы бойынша 2018-2020 жылдары «Қазақстанның тозған жайылымдарын мониторингілеу мен бағалаудың ақпараттық жүйесін әзірлеу және оларды қалпына келтіруді тиімді басқаруды қамтамасыз ету» мәселелері бойынша ғылыми бағдарламаның, 2021-2023 жылдары «Қазақстанның батпақтанған және тұзданған жерлерінің ақпараттық деректер базасын құру» ғылыми жобасының жетекшісі болды.  Биыл 2024-2026 жылдары жүзеге асатын «Қазақстанның географиялық немесе климаттық аймақтары бойынша ГАЖ технологияларын қолдана отырып, кебірленген жайылым жерлердің ақпараттық деректер базасын құру» жобасына жетекшілік етіп, осы жобалар мен бағдарламалар Қазақстанның ауыл шаруашылығында пайдаланылып отырған жерлерді цифрландыруына қосқан үлесі зор.

Мерейтой иесінің ғылыми жетекшілігімен 4 докторлық PhD және 10 магистрлік диссертация қорғалды. Қазіргі уақытта 4 PhD докторанттың ғылыми жетекшісі.  «ҚР жоғары оқу орындарының үздік оқытушысы» мемлекеттік грантының иегері, ҚР Ұлттық аграрлық ауыл шаруашылығы ғылымдары академиясының академигі – ғылыми атақтарға ие.

Қазақстан Республикасы Ұлттық бизнес-рейтингі атқару комитетінің шешімімен «Қазақстан Даңқы» орденімен, «ҚР Ауыл шаруашылығы ардагерлері кеңесі» қоғамдық бірлестігінің «Құрметті ардагері» төсбелгісімен, Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің «Еңбек ардагері» төсбелгісімен, «ҚР ауыл шаруашылығы саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталды. А.Байтұрсынов атындағы алтын орденнің иегері.

Сағынбай Қалдыбайұлы отбасында бір қыз бен үш ұлдың әкесі. Жары Гүлзада Әлханқызымен ғылым мен кәсіпкерлікті бірге жүргізіп келеді, «Жасыл ел» және «Әлем Шар» атты екі отбасылық үлкен компаниялары Алматы қаласын гүлдендіру мен көгалдандыру жұмыстарына ат салысуда.

Қалдыбаева Гүлзада Әлханқызы – Жамбыл облысы, Қордай ауданы, Қара өзен ауылының тумасы. Өзінің еңбек жолын Алматы қаласындағы «Гүлдер» совхозында жұмысшы ретінде бастап, бөлім бастығы лауазымына дейін қызмет атқарды. 2000 жылдан бастап «Грин Ланд» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры. Агроном ғалым, бағбаншы мамандығы бойынша жоғары білімі бар. Өз ісіне деген сүйіспеншілік, жоғары кәсіпқойлық, ықыластық және мейірімділіктің арқасында, өз жұмыстарын сапалы орындағаны үшін Алматы қаласы әкімдігінің бірнеше мәрте құрмет грамоталарымен, сондай-ақ «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығы» төсбелгісімен марапатталды.

Швейцарияның Женева қаласында Өнеркәсіп пен технологияларға жәрдемдесу агенттігімен (Швейцарияның француз тілді кәсіпкерлерінің федерациясы) өткізілген халықаралық конкурстың қорытындылары бойынша Гүлзада Әлханқызы Сапа үшін Еуропалық Гран При сыйлығы мен «Өңірлік көшбасшы» номинациясына ие болды.

Сонымен қатар, Францияның Париж қаласында Ұлттық өнеркәсіпке жәрдемдесу ассоциациясы «Серіктестердің алдындағы міндеттемелерін орындаудағы тұрақтылық, кәсіпорынның тұрақты жұмысы мен жаңа жобалардың сәтті іске асырылғаны үшін» SEIN алтын тесбелгісімен, 2016 жылы «Құрмет» орденімен марапатталды.

Гүлзада Әлханқызы қонақжай, үйдегі дастарғанды да гүлзар бақтай жайнатып, қонақтарды ыстық ілтипатпен күтіп алатын ерекше қасиеттерін де айтпай кету мүмкін емес.

Үлкен қызы Әсел 1980 жылы Алматыда дүниеге келген. Әсел Нархоз университетінің Халықаралық экономикалық қатынастар факультетін үздік дипломмен тәмамдады. Оның еңбек жолы АТФ Банкте кредиттік талдаушы ретінде басталып, ол бұл жерде білікті маман ретінде өзін көрсетті. Тұрмыс құрғаннан кейін, ол «Карудо» педиатриялық клиникалар желісін ашып, оны бүгінгі таңда Алматыдағы жетекші балалар клиникаларының біріне айналдырды. Қазіргі таңда аталған клиниканың Түркияның Анталия қаласында филиалын ашып, елі үшін беделді қызмет атқаруда. Оның үлкен ұлы Мұхамедәлі КИМЭП университетінде білім алып, отбасылық экономикалық дәстүрді жалғастырып келеді. Ал 13 жастағы ұлы Иманәлі – Жәния Әубәкірова атындағы музыкалық мектепте оқып, музыкалық дарынын көрсетіп жүр.

Сағынбай Қалдыбайұлының кенже ұлы Анес ҚазҰУ-нің «Халықаралық экономика» мамандығына оқуға түсіп, үздік дипломмен бітірді. Оған қоса, «Болашақ» мемлекеттік стипендиясының арқасында білімін жалғастырып, АҚШ-тағы The George Washington University-де қаржы саласында магистр дәрежесін алды.  Бүгінде Анес «Венчурлық инвестициялар мен қор нарығында» табысты жұмыс істейтін қаржыгер. Сонымен қатар, ол отбасылық бизнестің қаржы жағын басқаруға үлес қосуда. Анестің екі қыз, бір ұлы бар. Үлкен қызы Аянат 14 жаста, Жәния Әубәкірова атындағы мектепте білім алып жатыр. Кіші қыздары Айрис (8 жас) және Айдан (6 жас) Abay International School мектебінде білім алуда.

Қазақта ата-бабамыз адамның жақсы кісілік қасиеттерін хадиспен белгілеген.  Хадистердің айтуы бойынша, имандылық қасиетінің 19 қағидасы бар.  Яғни, нағыз иманды, тәрбиелі, білімді адам болу үшін осы 19 қағидаға ие бола білу керек делінген. Осы аталған 19 қағидаға ие Сағынбай Қалдыбайұлы жұмыс жасап отырған ұжымында сыйлы, абыройлы, мерейі үстем.

Жүйрік уақыттың ұшқыр қанаты Сізді мағыналы ғұмырыңыздың биік бір белесі – 70 жасқа алып жетті. Сіз осы кемелдікке тың жігер, жарқын көңілмен, мықты ғылыми багажбен келіп отырсыз.

Өзіңіздің 70 жас мерей тойыңызға арналған ыстық лебізімізді қабыл алыңыз!

Бұл 70 жас – қарттық жас емес, қазына жас,
Бала мен немеренің назына мас.
Біз сізге бақ тілейміз ортаймайтын,
Басыңыздан ешқашан ажырамас.

Өміріңіз ұрпаққа өнеге мың,
Тілейміз қуанышқа бөленгенін.
Жүзге келіп, марқайып отырыңыз,
Қылығына қуанып шөберенің.

Біз сізді жан жүрегімізбен жарқылдай қуана отырып құттықтап, Сізге денсаулығыңыз күйлі-қуатты, ғұмырыңыз ұзағынан, көрер қуанышыңыз молынан болсын деп тілейміз!

Ізгі ниетпен,
Ауылшаруашылғы ғылымдарының докторы,
профессор, ҚР ҰАА академигі
Сулейменова Назия Шүкенқызы

Педагогика ғылымдарының кандидаты,
профессор Махамедова Бағлан Жақыпбайқызы

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here