Тұңғыш қажы болған қазақ

0
653

ХІХ ғасырдың ортасына дейін қазақ пен қырғыздан қажылық жасауға барғандар өз ұлтын жасырып, «бұқаралық өзбекпіз, не ташкенттік сартпыз» деп айтады екен. Өйткені, қазақ пен қырғыз халықтары Меккедегі мұсылмандар тізіміне жазылмай қалған көрінеді. Сондықтан қазақ пен қырғыз өкілдерін қасиетті орынға зиярат етуге жібермеген. Осындай қорлыққа шыдамаған Жайық бойындағы қарадан шығып, хазіреті дәрежесіне жеткен Байғараұлы Нұрпейіс хазіреті қажылыққа баратын бірнеше кісілерді басқарып Меккеге жетеді. Бірақ, Нұрпейіс хазіретті Қағбаға зиярат етуге жібермейді. Сонан соң қасындағылар еліне қайтып кетеді де, Нұрпейіс хазіреті Меккеде қалып қояды. Сонымен, ол қайыршылық жағдайда жеті жыл жат елде жүріп, қазақ пен қырғыз халықтарын Меккедегі мұсылмандар тізіміне енгізіп қана қоймай, Мұхаммед пайғамбардың (с.ғ.с) өсиеті негізінде қазақ халқына тиесілі жерді алады.

Шөл төсіндегі пайғамбардың табаны тиген, құмы алтыннан, тұщы суы зәмзәмнан қымбат ыстық жерді қалай иемденді деп іштей, әрине, қайран қаласыз. Нұрпейіс хазіреттің қажырын тасқа жанығандай табандылығы, бірбеттілігі кімді де болса тәнті еткізгендей еді. Серіктері елге кеткен соң жат жерде қалтасы қағылып, жалғыз қалған Нұрпейіс хазіреті тек қана адал бейнетіне сенеді. Күн демей, түн демей тер төгіп еңбек етеді. Меккенің сыртындағы бір таудан күніне екі мес тұщы суды арқалап әкеліп, оның бірін базарға сатып, түскен тиынына тамақтанады. Бір месін құм үстінде күнге шыжып отырған кемтарларға бөліп береді. Жеті жыл бойы белі бүгіліп, ыстық күнде меспен су тасиды, маңдай терін тамшылатып, самай шашы күнге ағарып жүріп жат елдің тілін, ғұрпын меңгереді. Ыстық күннің астында бүкшие ілбіп мес арқалап, су тасыған хазіреттің сұлбасын елестетіп көріңізші. Жеті жыл осылай. Неткен дүлей қайсар мінез десеңізші!

Арада біраз уақыт өткен соң Нұрпейіс хазіреті Меккеде зиярат ету үшін келген араб дін басыларының қабылдауында болады. Сонда Бағдат ханы Нұрпейістің талабын қолдаған екен. Қазақтарды қасиетті жердегі мұсылмандардың тізіміне енгізу, пайғамбардың өсиетіне сәйкес оларға тәкия жай – қонақүй салу үшін жер бөліп беруге рұқсат етеді. Тәкия жай салуға бөлінген жерді алған бабамыз Нұрпейіс хазіреті оны теңдей төртке бөледі: қазақтың үш жүзіне және қырғыз халқына еншілейді. Кіші жүзден Жаппас руының ең бай адамы ақмешіттік Мырқы мырзаны, Орта жүздің Тобықты руынан Құнанбайды, Ұлы жүзден Қасымбек датқаны, қырғыздан Шәбден батырды таңдайды.

Нұрпейіс хазіреті ең бірінші хабарды Жаппас Мырқы мырзаға жібереді. Сол дәуірде Кіші жүзде Мырқы мырзадан бай кісі болмаған екен. Оның байлығының мөлшері жайында ағасы Аппаз мырза: «Мырқы мырзаның алтын ақшалары Еуропаның ірі банктерінде жатыр. Түйелерінің өзі отыз тоғыз мыңнан қайтты» деп отырады екен. Мырқы мырза бірнеше миллиондаған сом қаржымен қасына нөкерлерін ертіп, тәкия жай – қонақүй салғызуға Меккеге жүріп кетеді. Жаппас Мырқы мырза Кіші жүзге арнаған тәкия жайын үш жылда салып бітіріпті. Айшығы әсем ғажайып жайды көріп тамашалаған Бағдат ханы тәкия жайды Нұрпейістің атымен атауды ұсыныс етеді. Сонда Нұрпейіс былай депті: «Бұл ғимаратты қаншама қаржы жұмсап салдырған мына отырған сақы Мырқы мырза, бұл тәкия жай осы кісінің атымен аталғаны жөн» («Жас Алаш», 1933 жыл, 30 наурыз). Осы күнге дейін әлгі әсем ғимарат Мырқы мырзаның атымен аталатын көрінеді.

Енді Орта жүздің ақылды адамы Құнанбайдың қасиетті жерге қалай барып, қалай үй салғызғаны туралы әңгімелеуді жөн көрдік. Құнанбай қасына аса жігерлі, өжет мінезді Ізғұттыны ілестіріп, 1870 жылы Меккеге сапар шегеді. Жолда ат тұяғын күйдірген шөлден, құс қанатын талдырған таудан өтеді, көп қиындықпен Меккеге жетеді. Меккеде өзге елден келген мұсылмандардың жататын үйі болады екен. Үйсіз, күйсіз босып жүрген тек қана қазақтар мен қырғыздар. Кейде арабтардың үйін уақытша жалдап тұрады, кейде көше бойында қонып қалады, көргендері азап пен мазақ. Осыны байқаған Керей Андамас мырза Көшербайұлы бір тайлақ пен дөнен шығар жылқы сатып алып сойып, бір үйге қазақ қажыларын қонақ етеді.

Қасиетті Мекке жеріне алғаш табаны тиген Нұрпейіс хазіреті – белгілі дінбасы, қоғам қайраткері, діни сауаттылығымен қатар араб, парсы тілдерін меңгерген ғұлама, ғалым болған. Нұрпейіс Байғараұлы қазіргі Батыс Қазақстандағы Шыңғырлау ауданының Қаратөбе, Томарөткел елді мекенінде дүниеге келген. Атақты ғұлама 1817-1880 жылдар аралығында өмір сүрген. Жас кезінде ауыл молдасынан сабақ алған ол кейін білімін жетілдіру үшін Бұқарадағы «Көгілташ» медресесінде алты жыл оқиды. Одан соң араб елінің Шам шаһарында төрт жыл оқып, елге оралады. Елге келгеннен кейін Петербургке барып, Ақ патшаның қабылдауында болады. Ақ патша Нұрпейіс хазіретке мұсылманша дінді таратып, насихаттау үшін, діннің әлсіздеу жері деп Жайық, Елек, Ор, Қарғалы өзендерінің бойына барып, осы жерлерде бірнеше мешіт салдыруға кеңес береді. Сол жылы жаз ортасында бұрынғы ұлы қорым, атақонысын тастап, Нұрпейісті жалғыз жібермейміз деп, Қаржаудың төрт ұлы – Байғара, Қосуақ, Жұрын, Меңдібек – Шыңғырлау, Қоңырат деген жерлерден қоныс аударған. Хазірет ата Шыңғырлаудан көшіп, Қия деген жерде екі жыл қыстайды. Қазіргі «Қызыл партизан» ауылында ескі мешіт бар. Кезінде Нұрпейіс хазіретінің қолында «Мешіт салдыруға барлық жағдай жасалсын» деген патша жарлығы болған екен. Қия деген жер ұнаңқырамай, ата әрі қарай жайлы жер іздейді. Елек бойындағы Көкі тамасы Есет әулиенің басына келіп, дұға қылады. Сол жылы Бестамақ деген жерде киіз үйде қыстайды. Жаз шыға, мал төлдеп болған соң, тағы да қозғалып, Ор өзені бойындағы Ақсу-Шиелі деген жерге орналасады. Қоныс таңдау Нұрпейіс атаның еркіне берген жерлер: Жайық сағасы, Елек бойы, Ор бойы, Қарғалы өзен бойы болатын. Нұрпейіс Байғараұлы Жағалбайлы ақсақалдарының, соның ішінде сол кездегі Жетіру жеріндегі Дербісәлі Беркімбай болыстың «Біздің жерге молдалық құрып отырыңыз» деген шақыртуы және халықты оқытып, сауаттандырамыз деген ұсыныс жасауы бойынша 1864 жылы Ор өзені басындағы Ақсу-Шиелі деген жерден 14 үй болып, қазіргі Қарғалы өзенінің бойына, Қарабұтақ ауылына көшіп келеді. Бұл ауыл екі өзеннің – Жақсы, Қарғалының бас жағындағы Ащылсай саласының тоғысқан жерде орналасқан, табиғаты әсем, шұрайлы жер еді. Ата жаңа қонысында 16 жыл тұрады. Нұрпейіс хазіретінің жайлау, қыстауларын осы уақытқа дейін халық пайдаланып келеді. Нұрпейіс хазіреті Қарабұтақ ауылына қоныстанған соң мешіт салу жұмысын бастайды. Бүкіл саналы ғұмырын халқының жарқын болашағына арнаған, қанша азапты күндерді басынан өткерсе де алдына қойған мақсатына жету үшін асқан қажырлылықпен еңбек еткен хазіреті атамыз өзі мешіт тұрғызып, елдің басын құраған ауылдың іргесіндегі қорымда қалған шаруаны кейінгі ұрпағына аманат етіп тапсырып, жаны жай тауып жатқан жайы бар.

Кейбір зерттеушілер ХIX ғасырдың ортасынан бастап қазақтарға ресми түрде Меккеге қажылық жасауға рұқсат етілгені айтады. Ал оған дейін Меккеге қажылық жасауға рұқсат етілген мұсылмандар тізіміне қосылмай, қасиетті орынға зиярат етуге жіберілмегендіктен қазақтар мен қырғыздар, өз ұлттарын жасырып, бұқаралық, ташкенттік сартпыз деп тіркелуге мәжбүр болғанға ұқсайды.

Дегенмен, ұзақ жылдар бойы патшалық Ресей Меккеге баруды, яғни мұсылмандардың қажылық сапарға баруына әр түрлі жолмен кедергілер жасап отырды. Бірақ, бұл жұрттың қажылыққа баруына кедергі бола алмаған. «Қазақстандағы ислам діні: қажылық (ХІХ-ХХ ғ. басы)» атты мақалалар жинағында: «Бағдад пен Жиддадағы Ресей императорлық консулдықтары (Императорские Российские консульства) аз уақыттың ішінде тексеру жұмысын жүргізіп, қажылыққа байланысты паспорт жасауды тапсырды. Осының негізінде Ресей Ішкі істер министрлігінде 1900 жылы 31 желтоқсанда қажылық сапарға байланысты 2414 нөмірлі жаңа кұжат дүниеге келді. Бұл құжатқа сай қажылыққа барушыларға «Қажылық паспорты» берілетін болды. Осыған байланысты қажылықты реттейтін арнайы ережелер қабылданды. Яғни, мұсылмандардың қажылық құқықтары православия дініндегі христиандардың Иерусалимге ғұрыптық сапарына байланысты құқықтарымен ресми теңестірілді. Бұл мұсылмандардың Ресей арқылы қажылыққа баруын жеңілдетті», – деген дерек айтылады.

Яғни, бұл «реформа» сол кездегі қажылыққа бару үшін ресми тіркелген мұсылмандардың санын күрт арттырды. Мысалы, тек 1905 және 1910 жылдары Омбы қаласынан әр жылы 500 қазақ қажылыққа бару үшін паспорт алған.

Сол секілді Бөкей ордасынан да 1862-1897 жылдар аралығында 500 жуық мұсылман қажылыққа аттаныпты деген дерек бар.

Осы тұста назар аударар жайт, аталмыш жылдар ішінде қажылыққа ден қойған адамдардың санының жылдық динамикасының синусоидасы құбылмалы болғанмен, ол қажылықтың қазақы ортадағы орнықты дәстүрге айнала бастағандығын көрсетеді: 1862 жылы – 8, 1863 жылы – 11, 1864 жылы – 6, 1874 жылы – 5, 1875 жылы – 3, 1879 жылы – 12, 1880 жылы – 23, 1881 жылы – 17, 1882 жылы – 2, 1883 жылы – 17, 1884 жылы – 12, 1885 жылы – 76, 1886 жылы – 22, 1887 жылы – 23, 1888 жылы – 25, 1889 жылы – 17, 1890 жылы – 11.

Жетісудан 1901-1914 жылдар аралығында 2 мыңнан астам адам қажылыққа сапар шеккен екен. Ұсынылып отырған жинақта көрсетілген мәліметтер осы өлкедегі қажылыққа ынталы адамдар санының жыл басына шаққандағы динамикасын жақсы бейнелейді: 1897 жылы – 34, 1900 жылы – 163, 1901 жылы – 306, 1902 жылы – 179, 1903 жылы – 131, 1904 жылы – 322, 1905 жылы – 125, 1906 жылы – 180, 1908 жылы – 114, 1909 жылы – 19, 1910 жылы – 66, 1911 жылы – 192, 1912 жылы – 270, 1913 жылы – 230, 1914 жылы – 135.

Жинақта осындай мәліметтер Ақмола облысы бойынша да келтірілген. 1902-1913 жылдар аралығында осы өңірден 1500 жуық адам қажылық атқарыпты: 1902 жылы – 185, 1903 жылы – 69, 1904 жылы – 27, 1905 жылы – 266, 1906 жылы – 6, 1908 жылы – 350, 1909 жылы – 181, 1910 жылы – 122, 1913 жылы – 186.

Ал, Н.Лыкошиннің «К статистике паломничества в Мекку» атты мақаласындағы мәліметтер бойынша тек Шымкент уезінен 1901 жылы – 188, Шу ауданынан – 126 адам, соның ішінде Қаратау өңірінен – 20 адам қажылыққа барыпты. Бұл үрдіс бірінші дүниежүзілік соғыстың алдында күшейе түсті. Мәселен, 1913 жылы тек Түркістаннан қажылыққа баратын «татар, қазақ, сарттардың саны бір жылда 50 мың адамға жеткен екен» делінген аталмыш дерек көзінде.

Байғараұлы Нұрпейіс хазіреті қажылыққа баратын бірнеше кісілерді басқарып Меккеге барған заманда өмір сүрген, Ақтөбе өңірінде мұсылмандық ағартушылық қызмет атқарып, халық арасына имандылық нұрын сепкен діни қызметкерлер жөнінде мәліметтер Жібек Абдуллинаның «Руханият әлемі» кітабында келтірілген:

  1. Болыс Алмат Самұратұлы (1845-1922), Жабасақ ауылында мешіт салған.
  2. Абдолла қажы Амандықұлы (1829-1905), Қобда ауданы, Жаманкөл ауылы.
  3. Сүлеймен Мұсылманұлы (Сүлеке хазірет) – (1830-1907), Қобда ауданы, Жарық елді мекені.
  4. Тәжмұханбет қажы Қартұлы (1830-1918), Ойыл өңірінде «Көкмешіт» деген мешіт салдырып, бала оқытқан.

Сол заманда Кіші жүз, 12 ата Байұлы, Таз руы азаматтарыда қажылыққа барғаны жөнінде деректер Аманғали Әміржанұлының Кіші жүздегі Таз руы шежіресі «Ақиық-арман» атты II томында және «Жем жыры» атты кітабындағы жазылған:

  1. Аймұрат Ахун Жайықұлы (1850-1920), белгілі дни қызметкер, Жылыой өңірі,
  2. Алтыбайұлы Көпен қажы,
  3. Аңсамбайұлы Ешмағамбет Хазіреті ата,
  4. Әбіш бай Құдасұлы (1830-1918), қырық жыл болыс болған,
  5. Бала Ораз Өтебайұлы (1837-1882), ақын, жыршы, термеші,
  6. Дүйсенбай қажы Дәндіғұлұлы (Дүйсеке ата) – (1843-1913), діни ғұлама, Құлсары қаласының маңынан мешіт салдырған, бала оқытқан,
  7. Қитарбай хазіреті Жантемірұлы (Қитеке қажы) – (1841-1904), Атырау өңірінде мешіт салдырған, бала оқытқан,
  8. Қоспақ Шолақұлы, ақын, жыршы, термеші,
  9. Қойсары Өтебайұлы (1820-1907), Қызылорда өңірі, батыр,
  10. Құлбатырұлы Бекен ахун,
  11. Құлжабай би Бекқұлыұлы (XVIII-XIX ғ.ғ.), Сырым батырдың кеңесшісі,
  12. Құлманбет Жамансарыұлы (1818-1890), ақын, жыршы, термеші,
  13. Масақбай би Қалыбайұлы (XVIII-XIX ғ.ғ.),
  14. Сұпы ата (Аманжол Маңдайұлы) – (1823-1912), әулие, батыр,
  15. Қашқынбай Қойгелдіұлы (1830-1890), ақын, жыршы, термеші.

Байғараұлы Нұрпейіс хазіреті қажылыққа баратын мұсылман Кіші жүздегі 28 рулардан бірнеше кісілерді басқарып Меккеге барғанын ескергеніміз жөн. Бірінші кезекте мұсылман Болыс, Би, Батыр, Ақын, ауқатты адамдар ақылдасып Нұрпейіс хазіретке қолдау көрсеткен. Екінші кезекте Нұрпейіс хазіретті ақындар жырға қосқан. Сондықтан XVIII-XIX ғасырда өмір сүрген елге елеулі, халыққа қалаулы азаматтардың еңбектерін мұрағаттан көтеріп, зерттеу қажет.

Алайда, қажылық барлық адамға тең міндет емес екенін ескерген жөн. Алла Тағала оны шамасы келетін пенделері үшін парыз қылған. Дін ғалымдары аят пен хадистерді негізге ала отырып, қажылықтың кімге парыз болатынын айтқан. Ол үшін арнайы шарттар бар. Егер адам осы талаптарға сәйкес келсе, онда оған қажылық парыз болмақ. Бұлардың кейбірін төмендегі реттікпен атауға болады:

– Балиғат жасына толу;

– Ақыл-есі дұрыс болу, себебі, ислам ақылсыз адамға құлшылық жасауды міндеттемейді;

– Бала-шағасынан артылған, қажылыққа барып-қайтуы үшін қаражатының жеткілікті болуы. Ал, әл-ауқаты төмен немесе қажылыққа барып-қайтуына ақшасы жетпейтін адам үшін қажылық міндетті емес;

– Қажылық рәсімін орындауы үшін денсаулығының жақсы болуы. Себебі, ол адам ұзақ сапар шегеді, сапар барысында және қажылық кезінде күш-қуат қажет. Ауру адамға қажылық міндетті болмайды;

– Жолдың қандайда бір қауіп-қатерден аман болуы. Сапар барысында оның жаны мен малы (ақшасы) аман болуы шарт. Егер сапар қауіпті болса, онда қажылық сапарын уақытша шегере тұрады. Алла Тағала пенделері үшін аман-саулықты қалайды;

– Қажылыққа шыққан әйел адамның қорғанышы һәм серігі ретінде қасында әкесі, күйеуі, ұлы немесе бауырының болуы.

Қажылыққа бару тәртібіне байланысты Байғараұлы Нұрпейіс хазіреті заманында ұлы қазақ еліндегі барлық бай адамдар қажылыққа барды деуге негіз бар.

Нұрлан ЕСЕНҒАЗЫ,
Бопай ханым жоғары медициналық колледжі
Ардагерлер кеңесінің төрағасы, дәрігер, педагог

АҚТӨБЕ ҚАЛАСЫ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here