Қазақстандағы музейлер мен театрлардың дамуы: мәдениет саласындағы негізгі оқиғалар

0
397

Мәдениет және ақпарат министрлігі жыл қорытындысын театр және музей саласындағы маңызды оқиғалармен түйіндейді. Театрлар мен музейлер мәдени мұраны сақтау және насихаттауда маңызды рөл атқарады. Биыл мәдениет саласын дамытуға бағытталған көптеген маңызды іс-шаралар мен бастамалар жүзеге асырылды. Енді негізгі оқиғалар мен жетістіктерге тоқталып өтейік.

Бүгінде Қазақстанда 57 мемлекеттік театр жұмыс істейді. Биыл Атырау қаласында тағы бір жаңа мемлекеттік театр — «Жастар» театры ашылды.

Еліміздің театрларында 9 мыңға жуық маман қызмет етеді, оның ішінде 4 200-і шығармашылық ұжым мүшелері бар.

Биыл Қазақстанның мемлекеттік театрлары 200-ден астам жаңа қойылым сахналады, оның 107-сі отандық авторлардың шығармалары негізінде жасалған. Жыл бойы театрлар халықаралық фестивальдерге белсенді қатысты.

Министрлік тарихи театрларды жаңарту және қалпына келтіру бойынша ауқымды жұмыстар жүргізуде. Атап айтқанда, Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрында күрделі жөндеу жұмыстары, Абай атындағы опера және балет театрында ішкі жөндеу жұмыстары аяқталды. Сонымен қатар жеті ғимарат жаңартылды. Наталия Сац атындағы орыс театрының жөндеу жобасы сараптамадан өтіп жатыр, сондай-ақ неміс драма театрын жөндеу және газдандыру жұмыстары қарастырылуда. 2025 жылы Ғабит Мүсірепов атындағы мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының ғимаратына сараптама жүргізу жоспарланды.

2024 жыл қазақстандық музейлерді дамытуда маңызды кезең болды.

Қазақстанда 275 музей, соның ішінде республикалық және өңірлік музейлер, сондай-ақ 12 республикалық музей-қорық жұмыс істейді. Бұл музейлердің қорғауында 200-ден астам республикалық маңызы бар тарихи-мәдени ескерткіш бар.

Музейлер инфрақұрылымды белсенді дамытып, заманауи визит-орталықтар ашты. Атап айтсақ, Отырар, Ұлытау, Тамғалы, Сарайшықта бой көтерді. Қазіргі кезде Есік, Ордабасы, Сауран, Гаухар-ана, Бозоқ музей-қорықтарының аумағында визит-орталықтардың құрылысы жүріп жатыр. Музей-қорықтар аудиогид, сенсорлық экран секілді заманауи технологиялармен  қамтамасыз етілді, ал кейбір орталықтарда жоғары оқу орындарының филиалдары ашылды.

Сонымен қатар, бұл мәртебені Әбілхан Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер музейіне, Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік музейіне, Қазақстан Республикасының Ұлттық музейіне беру жоспарда бар.

2025 жылы Қазақстан Республикасының Ұлттық музейі «Қазақстан музейлерінің виртуалды желісі» атты бірыңғай порталын іске қосады. Бұл портал елдегі барлық музейлер туралы ақпарат алуға мүмкіндік береді. Пайдаланушылар мемлекеттік каталогқа енгізілген ұлттық мәдени мұра объектілерімен, сондай-ақ бірегей артефактілердің 3D үлгілерімен таныса алады.

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here