Сенат депутаты Амангелді Толамисов Мемлекет басшысының «Ana tili» газетіне берген сұхбатына орай Facebook әлеуметтік желісінде өз ойларын ортаға салды. Онда былай делінген:
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев екінші жыл қатарынан еліміздің қоғамдық-саяси өміріндегі айтулы оқиғаға айналып отырған бағдарламалық сұхбат пішімінде өткен жылды қорытындылауда. Мұндай пішім дамудың стратегиялық бағыттарын нақты белгілеуге, негізгі жетістіктер мен болашаққа арналған жоспарларды анықтауға мүмкіндік береді. Мұндай деңгейдегі сұхбат жұртшылыққа мемлекеттік саясаттың бағыты туралы нақты түсінік беріп қана қоймайды, сонымен қатар оның бірізділігі мен ашықтығына деген сенімді нығайтады, Президенттің ашық диалог қағидаттарына бейілділігін көрсетеді.
Мемлекет басшысының «Ана тілі» газетіне берген сұхбатындағы Қазақстан үшін өткен жыл несімен ерекше болды,- деген алғашқы сұраққа берген жауабы:
– Былтыр көптеген маңызды оқиға болды, қыруар жұмыс атқарылды. Мысалы, әбден тозығы жеткен инженерлік-коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту жұмыстары барлық аймақта жүргізілді. 18 миллион шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. 7 мың шақырым автокөлік жолы салынып, жөнделді. Алматы, Қызылорда және Шымкент әуежайларында жаңа жолаушылар терминалы іске қосылды. Тау-кен, мұнай-химия және металлургия салаларында ауқымды жобалар жүзеге асырылды. Қайта өңдеу секторы қарқынды дами бастады. Оның өнеркәсіптегі үлесі өндіру саласының деңгейіне жуықтады.
27 миллион тоннаға жуық астық жинап, соңғы он жылдағы рекордтық көрсеткішке қол жеткізген диқандарымыздың жетістігін айрықша атап өткен жөн.
Мен былтырғы сұхбатымда 2024 жыл Қазақстан үшін айрықша маңызды жыл болатынын айтқан едім. Шын мәнінде солай болып шықты.
Біз еліміз үшін күрделі болса да, жүйелі экономикалық реформаларды қолға алып, алдағы бес жылдық дамуымыздың берік негізін қаладық. Сол үшін көптеген маңызды жобалар мен бастамалар жүзеге асырылды. Келешекте бұдан да ауқымды жұмыс жасалмақ.
Қазақстан – әлеуметтік мемлекет. Сондықтан былтырдан бастап «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы аясында төлем беріле бастады. Зейнетақы, жәрдемақы, шәкіртақы және азаматтық сала қызметкерлерінің жалақысы көбейді. Еліміздің түкпір-түкпірінде жүздеген жаңа мектеп, балабақша және дене шынықтыру-сауықтыру орталықтары салынды. Шетелдің оннан астам беделді жоғары оқу орнының бөлімшесі ашылды. Ғылымды қаржыландыру көлемі арта түсті, мәдениет саласының қызметкерлеріне елеулі қолдау көрсетіліп жатыр. Бұқаралық спортты дамытуға баса мән берілді. Мұның бәрін азаматтардың жасампаздық әлеуетін арттыру үшін пайдалы инвестиция деуге болады.
Қазір әлемде бұрын-соңды болмаған аса күрделі геосаяси ахуал қалыптасып отыр. Соған қарамастан, Қазақстан бейбітшілік үшін диалог орнату жолында тиімді рөл атқаратын мемлекет ретінде халықаралық аренадағы позициясын күшейтті. Бұл жағдай еліміздің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және экономикамызды орнықты дамытуға септігін тигізеді.
Жалпы, өткен жыл оңай болған жоқ, тіпті күрделі жыл болды деуге келеді. Қазақстанға сыртқы факторлардың салқыны тиді, табиғат апаты да жоспарларымызға әсер етті. Алайда біз ахуалды бақылауда ұстап қана қоймай, жан-жақты реформаларымызды жалғастыра алдық. Осылайша, жасампаздық стратегиясы одан әрі жүзеге асырылып жатыр.