Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев Мемлекет басшысының «Ana tili» газетіне берген сұхбатына орай Facebook және Instagram әлеуметтік желілерінде өз ойларын ортаға салды. Онда былай делінген:
Бүгін «Ana tili» газетіне Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың көлемді сұхбаты жарияланды. Онда Мемлекет басшысы өткен жылы атқарылған жұмыстарды ой елегінен өткізіп, алдағы міндеттердің маңызына тоқталған.
Осы орайда Президентіміздің жыл басында баспасөзге сұхбат беріп, ел дамуының басым бағыттарын айқындап алу игі дәстүрге айналып келе жатқанын атап өткен жөн.
Биыл да Мемлекет басшысы теңге бағамынан бастап Қаңтар оқиғасына дейінгі қоғамда қызу талқыланған өзекті мәселелерге қатысты көптің көкейінде жүрген сауалдарға жауап берді. Бұл Президентіміздің ашықтық, диалог, әділеттілік қағидатына табан тіреген саясатының жарқын көрінісі екені анық.
Жалпы Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев айтқандай, былтыр кешенді бастамалар жалғасын тауып, еліміз елеулі нәтижелерге қол жеткізді. Инфрақұрылымды жаңғырту бағытында айтарлықтай жұмыс қолға алынды. Сондай-ақ 18 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді және 7 мың шақырым жол салынып, жөнделді. Алматы, Қызылорда және Шымкент әуежайларында жаңа терминал іске қосылды.
Өңдеу секторының өнеркәсіптегі үлесі өндіру саласының деңгейіне жуықтады. Диқандар 27 миллион тоннаға жуық астық жинап, соңғы жылдардағы рекордтық көрсеткіш тіркелді. Бұл Қазақстанның ауыл шаруашылығы саласындағы әлеуетін арттыра түскені сөзсіз.
Әлеуметтік мемлекет ретінде елімізде бұл бағытқа баса мән берілді. Осыған байланысты былтырдан бастап «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы аясында төлем беріліп келеді. Зейнетақы, жәрдемақы, шәкіртақы және азаматтық сала қызметкерлерінің жалақысы көбейді. Еліміздің түкпір-түкпірінде жүздеген жаңа мектеп, балабақша және шетелдің жетекші жоғары оқу орындарының бөлімшелері ашылды.
Соңғы жылдарда мемлекетіміздің экономикалық әлеуетін, егемендігін және халықаралық аренадағы орнын нығайту бағыттары бойынша ауқымды жұмыс атқарылғаны белгілі. Осы ретте барлық экономикалық реформа, ең алдымен, азаматтардың өмір сүру сапасын арттыруды көздейтінін айта кеткен абзал.
Сұхбатта кешенді реформаларды заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз ету мәселесі де сөз болған. Осыған байланысты былтыр әйелдердің құқығын қорғау, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, «Келешек» атты бірыңғай ерікті жинақтаушы жүйенің қызметін жүргізу, несие алып, қарызға батуға жол бермеу, есірткімен, лудоманиямен күрес және тағы басқа салаларға қатысты заңдар қабылданды.
Президентіміз осы жұмысты іске асыру жолында Парламент маңызды рөл атқарып келе жатқанын айтты. Бұл – біз үшін жоғары баға және зор жауапкершілік.
Мемлекет басшысы көктемгі су тасқыны мен Маңғыстау облысында болған ұшақ апатына да тоқталып, аталған сын-сағаттарда халқымыз ынтымақтың озық үлгісін көрсеткенін тілге тиек етті. Азаматтардың қоршаған ортаны қорғауға қатысты жауапкершілігін арттыра түскен жасампаз жоба «Таза Қазақстан» экологиялық акциясының маңызы да атап өтілді.
Президентіміз алдағы экономикалық жаңа реформалардың стратегиялық бағдарын да белгілеп берді. Соған сәйкес шикізаттық емес секторларды дамыту арқылы экономиканың өсімін қамтамасыз ету мемлекеттік саясаттың негізгі бағыты болмақ. Сол үшін өңдеу өнеркәсібін дамытуға, заманауи технологияларды енгізуге және экономиканы әртараптандыруға баса мән беріледі.
Тұрғын үй, жаңа жайлы мектептер мен медициналық нысандар салу арқылы әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту жұмысы жалғаса береді. Сондай-ақ биыл «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында еңбек адамының беделін көтеруге және еңбекқорлық, кәсібилік сияқты құндылықтарды дәріптеуге ерекше көңіл бөлінеді.
Сұхбатта халықаралық ынтымақтастықты одан әрі нығайтып Қазақстанның әлемдік аренадағы орта держава ретіндегі рөлін күшейту мәселелері де айтылды. Талғардағы қылмысты оқиға, бірыңғай сағаттық белдеу, мерзімінен бұрын сайлау мәселелері де назардан тыс қалған жоқ.
Президентіміз жас буынның белсенділігіне, олардың ел ертеңіне бейжай қарамай, барлық бастамаға үн қосып келе жатқанына назар аударып, өскелең ұрпақтың бойына дұрыс құндылықтарды сіңірудің маңызына да тоқталып өтті.
Жалпы, сұхбатта егемендігімізді нығайтуды және елімізді өркендетуді көздейтін басым бағыттар нақты белгіленді. Оларды іске асыруға әр қазақстандық атсалысып, елдік мүдде жолында бәріміз жұдырықтай жұмылуымыз керек. Сол кезде ғана заң мен тәртіп салтанат құрған, дамыған Әділетті Қазақстан қалыптастырамыз.