Бүгін, 3 қаңтарда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Ana tili» газетінде сұхбаты шықты. Сұхбат қоғамдық, идеологиялық бағытқа арналғаны аңғарылады. Сарапшылар айтқандай (Мысалы, Қазбек Майгелдинов), «Ana tili»-не шыққан сұхбатты бағдарламалық формат деп атасақ та қателеспейміз. Яғни, жыл басында Үкіметке, Парламентке, атқарушы билікке стратегиялық даму бағытын айқындап берді. Сол секілді қоғамды алаңдатқан мәселелер жөнінде өз пайымын жеткізді. Осылайша, қарапайым халыққа түсінікті тілде мемлекеттік саясаттың бағытын түсіндірді. Бірақ, Мемлекет басшысының «Мерзімді баспасөз маңызды ақпарат көзі болып қала береді» дегеніне және бүгінгі сұхбатты «Ana tili» газетіне бергеніне алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Себебі, газет-журналдардың бүгінгідей таралымы тарылып, оқымайтын елге айналмай тұрғанда, Президенттің ұлттық баспасөзге назар аударуы құптарлық.
Біріншіден, былтыр Президент «Egemen Qazaqstan» газетіне сұхбат берді. Демек, Қасым-Жомарт Кемелұлының бұл сұхбаты жаңа саяси дәстүрдің қалыптасып келе жатқанын көрсетеді. Өйткені, жыл басында өткен жылды қорытындылап, қоғамды мазалаған маңызды мәселелер туралы пікірін білдіреді.
Екіншіден, 2023 жылы Астанада ашылған Журналистер саябағындағы сәнді стеллада қазақ ұлттық баспасөзінің бағдары болған Ахмет Байтұрсынұлы мен тәуелсіз қазақ басылымдарының баhадүрі Шерағаңның бейнесі қатар орналасуы да ұлылардың ұлы жолының жалғастығын білдіреді. Оның үстіне стеллада киіз үй бейнесіндегі логотиптің жоғары жағында бейнеленуі – «Қазақ» газетінің ұлт басылымдарының атасы екенін аңғартады. Ештен кеш жақсы. Былтыр Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұйытқы болуымен «Қазақ» газеті тұңғыш жарыққа шыққан 2 ақпан – Ұлттық баспасөз күні болып белгіленді. Биыл бұл мерекені екінші рет атап өтеміз. Бұл «Қазақ» – сол «Қазақтың» заңды жалғасы. Өйткені, ата басылымның 105 жылдығында сол тұстағы ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы, қазіргі ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев: «Идеясы отаршыл империяның еркіне сай келмейтін «Қазақ» газеті түбінде жабылып, жұмысын тоқтатқанымен көрнекті жазушы Қоғабай Сәрсекеевтің ұйытқы болуымен Тәуелсіздікпен бірге түлеп, оқырмандарымен ұзақ жылдардан соң қайта табысты. Басылым өткен тарих пен бүгіннің арасын жалғаған алтын көпірге айналды», – деп арнайы құттықтау хатын жолдаған еді.
Иә, Мемлекет басшысының ұлттық басылымға сұхбат бергені де көп нәрседен хабар береді. Ұлттық басылымдардың маңызын түсінетінін және ұлттық журналистиканы қолдайтынының белгісі. Оның үстіне газетті басқа ақпарат құралдары алмастыра алмайды. Өзге салада істейтін әріптестеріміз ренжімесін, әрине, олардың да өз орны бар ғой. Бірақ, тасқа басылған жазуды қасиетті санайды. Сол жағынан ол құнды келеді. «Газеттің өзі бір күндік, сөзі мың күндік» деген мақал тегінен-тегін айтылмаса керек.
Жасұлан МӘУЛЕНҰЛЫ,
«Қазақ» газетінің қазіргі бас редакторы,
Ақпарат саласының үздігі