Дональд Трамп Панама каналын қайтарып, Гренландияны сатып алмақ. Қайта сайланған президенттің көксегені не?

0
590

2024 жылдың соңында Дональд Трамп президенттік қызметке кіріспей жатып-ақ, әлем назарын өзіне аударды. Алдымен, Truth Social әлеуметтік желісінде Панама каналы АҚШ-тың «өмірлік маңызы бар ұлттық байлығы» деп жазып, емеурін білдірді. Одан бөлек: «Ұлттық қауіпсіздікті нығайтып, әлемде бейбітшілікті сақтау мақсатында АҚШ Гренландияны өз бақылауына алуға мүдделі», – деді 2019 жылғы мәлімдемесін қайталап. Ал, Аризонада өткен консерваторлардың конференциясында Панама арқылы өтетін америкалық кемелерге бекітілген баж салығының тым жоғары екеніне шағымданды. «Панама бекіткен салық мөлшері өте әділетсіз. Елімізді ашықтан-ашық тонау. Біз мұны түбегейлі тоқтататын боламыз», – деп мәлімдеді. Каналға ҚХР-ның ықпал етіп отырғанын алға тартып, АҚШ-тың стратегиялық нысанды қайтарып алуға хақысы бар екенін еске салды. Өз кезегінде Дания үкіметі жер сатылмайтынын, ал Панама президенті Хосе Рауль Мулино да Трамптың айыбын жоққа шығарып, қыр көрсетті. Атышулы мәлімдемеден соң, Дания аралдағы әскери қорғанысын күшейтті. Гренландия премьері Муте Эгеде Копенгагеннен егемендік беруді талап етті.

АҚШ-тың Панама каналын қайтарып алуға құқы бар ма, Трамп Гренландияны сатып алуға неге құштар? Ғасыр тарихы бар «Qazaq» газеті даулы тақырыптардың себебіне үңіледі.

АЗАМАТ СОҒЫСЫ МЕН ТАРИХИ МҮМКІНДІК

1999 жылдың 31 желтоқсанында Орталық Америка халқы күнтізбе жүзінде ғана емес, тарихи-саяси, экономикалық тұрғыдан да жаңа дәуірге қадам басты. Панама каналындағы байрақ бағанасынан АҚШ-ның туы төмен түсіріліп, Панама республикасының туы салтанатпен көтерілді. Ел тұрғындары бұл оқиғаны ерекше қуанышпен атап өтті. Тұтас бір дәуірдің аяқталғанын айғақтайтын мереке символдық мәнге ие еді. Мемлекеттік ту көптеген жылдарға созылған күрестің, саяси интригалардың, наразылыққа қатысқан бірнеше адамның жан беруінің арқасында желбіреді. Бірнеше жыл бойы канал әкімшілігін басқарған Альберто Алеман Субиета Би-би-сиге берген сұхбатында: «Панама халқының реакциясы өте әсерлі болды», – деп еске алады. Ширек ғасыр өткен соң, жабулы қазанның қақпағы қайта ашылып, әлемдік БАҚ-та каналдың қай елге тиесілі жөніндегі жарыссөздер бұрқ-сарқ қайнады. Бұған әрине, жоғарыда айтқанымыздай, қайта сайланған президент Дональд Трамптың атышулы мәлімдемесі түрткі болды. Ол өз ойын шегелеп: «Панама каналын АҚШ-қа тезірек, артық сұрақтарсыз, толықтай қайтаруын талап етеміз», – деді. Хосе Рауль Мулино да қарап қалмай, әлеуметтік желісінде: «Каналдың әрбір шаршы метрі Панамаға тиесілі», – деп үзілді-кесілді қарсылық танытты. Әйгілі су арнасына қос елдің де таласы бары хақ. Панама үкіметі мен Вашингтонның риторикасын түсіну үшін каналдың тарихына шолу жасағанымыз абзал.

Тынық мұхиты мен Атлант мұхиты байланыстыратын канал салу идеясы ХVI ғасырдан бері еуропалық қоныстанушылардың көкейтесті арманы еді. Ол тұста Атлант мұхитынан Тынық мұхитына бару үшін кемелер Оңтүстік Американың оңтүстік қиырындағы Магеллан бұғазы арқылы сапар шегетін. Бұл бағыт өте ұзақ әрі қауіп-қатерге толы болатын. Горн мүйісінің құбылмалы ауа райы теңізшілерге жиі қаһарын төкті.

ХІХ ғасырдың соңында Панама мойнағы арқылы канал салуға алғашқы талпыныс жасалды. Бұл аймақ сол уақытта Колумбияға тиесілі саналатын. Богота үкіметі жоба жетекшілігіне француз инженері Фердинанд де Лессепсті тағайындады. Әйгілі Суэц каналын ойдағыдай салған Лессепстің қос мұхитты жалғай аларына ешкім күмәнданған жоқ. Әйтсе де, әйгілі инженердің мол тәжірибесі мен білім-білігі Орталық Америкаға жерсінбеді. Құрылысқа Африкадан әкелінген құлдар жегілді. Аймақтағы жаңбырлы маусымның салдарынан логистика қиындап, зәңгілердің арасында аурулар өршіді. Салдарынан жоба банкротқа ұшырады. Дәл осы сәтте АҚШ билігі теңіз жолына қызығушылық таныта бастады. Ол кезде Колумбияда мыңдаған адамның өмірін жалмаған азамат соғысы аяқталып, елдегі саяси шиеленіс шарықтау шегіне жеткен болатын. Сол уақытта Куба мен Пуэрто-Риконың билігін өз бақылауына алған АҚШ геосаяси ықпалын арттырған, әлемдік державаға айналып үлгерген еді. Колумбияның ішкі дағдарысын пайдасына жаратып, есебін түгендеп алудың орайын тапты. Вашингтон Колумбия билігіне 40 миллион доллар төлеп, канал құрылысына концессия сатып алуды көкседі. Аталмыш ұсыныс негізінде, екі ел арасында Хея-Эррана шарты жасалып, концессияның жаңа тармақтары бекітілді. Қос тараптың бітімге келуі оңайға соқпады. 1903 жылдың 5 тамызында Колумбия үкіметі америкалықтардың ұсынысынан бас тартты. Оған қоса, өздерінің ішкі ісіне киліккен Ақ үйдің әрекетін сын садағына алды.

Колумбияның отары болып келген Панама 1903 жылдың 3 қарашасында егемендігін жариялады. Боготаның қарсылығына пысқырып та қарамады, батасын алуға да құлық танытпады. Ақ үй басшылары егер Колумбия Панаманы күш қолдану арқылы бағындыруға тырысса, жас мемлекеттің жыртысын жыртуға әзір екендіктерін ашық мәлімдеді. Қуатты елдің доң айбатынан сескенген Богата билігі Панаманың тәуелсіздігін мойындауға мәжбүр болды. Сепаратистерді қолдау арқылы ойын ережесін өзгерту оңтайлы шешім екендігі сөзсіз. Тарихшы Марикса Лассо: «АҚШ өз мүддесіне тиімді келісімді Колумбиясыз жасау мүмкіндігін ұтымды пайдаланды», – деді ағынан жарыла.

АЛҒАШҚЫ ҚАҚТЫҒЫС

Панама егемендігін жариялағаннан кейін Хей-Бюно-Варилья атты екіжақты жаңа келісім жасалды. Шартқа сәйкес, Вашингтон Панаманың тәуелсіздігін қызғыштай қоруға кепілдік берді. Өз кезегінде Панама үкіметі канал құрылысын салуға құқығын АҚШ-қа еншіледі. Сондай-ақ, Вашингтон канал аймағына бақылау орнату құзіретіне ие болды. Бұл дегеніміз стратегиялық су арнасының екі шетіндегі сегіз шақырымға созылатын ұзын жолақты қамтиды. Шаңыраған енді көтерген елге 10 млн доллар өтемақы төленіп, қос тарап риза көңілмен тарқасқан еді.

1913 жылы канал құрылысы аяқталып, жаңа маршруттың тұсауын «Анкон» сауда кемесіне кестіріп, сүйіншіледі. Каналдың ашылуы әлемдік сауда қатынасында символдық мәнге ие болды. Нысан ресми түрде 1914 жылы пайдалануға берілді. Алайда, елдің қақ жарылуынан туындайтын шиеленіс көп күттірмеді. Канал республика тұрғындарын географиялық қана емес, саяси-әлеуметтік тұрғыдан да жікке бөлді. Стратегиялық аймақта мыңдаған америкалық отбасы қоныс тепті. Олар негізінен канал жұмысшылары болатын. Сөйтсе де, Панама заңына бағынбай, өз ережелерімен өмір сүрді. Тіпті, жергілікті халыққа арнайы рұқсатсыз канал аумағына кіруге тыйым салды. АҚШ азаматтары панамалықтармен қандай да бір байланыс орнатпады. Үй ішінен үй тіккен келімсектер шаңырақ иелеріне қырын қарады. Бұл жағдай жергілікті тұрғындардың наразылығын күшейтіп, көшелерде қарсылық акциялары үдеді. Шерушілер АҚШ-тың елден кетуін және Панама каналын ұлттық меншікке қайтаруын талап ете бастады. 1958 жылы университет студенттері «Егемендік» атты бейбіт операция ұйымдастырды. АҚШ-қа тиесілі аумаққа андағайлап кіріп, 75 панама туын тікті. Өз елдерінің құқығын қорғауды, құрметтеуді талап етті. «Егемендік» қозғалысының жетекшілерінің бірі Рикардо Торрес 2019 жылы Би-би-сиге берген сұхбатында наразылық акциясын былайша еске алады: «Бұл жерге панамалықтардың кіруіне тыйым салынғанын айтатын. Ал, біз сол күні бұдан енді қорықпаймыз деп жауап бердік. Еліміздегі шектен шыққан отаршылдыққа нүкте қоятын жаңа шарт жасағымыз келді».

Мұхитаралық жолды Панаманың бақылауына беруге ықпал еткен тағы бір елеулі оқиға 1959 жылдың наурызында орын алды. Ұлт-азаттық сипаттағы патриоттық марш ұйымдастырылды. Белсенді азаматтар отандастарын межелі күні қолдарына ұлттық ту алып, Канал аймағына кіруге үндеді. Бастапқыда шеру тыныш өтті. Адам қарасы мол болса да, стратегиялық нысанға кіруге тағы да рұқсат берілмеді. Ұзамай демонстранттар мен полиция арасында қақтығыс басталды. Салдарынан ондаған адам жарақат алды. Осы оқиғадан соң, панамалықтардың ұранына айналған қанатты сөз кеңінен таралды: «Ту көтерсең, егемендікке қол жеткізесің!».

ШЕЙІТТЕР КҮНІ

Наразылық акциялары жаңа шарт жасалғанша толастамады. Ақыр соңында, 1962 жылы Панама көшбасшысы Роберто Кьяри мен АҚШ президенті Джон Ф. Кеннеди келісімге қол қойды. Құжатқа сәйкес, канал аймағындағы азаматтық аудандарда екі елдің туы қатар тігілуі міндеттелді. 1964 жылдың 1 қаңтарында құжат күшіне еніп, жергілікті халықтың талап-тілегі орындалуы қажет еді. Бірақ, канал аумағында тұратын АҚШ азаматтары губернатордың бұйрығын елемей, Панама туын көтеруден бас тартты. 9 қаңтарда Панама ұлттық институтының ондаған студенті оқу орнында желбіреген мемлекеттік туды алып, суыт аттанды. Олар АҚШ бақылауындағы Бальбоа орта мектебінің ғимаратына барып, туды ілуді талап етті. Америкалық полицейлер алдарынан шығып, жолдарын кес-кестей берді. Сөзбен шарпысудан қайран болмасын түсінген қос тарап мәселені күшпен шешпекке бекінді. Қанды қасапта 20-дан аса студент қаза тауып, жүздеген адам жарақат алды. Панама туы жығылып, аяққа тапталды. Азалы оқиға Панама тарихына «Шейіттер күні» деген атпен енді.

Жат жерліктердің озбырлығына жауап ретінде ел президенті Роберто Кьяри Вашингтонмен барлық дипломатиялық байланыстарды үзді. Ол екі ел арасында жаңа келісімшарт жасалмайынша, жылы қабақ танытпайтынын мәлімдеді. Көптеген сарапшылардың пікірінше, Кьяридің шешімі Панама каналын елге қайтаруда үлкен рөл ойнады. Бірақ, әділетті бітім тек 37 жылдан кейін ғана орнады.

ТОРРИХОС ПЕН КАРТЕРДІҢ МӘМІЛЕСІ НЕМЕСЕ АҚ ТҮЙЕНІҢ ҚАРНЫ ЖАРЫЛҒАН КҮН

Қаралы қаңтардан соң, 1964 жылдың 3 сәуірінде АҚШ пен Панама арасында тартысқа толы, күрделі келіссөздер басталды. Бірақ, даулы мәселенің нүктесін қою үшін тағы 10 жыл қажет болды. Тек 1974 жылы ғана АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Генри Киссинджер (президент Никсонның мақұлдауымен) Панама сыртқы істер министрі Хуан Антонио Такпен бірлескен декларацияға қол қою мүмкіндігі туды. Бұл келісім Панама каналын ұлттық меншікке қайтаруға жасалған алғышарт болды. Келіссөз барысында Панама билігінің алдында АҚШ-тың мүддесін көздейтін бұрынғы Хея-Бюно-Варилья келісімшартының тармақтарын өзгерту міндеті тұрды. Дипломаттар АҚШ-тың каналдың бір бөлігіне бақылау орнату хақысын алып тастауға күш салды.

1977 жылдың 7 қыркүйегінде АҚШ президенті Джимми Картер мен Панаманың Ұлттық гвардиясының басшысы Омар Торрихос ресми келісімге қол қойды. Олар стратегиялық аймақ толықтай Панаманың басқаруына өтетінін және каналдың 1999 жылдың 31 желтоқсанында қайтарылатынына уағдаласты. Президент Картер каналды панамалықтарға қайтару арқылы «АҚШ-тың қуатты, алып держава бола тұра шағын елдермен де әділ келіссөз жүргізе алатынын дәлелдеді», – деп мәлімдеді.

1999 жылдың соңғы күнінде Панама каналын қайтару рәсіміне арналған шараға әлемнің көптеген елдерінің делегациясы қатысты. Олардың арасында АҚШ-тың бұрынғы президенті Джимми Картер де құрметті қонақ болды. Панама-Ситидің әр ауданында каналды табыстау сәтіне қанша уақыт қалғанын көрсететін сағаттары бар үлкен лед экрандар орнатылды. Ел президенті Мирейя Москосо канал әкімшілігінің ғимаратының үстіне Панама туын салтанатты түрде көтерді. Ол: «Канал панамалықтардікі! Панама ақыры толық егемендік алды!», –деді кеудесін мақтаныш кернеп.

ТРАМПТЫҢ УӘЖІ ОРЫНДЫ МА?

Конференцияда республикант: «Америка Құрама Штаттары Панама каналын жиі пайдаланатын алпауыт. Барлық транзитті жүк тасымалының 72 пайызы АҚШ портына жөнелтіледі. Бұл канал 110 жыл бұрын кәсіптік мақсатта АҚШ-тың қолдауымен тұрғызылған. Құрылысқа шамамен 1,2 триллион доллар жұмсалды. Бұл өте үлкен шығын», – деп Вашингтон үкіметінің су жолына қосқан өлшеусіз үлесін еске салып. 1977 жылы жасалған келісімшарттың экономикалық тұрғыда өте тиімсіз болғанын ашына айтты. Дональд Трамп Джимми Картерге деген өкпе-ренішін де жасырмады. Ол: «Президент Джимми Картер каналды ойланбастан бір долларға, иә, бір-ақ долларға бере салды. Ол билікте болған кезде каналды Қытай емес, басқа емес Панама ғана басқару керек еді», – деді. Трамп Панама билігі АҚШ кемелеріне салынатын баж салығының мөлшерін арзандатпаса әрі қытай сарбаздарын шығармаса «каналды АҚШ бақылауына қайтарып аламын» деп сес көрсетуде. Әйтсе де, президент Хосе Рауль Мулино оның айыптауларын жоққа шығарудан танар емес. Панама көшбасшысы: «Трамптікі бос сөз. Каналда бірде-бір қытайлық сарбаз жоқ. Біз Қытаймен екі елдің мүддесі үшін жақсы қарым-қатынас жасауды қолдаймыз. Мен АҚШ үкіметімен әлі анықталмаған қадамды жасау үшін 20 қаңтарды күтемін. Өйткені, дәл қазір Трамп мырза президент емес. Қолында билік жоқ. Ол не айтса да, мен оны қабылдай алмаймын. Соңына дейін анықтаймын», – деп қысқа қайырды.

ГРЕНЛАНДИЯ ПАНАМАНЫҢ ТАҒДЫРЫН ҚАЙТАЛАЙ МА?

2024 жылдың 22 желтоқсанында Трамп өз парақшасында Швециядағы АҚШ-тың бұрынғы елшісі Кен Хоуриді Копенгагенге елші етіп тағайындайтынын жариялады. Пост соңында тағы да Гренландия жайлы сөз қозғады. Онда: «Ұлттық қауіпсіздікті нығайтып, әлемде бейбітшілік сақтау үшін АҚШ Гренландияны өз бақылауына алуға мүдделі», – деп пікір білдірді. Гренландия премьер-министрі Муте Эгеде: «Гренландия – біздікі. Біз сатылмаймыз және ешқашан сатпаймыз. Азаттық жолында ұзаққа созылған күресте шалыс басуға хақымыз жоқ», – деп пікір білдірді.

Дональд Трамп бұған дейін 2019 жылы 8 тамызда Гренландияны сатып алу жайлы ұсыныс жасаған болатын. Алайда, жер сатудан Дания үкіметі де Гренландия басшылығы да ат-тонын ала қашты. Президенттің ұсынысын тіпті АҚШ конгрессі де мақұлдамаған болатын. Бұл жайында 6 жыл бұрын «Дональд Трампқа Гренландия не үшін қажет болды?» мақаламызда егжей-тегжейлі тарқатқан едік. Содан бері республиканттың Гренландиядағы мүддесі өзектілігін жоғалтқан жоқ. Қысқаша айтар болсақ, біріншіден, Гренландия АҚШ үшін стратегиялық маңызға ие. Арал Солтүстік Америка мен кәрі құрлықтың арасында орналасқан. Бұл Вашингтонға Солтүстік мұзды мұхиттағы әскери ықпалын арттыруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, мұнда АҚШ-тың Пайтуфик әскери базасы орын тепкенін ұмытпауымыз қажет. Екіншіден, Гренландия табиғи ресурстарға бай өлке. Жер қыртысы мұнайға, газға, бағалы минералдарға толы. Шикізат қоры ел экономикасына серпін беруге септігін тигізері айтпаса да түсінікті.

Дональд Трампқа Гренландия не үшін қажет болды?

Трамптың аралға қатысты мәлімдемесі ақылға қонымсыз көрінсе де, тарихи цикл қайта айналып келуі ықтимал. Гренландия Дания корольдігінің автономды аумағы болып табылады. Жоғарыда баяндағанымыздай, өткен ғасырда Колумбиямен мәмілеге келе алмаған АҚШ үкіметі Панамаға егемендік алып беру арқылы мақсатына жеткен еді. Яғни, екеуі де отарланған аймақ санатында. Биылғы жылдың 3 қаңтарында Гренландия премьер-министрі Муте Эгеде: «Біз өз болашағымызды өзіміз айқындауымыз керек. Қай елмен ынтымақтастық орнатамыз, қай елмен сауда жасайтынымызды өзіміз шешкен абзал. Сыртқы саясатымызды Данияның кесіп-пішуімен жүргізе беру мүмкін емес», – деп егемендік алу жайлы сөз қозғады. Панама оқиғасының желісіне салсақ, Трамп пен Эгеденің тәуелсіздік жайында астыртын сөз байласулары да кәдік. Гренландия Даниядан именбестен егемендік декларациясына қол қойып, демократияны желеу еткен АҚШ билігі корольдікке ультиматум қоюы әбден мүмкін. Дегенмен, Панама сценарийі қайталанатынына кепілдік жоқ. Тіпті, күдікті сейілтер себептер де жеткілікті. Біріншіден, қазіргі Дания корольдігінде байырғы Колумбиядағыдай азамат соғысы тұтанып, ел шаңырағы шайқала қойған жоқ. Екіншіден, Гренландия егемендік алған күннің өзінде АҚШ-қа кіріптар бола қоймайды. Табиғи ресурстарға бай әрі сауда жолының торабында орналасқан. Демек, Трампқа бір ғана жол қалады. Ол Дания, Гренландия үкіметтерімен өзара ынтымақтаса отырып қана аймақтағы АҚШ-тың мүддесін нығайта алады.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

 Трамптың реваншистік мазмұнға толы мәлімдемелері сайлаушыларының құлағына майдай жаққанымен, жүзеге асуы екіталай. АҚШ-та авториторлық жүйе салтанат құрғанда 47 президенттің амбициясынан қауіптенуге болар еді. Өлімнің көзіне тік қараған адуынды қартты тізгіндейтін конгрестің барын ұмытпайық.

Фараби СӘЙКЕНОВ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here