Бүкіл Қазақстан халқына, «Қазақ» газеті оқырмандарына ұлы жазушы Мұхтар Мұқанұлы Мағауиннің ауыр науқастан кейін дүниеден өткенін құлақтандыра отырып, оның бала-шағасы мен ағайын-туыстарына, дос-жарандарына шын жүрегімізден көңіл айтамыз.
Мұхаң қазақ елінің мақтанышы, маңдайындағы жұлдызы, ары мен намысы, шындығының шырақшысы әрі жаршысы мен ақ тілекшісі еді.
Мұхтардың бір өзі біртұтас архив, бір университет, бір ғылыми орталық. Оның арқалаған жүгі ауыр, атқарған ісі орасан болды.
Мұхаң еліміздің тарихы мен әдебиетінің теңдессіз тамыршысы, терең шежірешісі, әділ қазысы. Сөз зергері, қазынасы мен қоры, тіл сақшысы еді.
Мұхтар Шыңғыс ханды сансыз еуропалық жапсырмалардан аршып алып, көшпенділер платформасында жаңаша зерттеген шығыстың тұңғыш жазушы-этнографы. Ол «Алтын ордасында» Дунай мен Еділ арасында 800 жыл бұрын билік құрған түрік нәсілді халықтар екенін тарихи фактілермен таңбалап кетті.
Мұхтар Мағауин алыс Америкада жерленетін болыпты. Өз өсиеті солай. Бірақ, бүкіл ар-ожданымен, шын ықыласымен өмірін қазақ халқына арнады. Оның рухы өзінің ұлы даласының аспанында қалықтайтын болады. Бұған артына қалдырған 26 том классикалық шығармаларын айтпағанда, «Ұлтсыздану ұраны», «Қазақсыз Қазақстан», «Қан төгілді!..», «Жармақ» секілді дүниелері дәлел.
Біздің достық, рухани жақындығымыз ерекше еді. Өткен жазда Түрік елінің Кемерінде, жазушы інім Қайсар Әлім мен балаларымды ала барып, бір жеті әңгіме-дүкен құрған едік. Мұхаңды соңғы көруге бізді құдай айдап апарған екен. Сонда жүдеулеу көрінген. Екінші ақпанда 85-ке келетін еді. Екі жерде (АҚШ, Түркия) тойламақ болғанбыз. Жете алмады. Қош, аяулы Мұқа. Алла иман беріп, алыс елдің топырағын торқа қылсын.
Сәбит Байзақов,
ҚР ҰҒА академигі.
Қайсар Әлім,
жазушы.