Алматы облысында Кеңес Одағының Батыры, Халық Қаһарманы, Армия Генералы Сағадат Нұрмағамбетов атындағы спорт клубының джитсерлерін марапаттау кеші өтті. Салтанатты шара Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығына орайластыра өткізілді.
Іс-шараны Ардагерлер кеңесі жанындағы «Алатау жастары» жастар бірлестігімен бірлесіп «Sagadat Batyr – QTT» спорт клубы ұйымдастырды. Кеш барысында Әбу-Дабиде өткен джиу-джитсудан әлем чемпионатында жақсы нәтиже көрсеткен клуб тәлімгерлерін марапаттауға ерекше назар аударылды.
Үздік балуандар мен джитсерлер Бауыржан Момышұлы, Қасым Қайсенов, Мәлік Ғабдуллин, Рақымжан Қошқарбаев, Әлия Молдағұлова, Мәншүк Мәметова және Хиуаз Доспанова сияқты Ұлы Отан соғысының батырларының құрметіне тағайындалған арнайы марапаттарға ие болды.
Салтанатты шараның алғысөзін Алматы облыстық Ардагерлер кеңесінің төрағасы, «Sagadat Batyr – QTT» спорт клубының президенті Ерболат Тұрымбетов айтты. Ол 2024 жыл команда үшін сәтті әрі табысты болғанын атап өтті: клуб спортшылары халықаралық алаңда айтарлықтай жетістіктерге жетіп, көптеген жарыстардың, соның ішінде әлем чемпионатының жүлдегерлері атанды. Сондай-ақ, Ерболат Тұрымбетов Сағадат Нұрмағамбетовтың 100 жылдығына орай тарихи тұлғаның атымен аталатын клуб ауқымды турнир ұйымдастырғанын еске салды.
«Sagadat Batyr – QTT» спорт клубының президенті өз сөзінде Ұлы Отан соғысы батырларының ерліктерін насихаттауға бағытталған бұл іс-шараның маңыздылығына да тоқталды. Ол биыл Қазақстан Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығын кеңінен атап өтетінін айтып, клуб тәлімгерлерінің ата-аналарына сенім мен қолдаулары үшін алғысын білдірді. Ерболат Тұрымбетовтың айтуынша, балаларды Отанға деген сүйіспеншілік пен патриотизмге баулуда ата-аналардың орны ерекше, ал бұл өз елінің нағыз азаматтарын тәрбиелеуде маңызды рөл атқарады.
Салтанатты кеш барысында Ерболат Тұрымбетов жыл ішінде жарқын жеңістерге жеткен джистерлер Асадулла Батырбек, Бек-Батыр Медетұлы, Заид Алмас және Дэвид Николаенкоға Бауыржан Момышұлы атындағы марапатты табыстады.
Іс-шараға арнайы қатысқан Алматы облысының Мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Данияр Алиев «Sagadat Batyr – QTT» спорт клубының болашағы зор екенін айтып, барлық спортшыларға алдағы сайыстарда сәттілік тіледі. Кеш барысында басқарма басшысының қолынан Әли Дамысұлы, Батыр Батырбек, Арсен Закария және Әлисұлтан Берік Қасым Қайсенов атындағы марапатты алды.
Ал Рахымжан Қошқарбаев атындағы марапатқа Дидар Ханқожа, Аңсар Сағынов және Радмир Николаенко ие болды. Ал Хиуаз Доспанова, Әлия Молдағұлова және Мәншүк Мәметова атындағы марапаттар Лашын Нұрмағанбет, Мәриям Қайырхан, Латифа Алмас, Ясмин Берікжанова, Жұмаш Батырбек, Биназир Алмас, Амира Қайырхан, Жасмин Балабекова және Томирис Қайырханға берілді.
«Sagadat Batyr – QTT» спорт клубының бас бапкері, Алматы облысы мәслихатының депутаты, «Алатау жастары» жастар бірлестігінің төрағасы Нұрсұлтан Орынбасаров осы жылы Ұлы Жеңістің 80 жылдығын қоса алғанда Қазақстан үшін бірқатар маңызды оқиғалар болатынын атап өтті.
– Өздеріңіз білетіндей, Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығы осы жылдың күнтізбесіндегі басты оқиғалардың бірі болатынын мәлімдеді. Біз іс-шарамызды дәл осы айтулы күнге орайластыруды ұйғардық. Өйткені, біздің клубтың басты міндеттерінің бірі – жастардың бойында патриотизмді тәрбиелеу және Отанға деген сүйіспеншілікті ояту. Бұл кеште біздің 25 спортшымыз батырлардың құрметіне аталған арнайы марапаттар алды. Өскелең ұрпақ Бауыржан Момышұлы (туғанына 115 жыл), Мәлік Ғабдуллин (110 жыл), Әлия Молдағұлова (100 жыл) сияқты тұлғаларды білуі және жадында сақтауы тиіс. Айтылған марапаттар арқылы біз батырларымызды танымал етуге және жастарды жаңа бастамаларға шабыттандыруға тырысамыз, – деді Нұрсұлтан Орынбасаров.