Міржақып мерейтойы: 140 жылдыққа 140 іс-шара бекітілді

0
42
Суретті түсірген – Бердіболат Көркембаев

Қазақтың аса көрнекті ағартушысы, қоғам қайраткері, ақын, жазушы, жалынды көсемсөз шебері Міржақып Дулатұлының 140 жылдық мерейтойын мерекелеуге орайластырылған ауқымды іс-шаралар өткізу жоспарлануда. Оған қатысты өңірлік іс-шаралар жоспары әзірленіп, 140 жылдыққа орай 140 іс-шара енгізілді. Мерейтой барысында облыс көлемінде әр түрлі форматта мәдени жиындар өткізілетін болады. Бұл туралы облыстық әкімдікте өткен жиналыста облыстық мәдениет басқармасының басшысы Құралбек Атамұратов айтып берді.

«Негізгі той қарсаңында республикалық деңгейде форум, ақындар айтысы, жыр-терме орындаушылар байқауы, гала концерт, ақындар мүшәйрасы, ашық аспан астындағы театрландырылған қойылым қою жоспарда бар. Қазірдің өзінде инфрақұрылымдық нысандарды дайындау жұмыстары басталды», – деді басқарма басшысы.

Биыл Бидайық ауылындағы Міржақып Дулатұлы мұражайына ағымдағы жөндеу өткізу үшін 21,7 млн теңге және реэкспозиция жасау үшін 25 млн теңге қаржы бөлінген. Бұдан басқа Торғай ауылындағы Шақшақ Жәнібек музейіне де ағымдағы жөндеу жұмыстарына 45 млн теңге бөлінген. Сондай-ақ, Бидайық ауылындағы Міржақып Дулатұлы, Ақкөл ауылындағы Ахмет Байтұрсынұлы музей-үйлеріне, Торғайдағы Жанкелдин мұражайлар кешеніне қосымша штат бөлінген. Бұл көптен айтылып жүрген мәселе болатын.

«Биыл біз еліміз үшін маңызды оқиға Міржақып Дулатұлының 140 жылдығын жоғары деңгейде атап өтуіміз керек. Оған жоспарланған барлық бастама уақытылы аяқталуы қажет», – деді облыс әкімі Құмар Ақсақалов.

Айтолқын АЙҚАДАМОВА,
kostanaytany.kz

Қостанай қаласы

РЕДАКЦИЯДАН:

«Қазақ» газеті жарық көре бастағаннан бастап оның бас редакторы Ахмет Байтұрсынұлының орынбасары қызметінде Міржақып Дулатұлы болды. Тарихшы Мәмбет Қойгелдиевтің пікірінше, сол кездері көпшілікке танымал болған «Қазақ» газетін Міржақып Дулатұлының қарымды қаламын, көксемсер сөзін, жалынды публицистикасын елестету мүмкін емес. Ұлт ұстазы өз еңбектерінде ол туралы: «Міржақып өте жылдам жазған және өте өткір тақырыпқа жазған. «Қазақ» газеті сондай сапада, сондай биіктіктен көрінуіне, меніңше, бірден-бір Міржақып Дулатұлына қарыздар. Жалпы Міржақып Дулатұлы – қазақ журналистикасын жаңа сапаға көтерген адам», – деген пікір айтыпты. Сөйтіп, әйел теңсіздігін жоқтаған, өз заманындағы озбырларды әшкерелеген Алаш ардақтысы 1935 жылы 5 қазанда Сосновец теміржол станциясындағы жазалау лагерінде ауыр науқастан көз жұмады. Өмірден өтсе де, Міржақып Дулатұлының рухқа толы жалынды жырлары ел есінде мәңгіге жаңғыра бермек.

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here