ҚР Президентінің жанындағы ҚР Ұлттық ғылым академиясының Жас ғалымдар кеңесі Президиумының 2025 жылға бірінші кеңейтілген отырысы ағымдағы жылдың 20 қаңтарында Астана қаласында «AMANAT» партиясының орталық аппараты ғимаратында өтті. Жиынға ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Аманат» партиясы фракциясының жетекшісі Елнұр Бейсенбаев, ҚР Ғылым және жоғары білім вице-министрі Дархан Ахмед-Заки және Президиум мүшелері қатысты.
Отырыстың күн тәртібінде бірнеше мәселелер қарастырылды:
- Жас ғалымдар кеңесі Президиумының жаңартылған құрамы таныстырылды.
- Жас ғалымдар кеңесі Президиумы Төрағасы және орынбасары сайланды.
- «Ғылым және технологиялық саясат туралы» Қазақстан Республикасы Заңына өзгерістер және толықтыруларға ұсыныстар жасалды.
Жас ғалымдар кеңесі Президиумның екінші құрамы 31 мүшеден тұрады, оның 18-і бұрын Кеңес Президиумының мүшелері болған. Осылайша, Ғылым академиясы президиум құрамының жартысына жуығын (50%) ротациялады. Сонымен қатар, Кеңестің 2025 жылға арналған жұмыс жоспары мен бірнеше Ережелер бекітілді. Президиум мүшелерімен төмендегі сілтеме бойынша танысуға болады:
https://qazscience.gov.kz/council-of-young-scientists/presidium-council-young-scientists/
Кеңес төрағасы кеңес мүшелерінің бір ауыздан қолдауымен Ұлттық биотехнология орталығының Адам генетикасы зертханасының меңгерушісі, Ұлттық құрылтай мүшесі, PhD Мақсат Жабағин сайланды. Төрағаның ұсынысы бойынша бірауыздан төраға орынбасары Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің қауымдастырылған профессоры, PhD Шахислам Ұзақбайұлы сайланды.
«Ғылым және технологиялық саясат туралы» Қазақстан Республикасы Заңына өзгерістер және толықтырулар бойынша жас ғалымдар тарапынан бірнеше ұсыныстар жасалды:
- «Ғылым және технологиялық саясат» туралы заңға «Ғалым мәртебесін» бекіту, «Жас ғалым» мағынасын айқындау;
- Ғылымдағы академиялық еркіндік;
- Академиялық адалдық және этика нормасы;
- Ғалымдардың әлеуметтік, құқықтық статусы.
- ҚР Президентінің жанындағы ҚР Ұлттық ғылым академиясына «Жоғары ғылыми ұйым» ерекше мәртебесін бекіту. Осы мақсатта Заңның 11-бабына жоғары ғылыми ұйым тұрғысынан нақтылау ұсынылады;
- Академия дербестігін (автономды) қамтамасыз ету. Осыған байланысты Академияны елдегі бірден-бір тәуелсіз автономды (құқықтық, қаржылық) ұйым ретінде орнықтыру. Осы мақсатта Ұлттық ғылым академиясына қатысты өкілеттіктерді өзгерте отырып, қолданыстағы Заңдағы Ғылым және жоғары білім министрлігінің құзыретін қайта қарау ұсынылады;
- Академияны ғылыми қызметті басқару жүйесіне интеграциялау. Осы мақсатта Заңның 18-бабын толықтыру ұсынылады;
- Академияны елдегі ғалымдар мен ғылыми қызметкерлердің құқықтары мен заңды мүдделерін білдіру мен қорғаудың бірден-бір кепілгер ұйымы ретінде бекіту;
- ҚР ҰҒА толық мүшелерінің (академиктердің) бес жылдық ғылыми бағдарламасын орындау үшін республикалық бюджеттен арнайы қаржы көзін енгізу;
- Академия жанынан жұмыс істейтін арнайы лауазымды тұлға – ғалымдар мен ғылыми қызметкерлердің құқықтары жөніндегі уәкілді (Ғылыми омбудсмен) құру;
- Заңға Ғылым бойынша Ұлттық баяндаманы дайындауды ҚР Президентінің жанындағы ҚР Ұлттық ғылым академиясын бекіте отырып, ҚР Үкіметі жанындағы Жоғары ғылыми-техникалық комиссияға (ВНТК) ұсынуды енгізу;
- Жас ғалымдар Кеңесі мүшелерін ғылыми бағыттар бойынша ҚР Парламенті мәжілісі жұмыс топтарына тарту, Жас ғалымдардың ұсыныстарын Парламентте заң қабылдауда қолдану, ескеру.
Шара соңында ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Аманат» партиясы фракциясының жетекшісі Елнұр Сабыржанұлы Жас ғалымдардың ұсыныстарын қабылдап, Парламенттік сауал жолдайтындығын айтты.