Абай университеті жоғары білім мен мәдениет саласында Түркиямен байланысты арттырады

0
834

Алматы қаласындағы Түркия Республикасының Қазақстандағы Бас консулдығында маңызды кездесу өтті. Бас консул Еврен Мюдеррисоғлу, білім атташесі Коркмаз Айхан және Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің Басқарма төрағасы-ректор Болат Тілеп екіжақты ынтымақтастықты дамыту мәселелерін талқылады.

Кездесу барысында ректор Болат Тілеп Абай университетінің тағылымды тарихы мен осы уақытқа дейінгі жеткен жетістіктерін атап өтті.

«Университет қазіргі таңда әлемнің 25 елімен әріптестік байланыс орнатқан. Оның ішінде Түркия мемлекетімен ынтымақтастық барысы ерекше орын алады. Қазіргі уақытта Түркияның 18 университетімен тығыз байланыста, соңғы үш жылда 200-ден астам студент академиялық бағдарламаларға қатысқан», – деді Болат Тілеп.

Басқосуда Болат Тілеп бас консул Еврен Мюдеррисоғлуна Түркияның жоғары оқу орындарымен ынтымақтастық аясын одан әрі кеңейтуге ниетті екендігін жеткізді. Сондай-ақ, Түркия елімен мәдени және ғылыми ынтымақтасты ту еткен арнайы кітапхана ашу жоспарымен де бөлісті. Екі жақты кездесуде тараптар Аланиядағы Кейкубат университеті, Денизли және Кыркшехир университеттерімен байланыс орнатылып, аталған оқу орындарында Абай орталықтарын ашу бойынша келісім жасалғандығын атап өтті. Мақсат – жоғары оқу орындары арасында екі елдің тарихи байланысын нығайту.

Түркия тарапы білім және мәдени қарым-қатынасты жаңа деңгейге көтеруге әрдайым дайын екендігін айтты. Тіпті, Түркияның жетекші жоғары оқу орындарымен жаңа байланыстар орнатуға қолдау көрсететіндігін жеткізді.

Дөңгелек үстел басында түрік тілі курстарын дамыту және оқу бағдарламаларын кеңейту мәселелері талқыланды. Түркия тарапы университетке түрік тілін үйрету үшін қосымша мамандар жіберуге атсалысатындарын мәлімдеді.

Кездесу соңында тараптар Түрік әлемі конференциясын ұйымдастыру, түрік тілі мен мәдениетін насихаттау бағытында бірлескен жобаларды жүзеге асыруға келісті.

Абай атындағы ҚазҰПУ-дің баспасөз қызметі

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here