Ел дамуының басым бағыттары

0
537

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында еліміздің алдағы жылдардағы әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты стратегиялық міндеттерді белгілеп берді. Президентіміздің сөзі биліктің барлық тармағы үшін нақты бағдар болып, еліміз жаңғыру, инновация және орнықты даму жолынан айнымайтынын көрсетті.

Дүние жүзі түбегейлі өзгеріске ұшырап жатқан қазіргі уақытта экономикалық дамуға айрықша назар аударылып отыр. Бұл ретте, ең алдымен, экономиканы әртараптандыру және орта буынға жататын көшбасшы компаниялар шоғырын қалыптастыру арқылы өңдеуші өнеркәсіпті дамыту – маңызды міндет.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы жиын барысында экономиканың маңызды салаларына қосымша жеке инвестициялар тарту қажет екенін атап өтті. Осыған байланысты сапалы инвестиция әкелетін жауапкершілігі жоғары инвесторларға қосымша жеңілдіктер беру мәселесі қарастырылады. Сондай-ақ шағын және орта бизнестің дамуына мүмкіндік беретін несиелеу жұмысын белсенді жүргізу қажет екені айтылды.

Еліміздің көлік-логистикалық инфрақұрылымына қатысты серпінді бастамалар да жарияланды. Осы орайда мультимодальды көлік тораптарын, темір жол дәлізін дамыту және халықаралық әуе хабын құру ауқымды бәсекедегі біздің орасан зор артықшылығымыз болатыны сөзсіз.

Энергетика саласында алдымызда жаңартылатын энергия көздерінің үлесін арттыру міндеті тұр. Бұл ретте атом өнеркәсібін белсенді дамытуды жалғастырып, болашақта елімізде ядролық кластер құруға мүмкіндік беретін батыл қадамдар жасау қажеттілігі күн өткен сайын өзекті болып келеді.

Президентіміз атап өткендей, бүгінде цифрландыру және жасанды интеллекті дамыту айрықша мәнге ие. Алдағы уақытта жасанды интеллект құралдарын мемлекеттік органдар мен ұлттық компаниялардың жұмысында пайдалану басқару процесінің ашықтығы мен тиімділігін арттыра түсетіні сөзсіз.

Сондай-ақ Мемлекет басшысы агроөнеркәсіп кешенін дамытуға айрықша назар аудару керек екенін айтты. Фермерлерді жеңілдікпен несие беру, көбірек табыс әкелетін дәнді-дақылға көшу және шикізатты сақтау және оны терең өңдеу мүмкіндіктерін арттыру арқылы қолдау ауыл шаруашылығын жаңа өнімділік деңгейіне көтеруге жол ашады.

Отырыста Президентіміз мемлекеттік аппарат жауапкершілікке және азаматтардың өтініштеріне жедел ден қоюға негізделіп, тиімді жұмыс істеу керек екеніне де тоқталды. Бұл – «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру жолындағы маңызды қадам.

Сонымен қатар сапалы білімнің қолжетімділігіне, денсаулық сақтау ісін жаңғыртуға және жаңа, сұранысқа ие жұмыс орындарын қалыптастыруға мән беріліп, әлеуметтік саладағы маңызды басымдықтар белгіленді.

Қазақстан Парламентінің Сенаты Мемлекет басшысының реформалар бағдарын заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз ету үшін қажетті жұмысты жалғастыра береді. Соның аясында алдағы уақытта бизнес қоғамдастық өкілдерімен және барлық мүдделі тараппен бірге жаңа Салық және Бюджет кодекстерін әзірлеп, талқылаймыз. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін және ел экономикасының түрлі салаларын дамытуға арналған заңнамалық шараларды жетілдіру бойынша да кешенді іс қолға алынады.

Президентіміз жүктеген міндеттерді сапалы әрі уақтылы іске асыру еліміздің жаңа экономикалық және индустриялық келбетін қалыптастырады. Мемлекет басшысы белгілеп берген басым бағыттардың әрқайсысы азаматтарымыздың әл-ауқатын арттыру және дамыған, инклюзивті, ашық Қазақстан құру жолында нақты нәтижелерге қол жеткізуді көздейді. Сондықтан осы бағытта белсенді жұмыс жүргізе береміз.

Мәулен ӘШІМБАЕВ, Сенат Төрағасы

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here