Ахмет Байтұрсынұлының еңбектері сөз болған кітап

0
826

«Мұхиттан өткен қайық». Жазушы Ілияс Есенберлиннің отыз жылдай баспахана «тартпасында» сүрленіп жатқан романы. Оның бұлай жату себебін Қазақстан Коммунистік партиясы бөлімінің 1978 жылғы желтоқсанның 27-сіндегі жазбасында былай түсіндіреді: «Авторға «Мұхиттан өткен қайық» романында ірі мемлекеттік қайраткерлердің, зиялы шығармашылық қауым өкілдерінің рухани өмірлерінің бұрмаланып көрсетілгені әлденеше мәрте ескертілді. І.Есенберлин өзінің біліксіздігі негізінде өз кейіпкерін тоғышарлық деңгейіне дейін түсіріп жіберген». Алайда жазушы цензураның ескертулеріне: «Менің романымда шындық жазылған. Тек Шындық!» деп жауап қайтарып отырған.

Романда оқырман үшін тарихи, әдеби, сонымен қатар адамгершілік тұрғысынан да мәлімет қамтылған. Оқыған сайын әр жерін түртіп отыруың керек болады. Романның басты кейіпкерінің бірі – Ақылбек Ахметжанов (Дінмұхаммед Ахмедұлы Қонаев). Мемлекеттік қайраткердің өмір жолы, ұлт үшін жасаған халық ауызындағы игі істерімен қатар кейіпкер арқылы адам бойындағы қасиетті дөп басып жазған. Өзімен замандас ел басқарып отырған «тұлғалардың» да әшкере істері анық келтірілген. Романдағы Күсепов, Гаврилов, Нұрахметов, Айтпаев, Жаубасаров, Жанпеисов сынды билік иелерінің өмірде өз прототипі бар.

Шығармадағы ең елең еткізгені – Алашорда мен Ахмет Байтұрсынұлы, Мағжан Жұмабайұлының еңбектері туралы жазылған тұсы. Ахметбекпен жолығу үшін кеңсесіне келген ақын Кенен Әзірбаевке қайраткер:

– Менің сұрайын дегенім, Ахмет Байтұрсынов пен Мағжан Жұмабаев еңбектері туралы не айтасыз деу еді» деген сұрағына ақын:

– Бізге қазір Алашорда деген не? Біз қазір күштіміз. Күшті қоғам әрқашан да кең пейіл, жақсылықшыл келеді. Ал дарын қай заманда болса да, дарын қалпында қалады. Адам өледі, бірақ оның дарыны қалады. Дарыны оның кітабында, өлеңінде, ісінде қалады. Бұл солай ғой… Менің балам да оқымысты адам. Әлдеқалай соның маған «қазір тіл жөнінде Ахмет Байтұрсыновтың «Тіл құралы» мен «Әдебиет танытқышының» бір тарауын алып, өзінше талқылап, толықтырып, жаңадан мысалдар келтіріп, ғалым болғандар көп» дегені есімде. Ал Ахметтің сол «Тіл құралы» әлдеқашан жазылды! Егер жұрт содан бері негізінде сол «Тіл құралдан» шыға алмай жүрсе, Ахмет оқымысты дарын емей немене?» деп қайраткер сауалына ой тастай отырып жауап береді. Әлі күнге дейін мұндай мәселе қоғамда өзекті екені жасырын емес.

Роман соңында да жазушы Ақылбекке:

«…Мысалға Ахмет Байтұрсыновты алайық. Оның еңбегінсіз түркі тілі лингвистикасын құра алмайсың. Өзгесін қойғанда осы күнгі менің жасымдағы кісілердің тоқсан проценті сол кісінің «Тіл құралы» арқылы хат таныдық қой. Ең болмағанда осы жақсылығын еске алу жөн емес пе? Әлі есімде, жиырма үшінші жылы Ахмет елуге толғанда «Ақжол» газетінің екі етегін алып, Мұхтар үлкен мақала жазған. Сол мақаласында ұлы Әуезов: «Бәрімізде Байтұрсыновтан оқыдық. Ана сүтіне қандай борышты болсақ, Ақаң алдында да сондай борыштымыз», – деп Ұлт ұстазын ақтай жазған дерегі келтіріледі.

Жазушы Ілияс Есенберлиннің саясат пен тарих, әдебиетке байланысты жазылған бұл шығармасы аса құнды. Неге десеңіз, Дінмұхаммед Қонаевтың тұлғасын ғана ашып қоймай, сонымен қатар Қазақстан жерінде болған түрлі тарихи оқиғалардың да басын ашып көрсетеді. Басты кейіпкер арқылы ізгі қасиеттердің адам өміріне аса маңызды екенін де ашық жазған. Романның басты ерекшелігі жөнінде автор шығармада: «Кітаптың басты қасиеті – адамзаттың табиғи тіліне жат, жалған жолға түсу, сондай-ақ тар ойлау, творчестволық ізденуді емес, тек атақ-даңқты ғана арман ету – түбі қуыс кеуде, топас ойлы, құнсыз жандарды тудырады», – деп атап көрсетеді. Тап қазіргі заманымыздың анық бейнесін мұнда да көрсетіп отырғандай…

Кітапханадан 5 күнге зорға сұрап алып, алып-ұшып шыққан сәттегі табиғатпен үндесе түсірілген сурет. Жыпылықтап қар жауып тұр. Күннің көзі күлімсіреуде. Ал қолымда «Мұхиттан өткен қайық» романы. Кітапты құшақтап, күлімсіреген жүзбен үйге қайтқан күн еді.

Жансая СМАН,
«Алматы қаласы музейлер бірлестігі» КМҚК
Ахмет Байтұрсынұлы музей-үйінің қызметкері

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here