Ахмет Байтұрсынұлы музей-үйіндегі құнды жәдігерлердің арасында қазақ зиялыларына қатысты көптеген тарихи фотосуреттер бар. Алаш тарихынан сыр шертетін бұл мұралардың ішінде А. Байтұрсынұлы, М. Дулатұлы бастаған бір топ қазақ зиялылары Қытайдағы Шәуешек қаласында түскен бір фотосурет бар. Бұл сурет зиялылардың 1918 жылы сәуір айындағы тарихи сапарының ерекше естелігі. Сапар кезінде делегация мүшелері арғы бетте тұрған қазақтардың көшбасшы азаматтарымен кездесіп, Ә. Бөкейханның үндеухатын табыстауды мақсат еткен.
Алашорда делегациясы түскен осы топтық фотосуреттегі бір көрініс ерекше көзге түседі. Суретте байқап отырғанымыздай, оң жақ қатардың артында кең-мол шапанды, басына шыт тартып, малдас құрып Әсет Найманбайұлы отыр.
Көпшілікке белгілі, Әсет Найманбайұлы – ақын, сазгер, әнші, Алаш қайраткерлерінің ұстанымын қолдаған қазақтың танымал тұлғасы. Ол 1918 жылы Алашорда үкіметі атынан барған зиялылармен Қытайдағы қазақтар атынан қездесқен. Көпке дейін белгісіз болып келген «Алашқа» атты толғауын Әсет Найманбайұлы міне осы кездесуде шығарады. Бұл туралы «Түркістан» газетінің 2017 жылғы 23 ақпан күнгі санында жарияланған Д. Ізтілеуованың «Алашқа аты шыққан Әсет ақын» атты мақаласында толығырақ тоқталып өткен.
1916 жылы Ұлт-азаттық көтеріліс кезінде жазалаушы отрядтардан дүрліге қашқан елмен бірге Әсет ақын да Қытайдағы қазақтар жағына өтіп кетеді. Кейін Совет өкіметі орнағаны жөніндегі хабарды естіп, туған елден жырақта жүрген ақын өскен жерін сағынады. Бұл туралы «Алматыкітап баспасынан» 2009 жылы шыққан, Б. Тоғысбаев пен А. Сужикова құрастырған «Тарихи тұлғалар» атты еңбекте біршама мол дерек кездеседі.
Әсет Найманбайұлы 1867 жылы Қарағанды облысының Ақтоғай ауданындағы Қызыл-арай ауылында дүниеге келген. 1922 жылы Қытайдағы Құлжа қаласында қайтыс болған. Халық арасында өте танымал әндерімен көзге түскен. «Әпитөк», «Інжу-Маржан», «Гаухар қыз» әндері және «Перизат», «Салиха-Сәмен» дастандары бар. Әсет ақын ұлы Абайдың ақын өнерпаз шәкірттерінің бірі. Әншілігімен, композиторлығымен барша қазаққа аты шыққан дара түлға.
Өмірінде Әсет қарапайым болған кісі екен. Ол мал жиып, дәулетке ие болмаған. Шығармаларын арнайы жазып қалдырмағандықтан, төл қолжазба нұсқалары да сақталмаған. Бірақ, бүгінге жеткен шығармалары ел ішінен жинақталып, көп өзгеріске ұшыраған.
Бірегей дарын иесінің туғанына 125 жыл толуына орай, Семей облысына карасты Мақаншы ауылында 1992 жылы 24 сәуірде Әсет Найманбайұлына арналған музей ашылды. Ақынның музейіндегі көптеген жәдігерлердің арасында 1918 жылы Шәуешек қаласына барған Алаштың арыстарымен бірге түскен осы тарихи фотосурет бар. Бұл арыстар мен Әсет ақынның өмір тарихындағы аса құнды жәдігерлердің бірі болып саналады. Бұл сурет Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының музей-үйіндегі «Семей-Шәуешек сапары» атты экспозицияға да орналасқан. Көшбасшы зиялылардың бір шетінде оңашалау отырған дауылпаз әнші Әсеттің бұл бейнесі көрерменнің көзайымына айналған.
Шара Әбікенқызы,
«Алматы қаласы музейлер бірлестігі» КМҚК
А. Байтұрсынұлы музей-үйінің ғылыми қызметкері