Ауыл шаруашылығы министрлігі ақпан ең қиын айлардың бірі болғалы тұрғанын хабарлады. Ведомство шаруалардан төрт түліктің жылы және құрғақ жерде болуын қадағалауды сұрады. Басты себеп – климаттық жағдай.
– Қазгидромет деректеріне сәйкес, Қазақстанның басым бөлігінде орташа ауа температурасы -10 -16 С болады. Жетісу, Батыс Қазақстан, Маңғыстау облыстарында, Ақтөбе облысының оңтүстік-батысында, Түркістан облысының солтүстік жартысында -1 -9 С болады деп күтілуде. Ақпан айында жауын-шашын мөлшері елдің көп аумағындағы нормадан жоғары, Маңғыстау және Түркістан облыстарының басым бөлігінде, Атырау, Ақтөбе, Қостанайдың солтүстігінде, Солтүстік-Қазақстанның солтүстік-батысында, Ұлытау облысының оңтүстік-батысында, Қызылорда облысының солтүстік жартысында, Жамбыл облысының оңтүстік-батыс жартысында нормаға жақын болады деп күтілуде, – делінген Ауыл шаруашылығы министрлігі таратқан хабарламада.
Осы себепті министрлік шаруаларға азық түлік мөлшерін көбейтуді ұсынған және төрт түлік жайын әрдайым бақылауда ұстауға кеңес берген.
– Азық мөлшерін көбейтіңіз, өйткені суық мезгілде жануарлар дене температурасын ұстап тұру үшін көбірек энергияны қажет етеді. Азық-түлік қорын тексеріңіз, өйткені климаттың күрт өзгеруі жемнің қолжетімділігі мен сапасына әсер етуі мүмкін. Бұлақтардың қатып қалуын болдырмай, таза суға қол жеткізуді қамтамасыз етіңіз. Малдың денсаулығын үнемі тексеріп отырыңыз. Осы нұсқауларды орындау арқылы сіз жануарларға қыстауға ыңғайлы жағдай жасай аласыз және өлім қаупін азайта аласыз, – деп кеңес берген Ауыл шаруашылығы министрлігі.