Еліміздің көлік-транзиттік әлеуетін арттыру қажет

1
834

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген мәжілісінде сөйлеген сөзін бұл жиналыстың әлемде түбегейлі өзгерістердің жүріп жатқан кезінде өтіп жатқанын, ғаламдық үдерістердің еліміздегі экономикалық жағдайға күшті әсер етуі мүмкін екенін айтумен бастады. Сондай-ақ жаппай цифрландыруға негізделген жаңа технологияға көшу әлемде жаңа ақиқаттардың пайда болуына алып келетіндігін, оларға біздердің дайын болуымыздың, бейімделе және де бәсекелерге қабілетті бола білуіміздің аса маңызды екендігін қадап айтты. Үкімет пен әкімдердің жұмыстарының нәтижесі, ең алдымен, еліміздің экономикалық дамуы мен адамдар өмірінің сапасының жақсаруына қарап бағаланатынын тағы да қайталап айтты.

Президенттің баяндауынша, әлемдегі күрделі жағдайларға қарамастан, біздің елімізде оң нәтижелерге қол жеткізілген, экономика өсіп келеді, бірақ бұрынғысынша шешілмеген мәселелер әлі көп. Тарифтік қақтығыстар мен санкциялық теке-тірестердің бүгінгі экономикадағы ең басты мәселеге айналып отырғаны, «жасыл экономикаға» қатынастың өзгеруі, дәстүрлі энергия ресурстарына сұраныстардың артуы мен мұнай, газ, көмірге бағаның тұрақсыздану мүмкіндіктері баса айтылды. Криптовалюта мен сандық активтердің қаржы аумағында кеңінен пайдаланылып келе жатқандығы, жасанды жады мәселелері – бұлардың бәрінің де әлем экономикасына, адамзат өміріне қатты әсер ететіні, біздердің де бұл үдерістерде артта қалып қоймауымыздың керек екендігі ескертілді.

Үкіметке қойылатын басты талаптардың бірі – жаппай үнемдеу болмақ.

Президент Үкімет пен құзырлы органдардың негізгі міндеттері мен басым бағыттары ретінде ірі сегіз мәселені атады. Олар – экономиканы әртараптандыру, инфрақұрылымдық дамудың жаңа деңгейіне өту, сандық технологияны жан-жақты енгізу, энергетиканы дамыту және ядролық кластер жасау, агроөнеркәсіп кешенінің әлеуетін нығайту, салық-бюджет саясатын реформалау, маңызды жобаларды қаржымен қамтамасыз ету, әлеуметтік қолдауды реттеу және денсаулық сақтауды, білім беруді, ғылымды әрі қарай дамыту.

Ел экономикасын әртараптандыруда Президент инвестиция тарту мен оны тиімді пайдалануға, сапалы болуына аса үлкен көңіл бөлді.

Энергетикалық және коммуналдық салалардағы дағдарыстардан өткенімізбен, алдағы уақыттарда мұндай жағдайларға жол бермеу керектігі тапсырылды. Бұл салаларда жаңа стандарттарға көшіп, жаңа тарифтік саясатты жалғастыру керек деді. Үкімет жұмысындағы басым бағыттардың бірі тұрғын үй қорын басқару жүйесін ауқымды реформалау болмақ.

Мемлекет басшысы транзиттік-логистика инфрақұрылмын аса маңызды сала деп атап көрсетті. «Транзит – жүктерді тасымалдаудағы халықаралық бәсекелестіктегі біздің үлкен артықшылығымыз. Бұл артықшылықты толық әрі тиімді пайдалану керек», – деді.

Транскаспий маршрутының негізгі бөлігі болатын ТрансҚазақстан теміржол дәлізін дамытуды жеделдету керектігі, «Мойынты-Қызылжар» жаңа теміржолын салуға және Қызылжар бекетінен Ақтау портына дейінгі магистральдің аса жүктемелі бөліктерін модернизациялау, Қытай мен Орталық Азия арасындағы көлік дәлізінің әлеуетін айтарлықтай күшейтетін «Алтынкөл-Жетіген» бөлігін кеңейту қажеттігі, теміржол тасымалдарын цифрландыру бойынша жобаларды уақытылы аяқтаудың маңыздылығы аталды. Мультимодальдық көліктік түйіндерді дамыту мен ел экономикасын күшейтуде ғаламдық электрондық сауда-саттықты пайдалану басты назарда болмақ.

Қазақстанда дамыған логистика жүйесінің болуы стратегиялық сипаттағы мәселелер қатарына жатқызылды. Автокөлік тасымалдары үшін «жасыл дәліз» операциялық іс-әрекеттерін тиімді қамтамасыз ету, жоспарланған автомобиль жолдарын салу мен жөндеуді уақытылы аяқтау керектігі және автотасымалдау әлеуетін біз өз мүмкіндіктерімізден әлдеқайда төмен пайдаланатынымыз аталды.

Логистиканы сәтті дамыту үшін заманауы технологияларды енгізу керек. Қоймаларды автоматтандыру, маршруттарды цифровизациялау, көлік ағындарын басқаруда жасанды жадыны пайдалану мәселелері Үкіметтің үнемі назарында болмақ.

Елімізде ірі халықаралық аэрохаб болу қажет, ірі аэропорттарды халықаралық аэрохабтарға айналдыру керек деді.

Мемлекет басшысы: «Бүгінгі көлік пен логистика халықаралық бизнес ретінде бірінші орынға шықты», – деді және алдын ала болжам бойынша мамыр айында еліміздің транзиттік-көлік және логистикалық әлеуетін дамыту мен нығайту тақырыбына Қауіпсіздік кеңесінің отырысын арнауды ұсынды.

Жолдар – ел экономикасының күретамыры, ал көлік болса, қажетті нәрсені қажетті жерге қажетті уақытта жеткізіп, алып ағза сияқты мемлекетке күш-қуат, нәр әкелетін тасымал құралы. Бұл айтқанымыз көліктің еліміздің өміріндегі маңызды орнын көрсетсе, Еуразия сияқты алып құрлықтың дәл ортасында, Қытай, Азия елдері мен Ресей, Еуропа мемлекеттеріне алтын көпір болып отырған Қазақстан үшін жолдар мен көліктің, транзиттік тасымалдар мен логистиканың алар орны аса ерекше. Еліміздің экономикасына өте пайдалы осынау саланың маңызын Мемлекет басшысы Қ. Тоқаев терең түсіне білгендіктен, оларға үлкен көңіл бөліп, Қауіпсіздік кеңесінің арнайы отырысында қарауды ұсынды.

Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясы көлік саласының еліміздің экономикасы үшін маңызының зор екенін алғашқы кезеңдерде-ақ бағалап, 2023 жылы көлік және логистика ғалымдары мен мамандарының басын қосып, арнайы жұмыстық топ құрды. Бүгін бұл жұмыстық топ академия құрамындағы секцияға айналдырылып жатыр. Ең алдымен, академияның ұсынысымен көлік саласы 2023 жылы алғаш рет ғылымдағы басым бағыттар қатарына енгізілді. Секция барлық көлік салаларының жай-күйін бағамдап, негізгі мәселелерін талдап шығып, көлік салаларын дамыту, логистика жүйесін жетілдіру мен еліміздің көлік-транзиттік әлеуетін арттыру бойынша Президентке ұсыныстар әзірлемек. Бұған қоса, академия үстіміздегі жылы көлік салалары бойынша форсайттық зерттеулер жүргізуді және көлік салаларын дамыту мақсатында арнайы мегагрант жобасын әзірлеуді жоспарлап отыр.

Мемлекет басшысы ғылым мен жоғарғы білім салаларындағы реформалардың екпіні мен сапасын төмендетпеу керектігін ескертті. Соңғы жылдары мемлекеттің ғылымды қаржыландыруды едәуір өсіргенін және өсіре беретіндігін еске сала келе, бөлінген қаражаттың нақты мақсаттарға пайдаланылуын қамтамасыз етілуін, ақшаны мемлекеттік бюджеттен тек қана сапалы және сұранысқа ие зерттеулерді шынайы жүргізетін университеттер, институттар мен ғалымдар ғана алу керектігін қадап айтты.

Біз, ғалымдар Президенттің ұсыныстарын толық қолдаймыз. Мемлекеттің тарапынан бөлінген қаржы талан-таражға түспей, сапалы әрі ел қажетіне асатын нәтижелер беретін зерттеушілердің ғана қолына тиюі керек.

Академия өткен жылдары ел экономикасы мүдделерін ескере отырып ғылымға жұмсалатын қаражатты оңтайландыру мақсатында ғылымды дамытудың басым бағыттарын анықтаудың жаңа тұжырымдамалық тәсілдерін ұсынды. Қазіргі уақытта Жоғарғы ғылыми-техникалық комиссия 3 жылға 7 ғылыми басымдықты бекітеді, олар әрі қарай 153 мамандандырылған басым ғылыми бағыттарға бөлінген. Бірақ, шын мәнінде бұл басымдықтарды анықтау механизмі емес, көбіне бюджет қаражатын ғылым бағыттары бойынша бөлу схемасы. Біз бюджет қаражатын бұлай бөлшектей алмайтынымызды, елімізге көбірек нәтиже беретін ғылыми бағыттарды, яғни экономикамыздың бәсекелестік артықшылықтарына қарай көбірек қаржыландыру керек екендігімізді түсіну қажет. Басқаша айтқанда, біз өз ғылымымыздың мәселелерін негізгі міндеттерді дұрыс тұжырымдаудан бастап шешуіміз керек.

Мемлекет басшысы Қ. Тоқаевтың ұсыныстары мен тапсырмалары біздерге, ғалымдарға серпіліс берді. Бұл тапсырмалардың жүзеге асырылуы отандық ғалымдардың зерттеулерінің сапасын арттырып, Қазақстан ғылымының деңгейінің жоғарылай түсуіне негіз болады деп үміттенеміз.

Бағдат Телтаев,
ҚР Президентінің жанындағы ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі

1 пікір

  1. Бағдат Бұрханбайұлы көлік саласының ең алдыңғы қатарлы маманы, ғалымы. Көп жылдардан бері осы еліміздің жолдарының тесігін қалай бітеп, жыртығын қалай жамап жасқауға арналған зерттеулерінің нәтижесінде Қазақстан жолдары өте жоғарғы дәрежеде деп айта отырып, әлі де болса кемшіліктеріміз жоқ емес деп Президентімізбен кездескенде бүкіл Республика жолдарына деген жанашырлық сезімін әрмен қарай жалғастырып келеді. Мен осындай ғалымдардың барлығын мақтан тұтам, сыйлаймын, ғалым болса осындай болу керек. Деніне саулық, басына амандығын тілеймін.

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here