Фотодағы балалар – 10-сыныптың оқушылары. Қолдарына ұстап тұрғаны – көлдер мен теңіздерді балықшы аулары мен түрлі синтетикалық қоқыстардан тазартуға арналған дронның прототипі. Дәл осы құрылғы 8 баладан тұратын командаға жақында ғана өткен FIRST Lego League Challenge чемпионатының республикалық кезеңінде жеңімпаз болуына, сөйтіп Орталық Азия чемпионатына жолдама алуға септігін тигізіпті. Бұл туралы nationalgeographic.kz/ порталы хабарлады.
«National Geographic Qazaqstan» журналының тілшісі оқушылардың жарыста судан қоқыс жинайтын прототип-дронды таныстырғаны туралы хабар елең еткізгендіктен, құрылғыны көзбен көру үшін Астанадағы «Алпамыс» жекеменшік мектебіне барып, балалардың өздерімен және жетекшілерімен сөйлескен.
«Біз мектепке барғанда сабақ уақыты болғандықтан, команданың өзге мүшелері келе алмады. Судан балықшы ауы сияқты қоқыстарды жинайтын дрон прототипін бізге Едіге Сағадат пен Әмірхан Бахытжан таныстырды. Оқушыларға робот-техника бойынша Жандос Қыстаубай мен Әзілхан Надирбеков деген ағайлары жетекшілік етеді екен. Робот-техника құрастырумен әуестенетін балалар келешекте қоғамға ғана емес, айнала қоршаған ортаға, экологияға пайдалы құрылғылар жасағысы келеді. Өйткені, олар табиғаттың нешетүрлі қоқыстан жапа шегіп жатқандығынан хабардар. Әсіресе, пластик өнімдер қоқысы тұтастай Жер жүзінің экологиясына қауіп төндіріп тұрғанын жақсы біледі. Түрлі ақпарат көздерінен оқып та, естіп те жүр. Сондықтан сөз басында айтылған чемпионаттың кезеңдік жарысына не қосамыз дегенде, жетекшілерімен ақылдаса келе, өзендер мен көлдерді қараусыз қалған балықшы ауларынан тазартатын дрон жасайық деп ұйғарады», – деп жазды мақала авторы.
«Интернет кеңістігінде қоршаған ортаның ластануы туралы материалдар, ақпараттар іздей отырып, кейбір деректер бойынша әлемде жыл сайын балықшы ауларының 5,7 пайызы, қармақ-жіптердің 29 пайызы суда қалып кететінін оқыдық. Ең өкініштісі, суда қалқып жүрген осы аулар мен қармақтар теңіз бен көлде тіршілік ететін өзге сүтқоректілерге де зор қауіп төндіреді. Мысалы, итбалықтар мен тасбақалар ауға шырматылып қалып, азаппен ажал құшып жатады», – дейді жас конструкторлар.
2024 жылы жазда сүңгуірлер бір ғана Балқаш көлінің 10 шақырым бөлігінен 360 кг қоқыс шығарғанын БАҚ жарыса жазғаны да есте. Қоқыстың басым бөлігі – өздігімен ыдырай қоймайтын целлофан, пластик заттар мен балық аулайтын синтетикалық аулар, қармақтар. Қай-қайсысы да судағы тіршілік иелері үшін зиянды әрі қауіпті. Мұндай тазалық науқандары түрлі техникамен бірге көптеген адам ресурсын қажет ететіні белгілі. Сондықтан оқушылардың су айдындарын тазартатын дрон жасауы назар аударуға және қолдауға тұрарлық маңызды бастама деп ойлаймыз.
Жандос Қыстаубайдың айтуынша, балалар бұған дейін су айдынына төгілген мұнай жинайтын дрон прототипін жасаған. Бірақ, оны да, кейінгі прототипті де іс жүзінде сынауда қиындық туған. Басты кедергі – қажетті су айдыны. Кішкентай ыдыс немесе ванна құрылғының кем-кетігі мен мүмкіндіктерін толық көрсете алмайды. Абырой болғанда, біз барғанда мектеп балаларға арналған бассейнде сынап көруге рұқсат беріпті. Жетекшісінің ендігі уайымы – Алматыда өтетін Орталық Азия чемпионатында балалардың дронын сынайтын бассейн табу. Егер ол жақта жақсылап көрсете алса, халықаралық ұйымдар мен тәжірибелік-конструкторлық бюролардың назарын аударып қаламыз ба деген ойлары да жоқ емес.