Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Нұртөре Жүсіп Қазақстан Президенті Қ.Тоқаевтың отандық бизнес өкілдерімен кездесуінде айтқан ұстанымдары туралы Facebook әлеуметтік желісінде пікірін жазған болатын. Онда былай делінген:
Мемлекет басшысы отандық бизнес өкілдерімен кездесіп, көпті толғандырған мәселелерді талқыға салды. Әсіресе, Үкіметке қосымша құн салығы мәселесін тағы да пысықтауды тапсырды. Бұл – өзекті мәселе. “Былай тартса – арба сынатын, былай тартса – өгіз өледі” дегендей ахуал қалыптасты.
Мемлекет басшысы аса маңызды мәселеге өте байыппен қарап, өз пікірін білдірді.
– Кез келген реформаны жан-жақты сараптап, байыппен жүргізген жөн. Экономика салаларының ерекшеліктерін ескере отырып, түрлі нұсқаларды әзірлеу керек. Қосымша құн салығына қатысты бұған дейін көзқарасымды білдірмеген едім. Өйткені қызметтік дәрежеме сәйкес, менің әрбір сөзім, пікірім қатаң тапсырма сияқты қабылданады. Соған қарамастан бұл мәселе бойынша ойымды жеткізгім келеді. Қалай десек те, қосымша құн салығының мөлшерлемесі сараланып белгіленуге тиіс, – деді.
Жауапкершілік пен шешім қабылдау тарапында Президент Үкіметке бірқатар еркіндік пен мүмкіндік беріп отыр.
– Үкімет түпкілікті шешімді білікті сарапшылардың, қайталап айтамын, білікті сарапшылар мен кәсіпкерлердің, әлбетте депутаттардың пікіріне құлақ аса отырып, нақты есептеулер негізінде қабылдағаны дұрыс, – дей келіп:
– Бір анығы, Үкіметтің қазіргі ұсынып отырған мөлшерлемесі тым жоғары. Сіздер нақты цифрды айттыңыздар. Оны қоғам қызу талқылады. Тіпті, кей жағдайда артық сөздер де айтылды. Дегенмен, бұл қоғам талқысына алдын ала салынған ұсыныс болатын. Тағы қайталап айтамын, Үкіметтің бұл бағыттағы жұмысы бизнес, қоғам, кәсіпкерлер, сарапшылардың, яғни барлық тараптың пікірі ескеріле отырып жалғасуы керек. Биыл нақты шешім қабылдануға тиіс. Мен бұған дейін де айттым: Үкімет бұл мәселені депутаттармен және сарапшылармен егжей-тегжейлі талқылауы керек. Бүгін айтылған ой-пікірлер де ескеріледі. Мемлекетке барынша оңтайлы шешім қажет. Яғни бір жағынан бизнес жүргізуге кедергі келтірмей, қолайлы жағдай жасайтын, ал екінші жағынан, салыққа қатысты тәртіпті күшейтіп, бюджет кірісін арттыратын тиімді жолды табуымыз қажет, – деді Президент.
Сайып келгенде Мемлекет басшысы ақылға қонымды шешім қабылдауды Үкімет алдына қойды. Ендігі әрекет қалай болады? Оны уақыт көрсетеді.