Бүгін, 7 ақпанда еліміздің бизнес қоғамдастығымен өткен кездесу мемлекет пен экономиканы дамытуға үлес қосып жүрген кәсіпкерлердің мақсат-ниеті бір екенін көрсетті. Президент айқындаған стратегиялық міндет – экономиканы нығайту арқылы Қазақстанның өңірдегі көшбасшылық рөлін сақтау және күшейту. Мемлекет басшысының пікірінше, бұл міндет ұлттық идеяның маңызды элементіне айналуға тиіс.
Қасым-Жомарт Тоқаев қазіргі заманның басты мәселелерін шешу жолында Қазақстан жаңа көзқарастар мен тәсілдер дәуіріне қадам басқанын, ал ескірген стереотиптер өткеннің еншісінде қалғанын атап өтті. Сондықтан еліміз түбегейлі өзгеріп, жаңа жағдайға бейімделуі керек.
Президент мемлекеттің болашағы, соның ішінде өскелең ұрпақтың келешегі осы мәселенің шешіміне тікелей байланысты деп санайды. Оның айтуынша, ірі инфрақұрылымдық және өнеркәсіптік жобалар, цифрландыру мен жасанды интеллект, көлік және логистика салалары экономиканы дамытудың басым бағыттарына айналуға тиіс. Бұл ретте шағын және орта бизнесті қолдау мәселесі ұдайы Үкімет назарында болады.
Қасым-Жомарт Тоқаев алға қойылған міндеттерді шешу жолында мемлекет пен ірі кәсіпорын иелерінің арасындағы нәтижелі серіктестіктің маңызды екенін атап өтті.
– Ірі бизнес болмаса, Қазақстан экономикасының әлеуетін толық ашу мүмкін емес. Бізге экономиканың дамуын жаңа деңгейге көтеру үшін инфрақұрылым, индустрия, цифрландыру және басқа да салаларда серпінді әрі ауқымды жобалар қажет. Мұны іске асыруға ірі бизнесмендердің шамасы жетеді. Сіздерде оған қажетті қаржы да, мамандар да, ең бастысы, білім мен тәжірибе де бар. Бұл ретте инвестиция салуға тартымды дәстүрлі салаларға мән беріп қана қоймай, табыс әкелетін жаңа бағыттарды қарастырған жөн. Қазіргі геосаяси жағдай мен әлемдік сауда конъюнктурасын ескерсек, көлік-логистика саласының орасан зор әлеуеті елеусіз қалып жатыр. Теміржол, автомобиль және әуе арқылы жүк тасымалына сұраныс артып келеді. Іс жүзінде, аталған сектор басымдыққа ие бола бастады. Кейбір шолушылардың айтуынша, пайдасы да мол. Болашағы зор тағы бір сала – туризм. Шетелдіктер Қазақстанның тұмса табиғатына, халқымыздың салт-дәстүрі мен тарихи мұрасына ерекше қызығушылықпен қарайды. Бірақ отандық туризмнің әлеуеті зор десек те, нақты іске келгенде бұл салада олқылықтар мен кемшіліктер көп. Сондықтан Үкімет туризмді дамытуға мейлінше көбірек инвестиция тарту үшін қосымша шараларды ұсынады, – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, еліміздегі іскерлік ахуалды жақсарту – ең басты мақсаттардың бірі.
– Квазимемлекеттік сектор субъектілерін құруға мораторий енгізілді. Реттелетін сатып алуларға бизнес өкілдері өтінім берген жағдайда, оған мемлекеттік кәсіпорындардың қатысуына заң жүзінде шектеу қойылды. Бизнесті негізсіз қыспаққа алудан және салалық органдардың заңсыз тексеруінен қорғау үшін жүйелі жұмыс қолға алынды. Қылмыстық кодекстің бес бабы ізгілендірілді. Екі бап бойынша қылмыстық жауапкершілікке тарту талаптары жоғарылады, экономикалық құқық бұзушылықтың 29 түрі бойынша тұтқындауға тыйым салынды. 2022 жылдан бері кәсіпкерлік саласында тіркелген қылмыстық істердің саны екі есе қысқарды. Бұдан бөлек, кәсіпкерлік қызметке заңсыз араласқаны үшін әкімшілік жауапкершілік күшейтілді. Инвесторларды негізсіз тексерудің, оларға айыппұл салудың алдын алып, рұқсаттама беруге кедергі келтірмес үшін «прокурор сүзгісі» енгізілді. Бүгінде прокурорлар инвестор құқығын бұзатын 700-ден аса фактіге тосқауыл қойды. Мұның бәрі бизнестің құқығы мен заңды мүддесін қорғауға зор ықпал етті, – деді Мемлекет басшысы.
Мемлекет басшысы Үкіметке қосымша құн салығы мәселесін тағы да пысықтауды тапсырды.
– Кез келген реформаны жан-жақты сараптап, байыппен жүргізген жөн. Экономика салаларының ерекшеліктерін ескере отырып, түрлі нұсқаларды әзірлеу керек. Қосымша құн салығына қатысты бұған дейін көзқарасымды білдірмеген едім. Өйткені қызметтік дәрежеме сәйкес, менің әрбір сөзім, пікірім қатаң тапсырма сияқты қабылданады. Соған қарамастан бұл мәселе бойынша ойымды жеткізгім келеді. Қалай десек те, қосымша құн салығының мөлшерлемесі сараланып белгіленуге тиіс. Үкімет түпкілікті шешімді білікті сарапшылардың, қайталап айтамын, білікті сарапшылар мен кәсіпкерлердің, әлбетте депутаттардың пікіріне құлақ аса отырып, нақты есептеулер негізінде қабылдағаны дұрыс. Бір анығы, Үкіметтің қазіргі ұсынып отырған мөлшерлемесі тым жоғары. Сіздер нақты цифрды айттыңыздар. Оны қоғам қызу талқылады. Тіпті, кей жағдайда артық сөздер де айтылды. Дегенмен бұл қоғам талқысына алдын ала салынған ұсыныс болатын. Тағы қайталап айтамын, Үкіметтің бұл бағыттағы жұмысы бизнес, қоғам, кәсіпкерлер, сарапшылардың, яғни барлық тараптың пікірі ескеріле отырып жалғасуы керек. Биыл нақты шешім қабылдануға тиіс. Мен бұған дейін де айттым: Үкімет бұл мәселені депутаттармен және сарапшылармен егжей-тегжейлі талқылауы керек. Бүгін айтылған ой-пікірлер де ескеріледі. Мемлекетке барынша оңтайлы шешім қажет. Яғни бір жағынан бизнес жүргізуге кедергі келтірмей, қолайлы жағдай жасайтын, ал екінші жағынан, салыққа қатысты тәртіпті күшейтіп, бюджет кірісін арттыратын тиімді жолды табуымыз қажет, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы еліміздің қаржылық тұрақтылығын жетекші рейтинг агенттіктерінің болжамдары растап отырғанына назар аударды.
– Кейбір «сарапшылар» айтып жүргендей, ел экономикасының жағдайы соншалықты мүшкіл деген пікірмен келіспеймін. Салымыз суға кететіндей күйде емеспіз. Бірақ босаңсуға да болмайды. Иә, экономикада 4,8 пайыздық өсім бар. Үкімет отырысында мұның Қазақстан үшін жеткіліксіз екенін айттым. Үкімет дамудың жаңа даңғылын іздеуі керек. Бұл ретте бизнес қоғамдастықтың рөлі үлкен. Халықаралық қаржы ұйымдары мемлекеттік қарыз деңгейін «аса жоғары емес», яғни басқаруға икемді деп бағалап отыр. Қарызды басқару саясаты бекітілген қаржылық шектеулерді қатаң сақтау арқылы жүргізіледі. Кіріс деңгейін арттыру есебінен бюджет тапшылығын азайту көзделген. Бұл мемлекеттің борышын төмендетуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ ұзақмерзімді экономикалық өсімді қамтамасыз етеді, – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, тек бюджет қаржысымен экономиканы жаңғырту мүмкін емес. Аталған үдеріске банктердің бәрі атсалысқаны маңызды.
– Үкімет кредит мөлшерлемесін субсидиялау арқылы банк қаржысын тарту туралы бастама көтерді. Қаржы секторы осы міндетті орындауға белсенді қатысуға тиіс. Үкімет Кепілдік қорын құру мәселесін пысықтап жатыр. Бұдан бөлек, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан «ұзақ мерзімге берілетін» қаржы тартылады. Бұл – жеткіліксіз. Нақты секторды кредиттеу көлемін арттыру үшін басқа да ұсыныстар қажет. Мен Үкімет отырысында Ұлттық қор ел экономикасының бір бөлшегі екенін айттым. Кейбір шолушылар, қоғам қайраткерлері Үкіметтің Ұлттық қордан жиі әрі көп қаржы алатынын айтады. Бұл – қалыптасқан ахуалға байланысты қабылданған шешім. Осыған бола «дағдарысқа тап болдық» деп байбалам салатындай себеп көріп тұрған жоқпын. Қорды не үшін құрдық? Қор қаржысы мемлекеттік маңызы бар міндеттерден өзге мақсатқа жұмсалып жатса бір жөн. Сондықтан тағы да қайталап айтамын, банктер бизнеске көмектесіп, экономиканың дамуына қаржы салуға тиіс. Дегенмен реттеушілік шаралардың қатаңдағанына қарамастан, тұтынушылық несие көлемі бұрынғыдай өсіп келеді. Былтыр аталған көрсеткіш 33 пайызға ұлғайды. Ал проблемалық борышкерлердің саны 1,5 миллион адамнан асты. Қарызға белшесінен батқан азаматтарға көмектесу керек. Бұл – аса өзекті саяси мәселе. Сонымен қатар қаржылық сауатты арттыру, әсіресе өскелең ұрпақтың осы бағыттағы білімін жетілдіру маңызды. Осы ретте банктер проблемалық займдарды қайта қаржыландыру жұмыстарын күшейтіп, борышкерлердің санын өсіруге жол бермегені жөн. Азаматтарға алаяқтық жолмен рәсімделген кредиттерге айрықша мән беру қажет, – деді Мемлекет басшысы.
Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекет пен бизнес арасындағы қарым-қатынасты цифрландыру өзекті екеніне назар аударды. Президенттің айтуынша, бұл – бизнестің нарықтағы бәсекеге қабілеттілігін арттырудың ең тиімді жолы. Ал мемлекет үшін басы артық бюрократияны қысқартатын, жемқорлық тәуекелдерінің алдын алып, жалпы тиімділікті жақсартатын маңызды қадам.
Мемлекет басшысы сөзін қорытындылай келе, былтыр көктемде болған су тасқыны кезінде қаржылай қолдау көрсеткен барша кәсіпкерлерге, сондай-ақ «Қазақстан халқына» қорына жарна салған бизнес өкілдеріне алғыс айтты. Қор қаржысы денсаулық және білім беру салаларындағы өзекті әлеуметтік міндеттерді шешуге жұмсалып жатыр.
– Бүгін ашық әрі пайдалы әңгіме болды. Сөз соңында қайталап айтқым келеді: мемлекет еліміздің өндірісіне қаржы салатын, тұрақты жұмыс орындарын ашатын адал кәсіпкерлерді әрдайым қолдайды. Бәріңізді жақсы танимын. Соңғы үш жылда мемлекет пен бизнес арасындағы ықпалдастық пен өзара түсіністік айтарлықтай нығайғанын көріп отырмыз. Мемлекетке пайдамды тигізсем деген отаншылдық ұстанымдарыңызды жоғары бағалаймын. Біз реформалар жолына түстік. Елімізде жүргізіліп жатқан саяси, әлеуметтік-экономикалық өзгерістер біздің аймақта бұрын-соңды болмаған. Халық қолдамаса, бұл реформалар іске аспас еді. Қазақстанның экономикалық әлеуетін нығайтуға бағытталған стратегиямды бизнес қоғамдастықтың қуаттағанын айрықша атап өткім келеді. Үкімет немесе құқық қорғау органдары арқылы мемлекет кәсіпкерлердің заңды қызметіне ешқандай кедергі келтірмеуге тиіс. Бұл – менің мызғымас ұстанымым, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Жиын барысында Премьер-Министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин, «Resmi компаниялар тобы» ЖШС, «RG Brands» АҚ президенті Қайрат Мәжібаев, «Қазақмыс Холдинг» директорлар кеңесінің төрағасы Эдуард Огай, InDrive компаниясының бас атқарушы директоры Арсен Томский, «AUDACIA Express» ЖШС бас директоры Бақытбек Қадыров, «Қазақстан Халық банкі» АҚ басқарма төрағасы Үміт Шаяхметова, «BI-Group» холдингі директорлар кеңесінің төрағасы Айдын Рахымбаев, «Karazhal Operating» компаниясының тең иегері, «Paryz» ҚР Жұмыс берушілер ұлттық конфедерациясы төралқасының төрағасы Жұмабек Жанықұлов, «Евразия инвест» ЖШС директоры Иван Георгиади, «Қарағанды фармацевтикалық кешені» ЖШС бас директоры Сергей Барон, «Атамекен» ҰКП төралқасының төрағасы Райымбек Баталов сөз сөйледі.
Сонымен қатар Freedom Holding Corp басқарма төрағасы Тимур Турлов, ЦАРКА президенті Олжас Сәтиев, «ЭлтексАлатау» ЖШС директоры Нұрлан Жәнібеков, «Aq Niet Group» ЖШС Бақылаушылар кеңесінің мүшесі Нұржан Ниязәлиев, Қазақстанның қорғаныс-өнеркәсіп кешені кәсіпорындары қауымдастығының төрағасы Айбек Барысов пікір білдірді.