Жетісу облысында кадр қажеттілігінің өңірлік картасы әзірленді

0
560

І.Жансүгіров атындағы Жетісу университетіЖетісу облысын білікті кадрлармен қамтамасыз етіп отырған бірден-бір жоғары оқу орны. Еліміз жаһандану заманына бет алып, қарқынды даму жолына түскендіктен қолданыстағы кейбір білім беру бағдарламалары еңбек нарығының қажеттіліктерін өтемейді. Осы мақсатта Ғылым және жоғары білім министрлігі Қазақстан Республикасының Үкіметі қабылдаған халықтың табысын арттырудың 2029 жылға дейінгі бағдарламасы шеңберінде «Мамандығым – болашағым» жобасын іске қосты.

Аталған жоба аясында 2023 жылы Жетісу университетінде өңірлік жобалық кеңсе құрылып, университет қызметкерлері форсайт-зерттеу курсынан өтті. Олар салалық сарапшылардың қатысуымен ауқымды форсайт-зерттеу жүргізді. Ондағы мақсат – облыс экономикасының дамуына сәйкес өңірге қажетті кадрлар картасын әзірлеу.

Жетісу облысына қажетті мамандардың өңірлік картасы – алдағы жылдар мен онжылдықтарда ең көп сұранысқа ие болатын мамандықтарды анықтайтын негізгі құрал. Карта білім беру бағдарламаларын дәл жоспарлауға, кәсіптік және жоғары білім беру жүйесін бейімдеуге, сондай-ақ өңірдің экономикалық өсуі үшін маңызды салаларды жоғары білікті кадрлармен қамтамасыз етуге көмектеседі. Картаны әзірлеу барысы бірнеше негізгі кезеңдерді қамтыды. Алдымен аймақтың экономикалық жағдайына талдау жүргізіліп, негізгі салалардың өсу серпіні мен өзгерістері зерделенді. Кадрларға қажеттіліктің өсуі байқалатын секторлар анықталып, кәсіби мамандар мен жұмысшы мамандықтардың болжамы жасалды. Форсайт-зерттеулер барысында технологиялар, автоматтандыру, жасанды интеллект және басқа да инновацияларды қоса алғанда, еңбек нарығындағы болашақ үрдістер де зерделенді. Бұл аймақтағы жаңа және ескірген кәсіптердің пайда болуын болжауға мүмкіндік берді.

Өңірге қажетті кадрларды неғұрлым нақты бағдарлау үшін кадр сұранысын жұмыс берушілермен, жергілікті әкімшілікпен бірлесе шешудің маңызы зор болды.

Жергілікті әкімдік жобалық кеңсеге өңдеу өнеркәсібі, ауыл шаруашылық және агроөнеркәсібі, энергетика және жаңартылған энергетика көздері, ақпараттық технология, туризм индустриясы сынды бес саланы ұсынды. Бес сала бойынша зерттеу жүргізген сарапшылар тобы алдағы екі жыл мен онжылдықта қажет болатын 64 жаңа мамандықты, өте қажет деген 68 мамандықты, өзгеріске ұшырайтын 26 мамандықты, жойылатын 21 мамандықты анықтады.

Бірінші бағыт өңдеу өнеркәсібі. Жетісу облысының өнеркәсіп секторы зор әлеуетке ие, ал оның дамуы білікті жұмысшыларға тікелей байланысты. Бұл бағытта сарапшылар 2040 жылға қарай Жетісу облысының өңдеу өнеркәсібі айтарлықтай өзгеріп, технологиялық, экологиялық тұрақты және тиімділігі жоғары секторға айналатынын болжайды.

Құрылыс материалдарын өндіру, тамақ өнеркәсібі, тоқыма, аккумулятор өндірісі сияқты аймақтың жетекші салалары автоматтандыру, цифрландыру секілді заманауи үрдіске толығымен бейімделеді. Робототехниканы, жасанды интеллекті және заттар интернетін (IoT) өндіріс процестеріне енгізу бизнесті икемді етеді және нарықтағы өзгерістерге тез жауап бере алады. Осыған орай, робототехника, автоматтандыру, өндірістік процестерді басқару және экологиялық менеджмент саласында білімі бар мамандар сұранысқа ие болады. Ол үшін жаңа оқу орталықтары мен колледждер, сондай-ақ жаңа технологиялық мамандықтарға ауысуға мүдделі адамдар үшін қайта даярлау бағдарламалары ашылады. Жабдықты жаңғырту және оңтайландыру бойынша техник, 3D модельдеу және басып шығару технигі, Өндірістік оқытуға арналған виртуалды шындық инженері, Цемент зауыттарындағы автоматтандырылған басқару жүйелерінің операторы, Инновациялық керамикалық материалдарды жобалаушы, Тасты (мәрмәрді) автоматтандырылған өңдеу жөніндегі маман, «Ақылды» жолдарды (асфальт жабындарын) жобалаушы, Өндірістегі ақылды жеткізу тізбегі және логистика маманы, Тігін процестерін автоматтандыру маманы, Тұрақты киім өндірісі, Сандық киім дизайны бойынша маман, Ақылды маталар және киілетін технологиялар технологы, Эмоционалды және психофизикалық күй менеджері сынды жаңа мамандықтар ашылады.

Ал, Инженер-эколог, Бақылау-өлшеу аспаптары және автоматика слесарі, Эколог, Құрастырушы-технолог, Инженер-оператор мамандықтары өзгеретін болады. Сонымен қатар, алдағы бірнеше жылда Механикалық жабдыққа қызмет көрсету механигі, Станок операторы, Техник-бақылаушы сынды мамандықтар мүлдем қажетсіз болып қалады. Қазіргі уақытта энергетика компаниялары, электр жабдықтарын жиі қолданатын өндірістер үшін Электр жабдықтарын жөндеу жөніндегі слесарь-электрик, Инженер-электрик, Слесарь-жөндеуші, Бақылау-өлшеу аспаптары және автоматика жөніндегі слесарь мамандары өте тапшы болып отыр.

Астық өңдеуге маманданған зауыттар, өндірістік кәсіпорындар үшін Құрама жем өндіру жөніндегі технолог, Ашытқы өндірісін автоматтандыру технологы, Майлы дақылдарды қайта өңдеу технологы, Өндірістегі сапаны басқару жөніндегі маман, Өңдеу өнеркәсібі үшін эколог-консультант, Өндірістік логистика менеджері, Биоинженерлер, Химик-технолог, Бизнес аналитик мамандарының жетіспеушілігі сезіліп отыр.

Екінші бағыт ауыл шаруашылығы. Жетісу облысының ауыл шаруашылығы және агроөнеркәсібінің болашағы да зор болады. 2050 жылға қарай облыс елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етіп қана қоймай, жайлы өмір сүруге жағдай жасайтын, өркендеген және серпінді аграрлық аймаққа айналады.

Бұл мақсатқа жету үшін білікті мамандар қажет. Болжам бойынша алдағы он жылда Интеллектуалды суару жүйесінің операторы, Шағын зауыттарда ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу жөніндегі техник-менеджер, Мал шаруашылығындағы цифрлық шешімдер жөніндегі маман, Экологиялық таза ауылшаруашылық технологиялары бойынша кеңесші, Сити-фермер, Агрокибернетика, Экожүйені қалпына келтіру инженері, Дәл егіншілік агрономы, Альтернативті ақуыз технологы, Ауыл шаруашылығындағы көміртекті талдау маманы, Тұрақты ауылшаруашылық жобаларының менеджері, Ауыл шаруашылығындағы карбонды технология инженері мамандықтары даярланады. Ал, қазіргі уақытта сала мамандары Слесарь-механик, Механизатор, Орман құтқарушысы, Өсімдіктерді қорғауға арналған БПЛА операторы, Орман шаруашылығы инженері, Ветеринарлық дәрігер, Карантин және өсімдіктерді қорғау агрономы, Гидромелиоратор, гидрогеолог, Инженер-реттеуші, Жануарларды қолдан ұрықтандыру жөніндегі техник, Балық өсіруші, Омарташы, Гүл өсіруші, Орнитолог, IT-механик мамандарының тапшылығын сезініп отырғанын айтады. Тракторшы, Зоотехник, Орманшы, Агроменеджер, Агромаркетолог, Агроэколог мамандықтарының ауқымы кеңейтіліп, өзгеретін болады. Ал, осы саладағы Сұрыптаушы, Орауыш, Орау, Тасымалдаушы, Өрт сөндіруші мамандары жойылады.

 Үшінші бағыт энергетика. Сарапшылар энергетика саласының және жаңартылатын энергетика көздерінің болашағы бойынша да терең талдау жасады. Жүргізілген сауалнамалар мен зерттеулер бұл салаға да жаңа мамандардың қажеттілігін анықтады. Энергия секторы 2040 жылға қарай барлық үдерістерді басқару, мониторингілеу және талдау үшін жасанды интеллект пен заттар интернетін (IoT, Internet of Things) пайдалана отырып, толық автоматтандырылатын болады. Автоматтандыру қол еңбегін азайтуға, қауіпсіздікті арттыруға және адам қателіктерінің қаупін азайтуға мүмкіндік береді.

Баламалы энергетика инженері, Жабдықты жаңғырту жөніндегі инженер, Метеоэнергетик, Жаңа буынның батарея жүйесін әзірлеуші, Регенерация және қайта өңдеу технологы, ЖЭК-тегі тиімді энергия технологиялары жөніндегі маман, Энергетика саласындағы технологиялық маркетолог, Өнеркәсіптік психолог, Энергия менеджері, Энергетикадағы SCADA және IoT жүйелерін жасаушы, Электромобильдерді зарядтау станциясының технигі, Энергетикадағы су циклі бойынша маман, Жел турбиналарын пайдалану жөніндегі техник, Биогаз қондырғылары бойынша техник сияқты бірқатар жаңа мамандықтар ашылатын болады. Бұл мамандықтар жаңартылған көздерден (күн, жел энергиясы, биомасса) энергия өндіруге арналған технологияларды әзірлеу және енгізуге және ресурс үнемдеуіне мониторинг жүргізу үшін қажет.

Электрик / IT-электрик, Токарь/ 3D токарь, Эколог / Smart-эколог, Инженер-диспетчер/ Энергетикалық желілердің IT-инженері болып өзгерсе, Қолмен басқару операторлары, Энергия тұтынуды бақылаушы, Түбіртек таратушы мамандықтары жойылады.

Бұл салада дәл қазір Энергетик-жобалаушы, Энергия қауіпсіздігі жөніндегі маман, Энергетика мамандарын даярлауға арналған педагогтар, Кәсіптік оқыту, Инженер-топограф, Инженер-гидролог, Бақылау-өлшеу аспаптары және автоматика жөніндегі инженер (КИПиА), Механик, Слесарь, Түсті металдарды дәнекерлеуші, Энергетикалық желілердің электромонтерлері, ЖЭК электромонтері, Электр монтаждаушы, Күн батареяларын пайдалану жөніндегі техник сияқты мамандар өте тапшы.

Төртінші бағыт Ақпараттық-коммуникациялық технологияларды дамыту бойынша облыста қарқынды жұмыс жүргізіледі. 2040 жылға қарай Жетісу облысы цифрлық технологиялар мен инновацияларды тиімді қолданудың үлгісіне айналады. Бұл басқарудың оңтайлы жүйесін қамтамасыз етіп, азаматтардың өмір сүру деңгейін жоғарылатады. Мемлекеттік қызметтерді цифрландыру ыңғайлы және қауіпсіз платформаларды енгізуді қамтамасыз етеді, бұл қызметтердің қолжетімділігі мен сапасын арттырып, деректердің ашықтығы мен қорғалуын қамтамасыз ету үшін блокчейнді қолдануға мүмкіндік береді. Бағдарламалау мен киберқауіпсіздік саласындағы мамандарды даярлау қарқынды дамиды. Халықаралық тағылымдамаларды қосқанда, әлемдік үздік тәжірибелерге қол жеткізуді қамтамасыз етеді. IT саласына инвестициялар стартаптарды және инновациялық жобаларды дамытуға мүмкіндік береді, бұл өзекті мәселелерді шешуге және технологиялық әлеуетті арттыруға ықпал етеді. Киберқауіпсіздік саласында деректерді және инфрақұрылымды киберқауіптерден қорғаудың тиімді саясаты қалыптасады. Бұл мемлекеттік қызметтің сапасын арттыруға, алаяқтықтың алдын алуға, қазіргі заманғы технологияларға негізделген бәсекеге қабілетті экономиканы құруға мүмкіндік береді. Бұл бағытта да жаңа білім беру бағдарламалары ашылып, мамандар даярланады. Кванттық есептеулер инженері, Жасанды интеллект және нейрожелі шешімдерін әзірлеу және интеграциялау инженері, Киберқауіпсіздік инженері, Blockchain- қосымшаларын құрастырушы, VR/AR архитекторы, Қашықтықтан жұмыс істеу маманы, Биоинформатик, Smart жүйелер инженері/IoT инженері, Цифрлық маркетинг менеджері, Білім беру инновациялары инженері, Техникалық жазушы, Цифрлық мәдениет менеджері, Киберкеңістік жобалаушы, Цифрлық дизайнер, Цифрлық экспозициялар мен көрмелер кураторы, Цифрлық ортадағы дыбыс режиссері, Персоналды дамыту жобалаушы, Жеке білім беру траекторияларын жобалаушы сынды жаңа мамандар пайда болады. Ал, 3D басып шығару инженері / Құрылыс саласындағы 3D басып шығару жобалаушысы, Жобалар менеджері / Цифрлық трансформация маманы, Диспетчер / Интеллектуалды жөнелту операторы, Желілер және жүйелер маманы / Перифериялық есептеулер инженері, Жүйелік әкімші / Бұлтты шешімдер инженері, Тестілеуші / Автоматтандырылған тестілеу инженері, Киберқауіпсіздік маманы / Киберстратег (киберадвокат), UX/UI дизайнер / AI-мен әрекеттесу дизайнері, Бағдарламалаушы / Кинематика бағдарламалаушысы, Желілік инженер /5G желілері жөніндегі маман, Веб-әзірлеуші / Пайдаланушы тәжірибесі бар Web-интерфейстерін әзірлеушісі болып өзгереді. Жойылып бара жатқан мамандықтар тізіміне Компьютер дизайнері, ЭЕМ операторы, Деректер енгізу операторы, Паскаль және басқа ескірген бағдарламалау тілдерінің әзірлеушісі, Бағдарламалық қамтамасыз етуді тестілеу инженері, Ескірген бағдарламалау тілдерінде ойын және веб-технологияларды әзірлеуші, Flash-қосымшаларын әзірлеуші мамандықтары еніп отыр. Ал, қазіргі таңда бұл салаға Fullstack әзірлеуші (Frontend/Backend инженерлері), Киберқауіпсіздік мамандары, Бұлттық технологиялар мамандары, Жасанды интеллект және машиналық оқыту мамандары, Бағдарламалық қамтамасыз ету архитекторлары, Инженер-әзірлеушілер, Ойын әзірлеушілері, Blockchain технологияларының маманы, Жүйелік әкімшілер, Инженер-техниктер,           Web-әзірлеушілер және UX/UI дизайнерлер, Микроэлектроника инженері, 1С әзірлеушілері қажет.

Бесінші бағыт туризм. Жетісу өзінің алуан түрлі табиғи ландшафты, бай мәдениеті мен тарихи мұрасы арқылы туристер үшін тартымды аймақ. Зерттеу тобының мәліметінше, өткен жылы өңірге 2 млн адам келген, 3,5 млрд теңге жеке инвестиция тарта отырып, 17 жаңа туризм нысаны іске қосылған. Бұл аймақ экотуризм, белсенді демалыс және мәдени сапарларға тамаша жағдай жасайтын өзінің көркем таулары, көлдері және ұлттық саябақтарымен танымал. Жетісу таулары туристерді альпинизм және трекингпен қызықтырады. Дегенмен, туризм өсудің драйверіне айналуы үшін қызмет көрсету, қонақ үй бизнесі, этнотуризм саласындағы кәсіби мамандар, сонымен қатар туристік өнімдер мен қызметтерді дамыту бойынша гидтер мен мамандар қажет. Осы қажеттеліктерді ескере отырып сарапшылар болашақта қажетті мамандықтар тізімін анықтады. Туристік навигацияларды әзірлеуші (цифрландыру), Танымдық туризм объектілерін әзірлеуші-дизайнер, Туристік нысандардың археологы, Туризмдегі ҰҰА маманы/инженері, Турист-сервис/әмбебап маман, Туристік жаттықтырушы (коуч), Туризмдегі Wellness нұсқаушысы сынды мамандар жаңадан қосылады.

Ал, Гид/гид-әмбебап, Кондуктор-өткізгіш/ Тасымалдаушы-нұсқаушы-өткізгіш, Қонақүй иесі/ Қонақүй иесі-аспазшы-есепші, Қолөнерші/ Қолөнерші-ұлттық өнім жасаушы, Музейтанушы/ Сандық немесе IT-музейтанушы, Гид-экскурсо-вод/Әмбебап гид-жүргізуші-экскурсовод, Туризм нұсқаушысы/ Кәсіби нұсқаушы, Маркетолог/Туристік өнімдердің маркетологы болып өзгереді.

Нарық қажеттіліктерінің өзгеруіне және мамандарға жаңа талаптар қойылуына байланысты туристік секторда кейбір мамандықтар жоғала бастайды. Олардың қатарында Портье-консьерж, Алдын ала белгіленген маршруттар бойынша тур операторлары, Дәстүрлі трансферлік тәсілмен байланысты қызмет көрсету персоналы мамандықтары бар.

Гид-әмбебап, Қонақүй индустриясының қызметкерлері (білікті), Туризмнің белсенді түрлерінің нұсқаушылары, Әмбебап маркетолог, Өлкетанушылар, Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар инспекторы, Әмбебап қызметкер (пісіру қабілеті, алғашқы медициналық көмек, жаяу турлар), Қолөнер маманы, Экскурсовод-гид-жүргізуші-нұсқаушы, Хаускип менеджері, Гид-экскурсия жүргізуші тапшы болып отыр.

Қазіргі уақытта Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу университеті 117 білім беру бағдарламасын іске асыруда, соның ішінде 22 білім беру бағдарламасы экология, агрономия, табиғатты пайдалану салаларындағы инновациялық білім беру бағдарламалары. Қазірдің өзінде университет салалық Атластар негізінде әзірленген 5 білім беру бағдарламасы бойынша маман даярлайды: Агрономия – ауыл шаруашылығындағы жаңа технологиялар жөніндегі маман, Агрономия – Ауыл шаруашылығы ғылымдары мен технологиялары – ауыл шаруашылығындағы жаңа технологиялар жөніндегі маман, Ақпараттық жүйелер архитектурасы – АТ экожүйелерінің сәулетшісі, SMART жүйелерді жобалау – әмбебап ЖИ әзірлеушісі, Туризм және қонақүй бизнесі – туристік дестинациялар бренд менеджері.

Өңірлік картаның жаңа кәсіптерін қысқа және орта мерзімді локализациялау үшін университет Туризм, Туризм және қонақүй бизнесі, Педагогика және психология, Психология (IP), Дене шынықтыру және спорт, Көркем еңбек, графика және жобалау, Биология, География-Тарих, Дизайн, Информатика, Ақпараттық жүйелер, Aқпараттық жүйелердің архитектурасы, Стандарттау, сертификаттау және метрология (салалар бойынша), Тарих, Оқыту бағдарламаларының дизайны (IP), Білім берудегі геақпараттық технологиялар, Білім берудегі менеджмент (Executive MBA), Табиғатты пайдалану және экологиялық қауіпсіздік білім беру бағдарламаларын жаңартуды бастайды. Жаңартылған білім беру бағдарламаларына талапкерлер 2025 жылдан қабылданады.

Қазіргі білім беру бағдарламалары тек өзекті ғана емес, бейімделгіш те болуы тиіс. Модульдік оқыту, жұмыс берушілермен тығыз ынтымақтастық, жобалық жұмыстар – мұның барлығы студенттерге еңбек нарығында сұранысқа ие дағдыларды игертеді.

Мамандарға қажеттіліктің өңірлік картасы – бұл жай ғана құжат емес, ол мамандар даярлауды, инвестициялар тартуды және Жетісу өңіріндегі өмір сапасын арттыруды қамтамасыз ететін стратегиялық жоспар.

«Мамандығым – болашағым» жобасы өңірдің бәсекеге қабілеттілігін жаңа деңгейге көтеріп, тұрақты өсім мен әлеуметтік өркендеудің берік негізін қалайды.

Ермек БӨРІБАЕВ,
І.Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің
Басқарма төрағасы – Ректоры

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here