13 ақпанда қылмыстық драма жанрында түсірілген режиссер Ақан Сатаевтың «Рэкетир. Новые времена» фильмінің үшінші бөлімі үлкен экранға шығады. Аталған фильмнің алғашқы бөлімі 2007 жылы жарық көріп, бірден танымалдыққа ие болды. Картина жас боксшы Саянның тағдыры тоқсаныншы жылдардағы қылмыс әлемімен байланысты болғанын баяндайды. Жаңа бөлімде көрермендерге ескі достар мен жаңа кейіпкерлер арасындағы қақтығыс ұсынылады. Команда алдыңғы бөліктердің атмосферасын сақтап қалды, бірақ жаңа реңктер мен тосын сыйлар қосты.
![](http://qazaq1913.com/wp-content/uploads/2025/02/пленка-.jpg)
ҰЗАҚ ҮЗІЛІСТЕН КЕЙІН ҮШІНШІ БӨЛІМДІ ТҮСІРУГЕ НЕ ТҮРТКІ БОЛДЫ?
– «Рэкетир» – бұл жай ғана бір адамның емес, күрделі кезеңді бастан өткерген тұтас бір ұрпақтың тарихы. Сол кезде елімізде нарықтық экономика енді ғана қалыптаса бастады және ешкімге жасырын емес, ол жылдар өте ауыр өтті. Күштілер билеп-төстейтін ережелер пайда болды. Мұның бәрі біз үшін жаңа қылмыс түрін тудырды. Менің жасымдағы адамдар немесе сол қиын жылдардың барлық ауыртпалығын сезінгендер үшін бұл картина естелікке толы. Көпшіліктің арасында рэкетпен түрлі жағдайда бетпе-бет келген таныстары, достары бар. Біз бұл фильмде сол кезеңді барынша шынайы көрсеткіміз келді, – дейді Ақан Қарғамбайұлы.
Сол кезеңнің шынайы бейнесін көрсеткен фильм бұрын-соңды болмаған резонанс тудырып, жалпы кассалық түсімі – бір миллион доллардан асты.
– Фильмге кеңесші ретінде тоқсаныншы жылдардағы қылмыс әлемін өз көзімен көрген адамдарды тарттық. Олар бізге сол жылдар туралы көптеген қызықты мәліметтер айтып қана қоймай, сценарий желісін шынайы етіп құруға, диалогтарды дәл жеткізуге көмектесті. Тіпті, кейбірі кастингке де қатысып, өз тәжірибелерімен бөлісті, – дейді 53 жастағы режиссер.
«Рэкетир» экранға шыққан сәтте-ақ жұрттың аузынан түспеді. Көрермендердің ықыласына қарағанда, осындай мұқият әрі шынайы көзқарас фильмнің сәтті болуына өз үлесін қосты.
Фильмнің жалғасы сегіз жылдан кейін (2015 жылы) жарық көрді әрі ол көрермендер тарапынан көптен күткен туынды болды. Сиквел кек алу туралы және кезінде қылмыс жолынан алыстаған Саянның тағдыры тағы да сынға түсті. Екінші бөлім де сәтті шықты, бірақ алғашқы фильмнің жетістігін қайталай алмады. Сондықтан режиссер үшінші бөлімді түсіруді жоспарламаған еді. Алайда, өткен қыста Ақан Сатаев ұзақ үзілістен кейін басты рөлді сомдаған актер Саят Исембаевпен бірге атақты фильмнің жалғасын түсіру туралы шешімге келді.
– Біз әңгімелесіп отырып, боксшы Саянның оқиғасын жалғастыруды шештік. Өйткені, екінші бөлімде бұл кейіпкерге аз көңіл бөлінді. Ал, шын мәнінде, «Рэкетир» – ең алдымен Саянның тарихы, сондықтан біз оны соңына дейін жеткізуіміз керек. Бірінші фильмнің экранға шыққанына 17 жыл, екіншісіне 10 жыл өтті. Осы уақыт ішінде көп нәрсе өзгерді. Сондықтан көрермендерге кейіпкерлеріміздің жаңа замандағы тағдыры қалай өрбігенін көрсету қызықты болады деп ойлаймын, – дейді идея авторы.
ТАМЫЗ АЙЫНДА БАСТАЛҒАН ТҮСІРІЛІМГЕ ДАЙЫНДЫҚ БАРЫСЫНДА БАС КЕЙІПКЕР НЕДЕН ҚИЫНДЫҚ КӨРДІ?
Үшінші фильмнің сипаттамасында көрсетілгендей, ірі бизнес, бопсалау, сатқын шенеуніктер мен күш құрылымдары… Иә, заман өзгерсе де, адамдар өзгермегені көрсетіледі. Бітіспес дұшпанын өлтіргені үшін түрмеде жазасын өтеген Саян бостандыққа шығады. Бірақ, оны ескі жауының ұлы кек алу үшін күтіп тұрғаны баяндалады.
Расында, үшінші бөлім Саянның түрмеден босап шығуымен басталады. Енді оқиғаның қалай өрбитіні боксшының қабылдайтын шешіміне тікелей байланысты. Мұнда кейбір көріністер шынайы түрмеде түсірілген. Фильм авторларының айтуынша, бұл тәсіл картинаны одан әрі шынайы етіп, актерлерге өз кейіпкерлерінің бейнесіне тереңірек енуге мүмкіндік берген.
– Түсірілім барысында маған сотталушылармен сөйлесу мүмкіндігі туды. Бұл менің кейіпкерімнің образын жасап, жалпы фильмнің атмосферасын қалыптастыруда маңызды рөл атқарды. Әлі күнге дейін түрменің иісі есімде. Бұл мүлде бөлек әлем, оны ұмыту оңай емес, – дейді алдағы күзде елуге толатын актер Саят Исембаев.
Фильмнің үшінші бөлімінде көрермендерді шытырман оқиға желісі, қақтығыстар, төбелестер, атыс көріністері күтіп тұр. Қысқаша айтқанда, тек драма ғана емес, нағыз экшн жанрының да барлық элементтері қамтылған.
– Жаңа фильм – алдыңғы екі бөлімнің жалғасы, бірақ бұл мүлде басқа, жаңа мағынаға ие оқиға. Өзгеріссіз қалған жалғыз нәрсе бұл Саянның образы. Ол – өмірде өз орнын таба алмаған, бірақ әділеттілікті қалайтын нағыз ер мінезді адам. Актер ретінде маған үшінші бөлімде жұмыс істеу өте қызықты болды. Бірінші және екінші «Рэкетир» фильмдерінен кейінгі жылдар ішінде мен де, менің кейіпкерім де есейді, өмірдің түрлі сынақтарынан да өтті, – деді Саят Темірболатұлы.
Саят Исембаевтың айтуынша, өткен жылдың тамыз айында басталған түсірілімге дайындық барысында бұрынғы спорттық формасына қайта келу қиын болған.
– Мен физикалық жағдайымды ретке келтіру үшін спортпен көп айналыстым. Бірінші фильмде ойнаған кезімде менің салмағым 88 келі болатын және 18 жылдан кейін үшінші фильмнің түсіріліміне дәл сол салмақпен шықтым. Ол үшін арықтауға тура келді. Әрине, оңай болған жоқ. Өйткені, фильмде экшн көріністері көп, олардың барлығы физикалық дайындықты талап етті. Әр қадам, әр қозғалыс – барлығы миллиметрге дейін дәл болуы керек, сондықтан көптеген дубль жасауға тура келді, – дейді актер.
Сонымен қатар, фильмде 52 жастағы ресейлік актер Андрей Мерзликин де бой көрсетеді. Отандық киноның көптеген жанкүйерлері оны Ақан Сатаевтың тағы бір танымал фильмі – мистикалық жанрдағы «Адасқан» арқылы жақсы біледі. Ал, «Рэкетир-3» картинасында ол басты кейіпкерлердің бірі ретінде көрінеді.
Жобада тағы бір ресейлік актер Денис Лебедев бар. Ол ең алдымен кәсіби боксшы ретінде танымал, спорттық мансабында бірнеше рет әлем чемпионы атанған. «Рэкетир-3» – оның кино саласындағы екінші жұмысы. Бұған дейін ол режиссер Петр Бусловтың «Бумеранг» фильмінде актерлік дебют жасаған еді.
Саянның басты қарсыласы – ықпалды байланыстары бар, табысты бизнесмен Абылайдың рөлін актер Асылхан Төлепов сомдайды. Дәл осы кейіпкер әкесінің өлімі үшін кек алуға бекінеді.
– Менің кейіпкерім көрермендер бірінші және екінші бөлімдерден жақсы білетін Жанның ұлы – Абылай. Ол қаржы холдингінің басшысы, әкесінің бизнесінің мұрагері. Ол өзіне де, ақшасының күшіне де толық сенімді. Бұл – бай әрі ықпалды адам, оның саясат пен іскерлік ортада мықты байланыстары бар. Осы образды сомдау қызықты болды, өйткені бұл арқылы мен бай адамдардың өмірін бір сәтке болса да сезіне алдым, – дейді Асылхан Төлепов.
Осы көктемде 33 жасқа толатын Асылхан Сайлауұлы «Рэкетир» фильмінің алғашқы бөлімін бала кезінде көрген және болашақта оның жалғасында ойнаймын деп мүлде ойламаған. Фильмде сондай-ақ Әсел Сағатова, Рауан Ахметов, Сәкен Аминов, Бауыржан Әбішев және басқа да танымал актерлер бой көрсетеді.
Айта кетейік, «Рэкетир» фильмін жиі ресейлік «Бригада» телехикаясымен немесе «Бумер» картинасымен салыстырады және бұл кездейсоқ емес. Бұл туындылардың барлығы да тоқсаныншы жылдардың аумалы-төкпелі кезеңдерін шынайы бейнелеген, өз дәуірінде үлкен резонанс тудырған. Дегенмен, оларды байланыстыратын тек ортақ тақырып пен қылмыстық драма жанры ғана. Олардың әрқайсысы өзіндік ерекшелігі бар бірегей жобалар.
– Біздің фильм барлық көрермендерге арналған. Әрине, «Рэкетирде» – қылмыстық оқиға, оның ішінде кек алу мен кісі өлтіру көрнісі бар. Бірақ, ең бастысы бұл кез келген адамға түсінікті, бүкіл әлемге ортақ құндылықтар туралы фильм, – дейді Ақан Сатаев.
ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН
Фильмнің мақсаты – біз өмір сүретін әлемнің бет бейнесін айқын көрсету. Көзі қарақты көрерменнің жүрегінен орын алатын «Рэкетир» фильмінің үшінші бөлімі ақпан айының ортасында үлкен экранға шығады. Ал, бұл туындыны соңғы бөлім деп атауға бола ма? Бұл сұраққа тек уақыт жауап береді. Режиссердің өзі «ешқандай уәде бермеймін» деп отыр.
Индира БІРЖАНСАЛ