2025 жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша елімізде 9,5 мың көлік компаниясы тіркелген және олардың 92,9 мың жүк автокөлігі бар. Соның ішінде шамамен 58 мыңы негізінен Қытай және Өзбекстан бағытында жүк тасымалдарын жүзеге асырады, ал алыс шетелге шамамен 2,4 мың көлік компаниясы 35 мыңнан астам автокөлік құралымен тасымалдарды орындап келеді. Бұл туралы Kazinform агенттігі жазды.
Бұл ретте Көлік министрлігі Қазақстанда шетелдік капиталдың қатысуымен жүк тасымалында неше көлік компаниясы бар екенін нақтылады. Кейінгі онжылдықта Қазақстанда шетел капиталының қатысуымен бірлескен 50 көлік кәсіпорыны тіркелген және олардың паркінде 1 964 автокөлік бар.
«Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Мұрат Әмриннің айтуынша, автомобильмен жүк тасымалдары 42 шет мемлекетпен жүзеге асырылады, ол үшін жыл сайын 350-400 мың көлемінде рұқсаттармен өзара алмасу жүргізіледі, оның ішінде 2024 жылы Қытаймен 230 мың рұқсат алмасу болған. Жаңа ереже аясында халықаралық жүк тасымалын жүзеге асыру үшін автокөліктің 30 күн ішінде елден шығуы кейбір жағдайларда мүмкін емес екенін айтқан. Ал бұл қағида іс жүзіндегі жағдайларға сай емес.
– Жүктер негізінен Ресей Федерациясы территориясы арқылы Қытайдан Еуропалық Одақ елдері бағытында тасымалданады. Санкцияға байланысты оның бір бөлігі қазір Транскаспий халықаралық көлік дәлізі арқылы өткізіліп жатыр. Атап өтерлік жайт, жаңағы айтқан 30 күн жүк көліктерінің елден шығып үлгеруіне жеткіліксіз. Ақтау портында, Каспий теңізінде қатты жел, дауыл соққанда, жүк тасымалына кедергі келтіреді. Қазір Құрық портында жүгін паромға қайта тиеп, теңізді асу үшін мыңдай көлік тізіліп тұр. Онда 25 күндей кезек күтеді. Ал Қытай шекарасынан Құрық портына дейін 5 күнде жету мүмкін емес. Біз құзыретті органдарға қойылған талаптар кәсіпкерлердің жұмыс істеуіне кедергі келтіретінін ескертеміз, – дейді Мұрат Амангелдіұлы.
Көлік министрлігі 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап отандық тасымалдаушылардың Еуропа бағытында тасымалдарын жүзеге асыру кезінде Ресей және Беларусь аумағы арқылы жүріп өту 6 автомобильдік өткізу пункті арқылы жүзеге асырылатынын (2024 жылғы 12 қаңтардан бастап 31 желтосқанға дейін қазақстандық тасымалдаушылар РФ пен РБ арасындағы тек 1 өткізу пункті арқылы өтетін) хабарлады.
2024 жылғы 9 айдың қорытындысы бойынша автомобиль көлігімен экспорттық-импорттық қарым-қатынаста 22,9 млрд АҚШ доллары сомасына 6,6 млн тонна жүк тасымалданды. Жалпы, 2024 жылдың қорытындысы бойынша статистикалық мәліметтер әлі қорытындыланған жоқ.
Сонымен қатар, ведомство Қытайдан Еуропаға баратын жүктердің ел аумағы арқылы транзитіне қатысты түсінік берді.
– 2024 жылғы 9 айда Қытайдан Еуропа бағытында Қазақстан аумағы арқылы автомобиль көлігімен 262 мың тонна транзиттік тасымал тіркеліп, 2023 жылмен салыстырғанда (106,1 мың тонна) 2,5 есе өсті және бұл көрсеткіштің одан әрі өседі, – делінген министрлік ақпаратында.
Министрлік 2024 жылғы сәуір мен желтоқсан айларында өзбек және қытай тараптарымен электронды рұқсат бланкілерімен алмасу жүйесін, сондай-ақ ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті Қытай және Өзбекстан шекараларында электрондық кезек жүйесін енгізді. Сонымен бірге, Қытаймен шекарадағы «Нұр Жолы» өткізу пунктінің жұмыс уақыты тәулік бойына ауыстырылды, ал қалған өткізу пунктерінің жұмыс уақыты 2 сағатқа ұзартылған.
Жанар ДӘУЛЕТҚЫЗЫ