Биыл елімізде ауыл шаруашылығы кәсіпкерлеріне жеңілдетілген лизингке 200 млрд теңге бөлінеді. Бұл туралы Үкімет отырысында АШМ басшысы Айдарбек Сапаров айтты.
– Бүгінгі таңда егіс науқанын ерте қаржыландырудың арқасында 205 млрд теңгеге 1,3 мыңнан астам өтінім түсті. Бұдан басқа, биыл жеңілдетілген лизингке 200 млрд теңге бөлу жоспарланып отыр, бұл агросектордың өнімділігі мен тұрақтылығын арттыра отырып, ауыл шаруашылығы техникасын жаңартуға қосымша серпін береді. Қаржыландыру осы айда басталады, – деді министр.
Бұдан бөлек, ведомство басшысы 2024 жылғы қарашада алғаш рет егіс жұмыстарын ерте қаржыландыру іске қосылып, кредит беру арналары кеңейтілгенін атап өтті.
– Осылайша, әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар арқылы кредит алу мүмкіндігі пайда болды. Осы орайда, егін науқанын сәтті және уақытылы жүргізу үшін әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялардың несиелендіруге қатысуын жандандыру маңызды, – деді Айдарбек Сейпілұлы.