Украина мен Ресей арасындағы соғыс шарықтау шегіне жетіп, халықаралық қауымдастықтың алаңдаушылығын қоздырды. Майдан даласындағы ахуал қос тараптың бітімге келуін барған сайын күрделендіре түсті. Еуропадағы газ тапшылығы жаһандық геосаяси динамиканы түбегейлі өзгертті. Украина – Ресей газ транзитінің тоқтауы саяси қатынастардың қайта түзілуіне ықпал етуде. Агрессорды экономикалық блокадаға алуға ұмтылған Еуропалық Одақ жаңа энергетикалық альянс құруға мәжбүр. Бауырлас елдердің жанжалында қай тараптың айы оңынан тумақ? Қыспаққа түскен Ресей ме, әлде өркениетті әлемге арқа сүйеген Украина ма? Ресей, Украина және Еуропа үшін транзитті тоқтату нені білдіреді? Ғасыр тарихы бар «Qazaq» газеті бүгінгі санында осы сұрақтарға жауап іздейді.
СҰРАПЫЛ СОҒЫС АЛПЫС ЖЫЛДЫҚ ГАЗ ТАСЫМАЛЫНА НҮКТЕ ҚОЙДЫ
Биыл 1 қаңтарда сағат тілі таңғы сегізді көрсеткенде, ресейлік газдың соңғы легі украин даласы көктей өтіп, кәрі құрлыққа жетті. Сұм соғыс осылайша алпыс жылдық газ тасымалына нүкте қойды. Көптеген сарапшылар күткендей, бұл оқиға саяси аренада дүмпу тудырмады. Әрине, теорияның іс жүзінде теріске шығуы таңданарлық құбылыс. 2009 жылы Ресей көгілдір отынын Еуропаға жөнелтуді екі аптаға доғарғанда, экономикада дүрбелең туып, үлкен дағдарысқа әкелген еді. Әлеуетті елдердің басшылары жағдайды бақылауға алуға тырысып, Еуропалық комиссия арнайы тергеу жүргізді.
Ал бұл жолғы байкоттың салдары өзгеше. Құрлықта газ бағамы сәл көтерілгенімен, одақтастар салқынқандылық танытты. Көшбасшылар арасында тек Словакия премьер министрі мен Молдова үкіметі ғана алаңдаушылық білдірді.
Соғысқа дейін (2015-2019) газ транзитін сақтау Украина үшін аса маңызды көзір саналды. 2018 жылы президент Пётр Порошенко Ресейден Германияға Балтық теңізі арқылы өтетін «Солтүстік ағын-2» құбырын салуға қарсы шықты. Себебі, Украина Ресей мен Еуропа арасындағы газ тасымалында көпір болғаны үшін қомақты транзиттік төлем алатын. Кіріс жылына шамамен 3 миллиард долларды құрайтын. Мұндай ірі көлемдегі қаржыдан кімнің де болса айырылғысы жоқ. Киев үкіметі 2019 жылы Мәскеу билігінен 10 жылдық жаңа газ транзиті келісіміне қол қоюды талап етті. Шартқа сәйкес, көрші ел «Солтүстік ағын-2» жобасынан бас тартып, көгілдір отынды тек Украина арқылы жөнелтуге тиіс. Ел басшылығы мұны экономикалық тұрақтылық үшін ғана емес, Ресей агрессиясынан қорғайтын қалқан есебінде қажеттілігіне назар аударды. Мемлекет мүддесін құбырдың шүмегімен ойнап қорғауға тырысты.
Даулы жарыссөздерден кейін, байырғы газ транзиті сақталды. «Солтүстік ағын-2» жобасы аяқсыз қалды. Әйтсе де, Порошенко болжағандай, үкілеген үмітінің аюды ноқталауға қауқары жетпеді. Соғыс өрті бәрібір тұтанды.
ЕУРОПАЛЫҚ ОДАҚТЫҢ ШЫҒЫНЫ
2025 жылдың басында Украина арқылы жіберілген газдың мөлшері айтарлықтай азайды. Бұрын жылына шамамен 130 миллиард текше метрден астам көгілдір отын өтсе, қазір бұл көрсеткіш 15 миллиард текше метрге дейін төмендеді. Соның 13 миллиард текше метрі Словакияға, 2 миллиард текше метрі Молдоваға тасымалданады. Биылдан бастап, кәрі құрлықтың энергетикалық қорында жыл сайын 15 миллиард текше метр газ кем болмақ. Жүйедегі ақауды сұйытылған табиғи газ (СТГ) сатып алып немесе тұтыну мөлшерін азайту арқылы, соның ішінде көмірді көбірек жағып қана оңдау қажет. СТГ нарығында көл-көсір молшылық байқалмайды. Шикізат бағасы 2015-2021 жылдардағы деңгейден едәуір жоғары. Дегенмен, АҚШ-та жылына 27 миллион тонна газ өндіруге қауқарлы екі зауыттың құрылысы аяқталып, іске қосылауға дайындалуда. Егер өндіріс ошақтары жұмысын бастаса шамамен 36 миллиард текше метр көгілдір отын нарыққа енбек. Бұдан бөлек, Канада мен Мексикадағы бірнеше СТГ зауыттарының құрылысы аяқталуға жақын қалды.
Еуропада газ бағасы былтыр көктемдегі ең төменгі шекпен салыстырғанда 1,5 есеге өсті. Әйтсе де, бұл 2022 жылдың қаңтарындағы бағадан екі есеге төмен. Мәселе тек 15 миллиард текше метр газдың жетіспеушілігіне тіреліп тұрған жоқ. Бағаның шарықтауы барлық СТГ импортына көлеңке түсіріп, жалпы шығындарды арттырып отыр.
Еуропалық Одақ ішінде транзиттің тоқтауынан ең көп жапа шеккен ел – Словакия. Ресей газы ел аумағынан өтіп, басқа одақтас мемлекеттерге тасымалданып келді. Жылына 200 миллион еуро көлемінде транзиттік төлем алатын. Одан бөлек, ресейлік газды тікелей «Газпромнан» сатып алуға жүрексінген мемлекеттерге делдалдық көрсетіп, табыс табатын. Енді төлем мен кіріс көзінен айырылып қана қоймай, көгілдір отынды басқа өндірушілерден қымбатырақ сатып алуға мәжбүр болмақ. Дегенмен, Словакияның негізгі қуат көзін атом электр станциясынан алатынын ескерген жөн. Газды көбіне өндіріс ошақтары, коммуналдық қызметтерге және экспортқа арналған электр энергиясын өндіру үшін тұтынады. Транзиттің тоқтауы алғашында бюджетке салмақ салғанымен, қара аспанды төндірерліктей дағдарыс тудырмайды.
РЕСЕЙДІҢ ШЫҒЫНЫ
Үш жыл бұрын ғана Еуропа «Газпром» үшін негізгі әлеуетті нарық болатын. Алайда, 2022 жылы жағдай күрт өзгерді. Қазіргі нарыққа селкеу түсірген 15 млрд текше метр газ бұрынғы тасымалданған көлемнің жұрнағына да татымайтын. Соғысқа дейін бұл мөлшер елеусіз саналып, СТГ нарығына ықпал ете алмайтын.
2025 жылы «Газпром» Қытайға 38 млрд текше метр, Түркияға шамамен 25 млрд текше метр және Қара теңізден өтетін «Түрік ағыны» арқылы кәрі құрлыққа 15 млрд текше метр газ экспорттамақ. Яғни, Украина транзитінен жоғалтқан 15 млрд текше метр «Газпромның» жалпы экспорттық көлемінің 16 пайызын құрайтын. Бұл – елеулі көрсеткіш, бірақ шешуі емес.
Үйреншікті транзиттің тоқтауынан туындаған мәселе оңайлықпен шешілмейді. Егер Ресей газы Еуропаға бұрынғы бағытпен тоқтаусыз тасымалданғанда, баға әлдеқайда төмен болар еді. Көгілдір отын құнының артуы, «Газпром» жоғалтқан 15 млрд текше метрге де, Еуропа мен Түркияға жөнелтетін 40 миллиард текше метрге де тікелей зардабын тигізбек. Біріншіден, Украина транзитінің жабылуы 15 млрд текше метр газдың сатылмауына әкелді. Бұл сөзсіз қаржылық шығын. Екіншіден, сырт көзге Ресей Еуропа мен Түркияға 40 млрд текше метрді қымбатқа сатып, ұтқандай көрінетіні рас. Әйтсе де, бұл ұзақ мерзімді перспективада экономиканы індетке шалдықтырады. Мысалы, бұрын 55 млрд текше метрді 100 доллардан сатып, 5,5 млрд доллар тапты делік. Ал қазір 40 млрд текше метрді 130 доллардан берсе де, бар болғаны 5,2 млрд долларды еншілейді. Баға өскенімен, экспорт көлемі азайған соң, жалпы табыс кемиді. Қысқа мерзімде «Газпромның» асығы алшасынан түскенімен, уақыт өте келе ресейлік газдың нарықтағы үлесі түгесіліп, ойыннан шығу қаупі бар. Қазіргі таңда ЕО АҚШ, Катар елдерінен газ сатып алуды қарастыруда. Алдағы он жылдықта бұл үрдіс өз нәтижесін беруі кәдік.
Егер Украин транзиті жалғасқанда, Еуропадағы баға 1000 текше метр үшін 300 доллар деңгейінде қалар еді. Бұл жағдайда Ресей жылына шамамен 4,5 млрд доллар табысынан айырылады. Бірақ, транзиттің тоқтауы бағаны 100 долларға көтеріп, Ресейдің жылына 40 млрд текше метр сататын көлемінен түскен табысын сақтап қалуға орай берді. Сондықтан, айтарлықтай шығын байқалмайды. Алайда, мұндай есептеулер өте шартты. Таяуда СТГ-нің жаңа легі пайда болса, уақытша дефицит жойылып, баға төмендеуі мүмкін. Сондай-ақ, Молдоваға жеткізілген газдан түсер табысты да ескеру қажет. Өйткені, аталмыш транзиттегі көгілдір отын іс жүзінде Приднестровьеге кетіп жатыр. Оның төлем шарттары түсініксіз. Ресей бұл газды басқа нарыққа бағыттаса, ұсыныс көбейеді. Өз кезегінде кәрі құрлықтағы бағаның төмендеуіне әсер етуі мүмкін.
«Газпромның» 2024 жылдың 9 айындағы қаржылық есебі көп дүниені аңғартады. Экспорттың төмендеуі компанияның кірісін 10 пайызға, ал газ сатудан түсетін пайданы 50 пайызға азайтқан. Бірақ, 2025 жылы Қытайға экспорт көлемі өссе, бұл шығынның үлесі бәсеңдейді. Өндіріс қысқарғанымен, негізгі шығындар өзгермейді. Әйткенмен, экспорттық баж салығының құны төмендейді. Себебі, баж салығы сатылым бағасының 30 пайызын құрайды. Қазір «Газпром» үшін негізгі табыс көзі – мұнай саласы. Жалпы кірістің 40 пайыздан астамы және саудадан түсер пайданың басым бөлігі қара алтыннан келеді.
УКРАИНАНЫҢ ШЫҒЫНЫ
Украина газ транзитіндегі майлы жіліктен әлдеқашан айырылған. Ал бүгінде жылына бірнеше жүз миллион доллардан ғана қағылуда. Бейбіт заманда газ тасымалының тарифі мың текше метр үшін 31,72 доллар болған. 2024 жылдың алғашқы алты айында «Нафтогаз Украина» транзит қызметінен 19 млрд гривен табысты тіркеген. Бірақ, бұл тек қағаз жүзіндегі ғана пайда. Шын мәнінде, 10,6 млрд гривен әлі берілмеді. Әзірше «Газпром» Киевке 8,4 млрд гривенді (210 млн доллар) зорға қиды.
«Газпром» келісім бойынша, жылына 40 млрд текше метр газ айдағаны үшін Украинаға ақша төлеуге тиіс еді. Оның құны 1,2 млрд долларды құрайды. Десе де, «Газпром» шарттың әлсіз тұстарын тиімді қолданып, айналып өтудің жолын тапты. Компания көгілдір отынды Ресейдегі Сохрановка бекетінен Украинаның Писаревка бекетіне жеткізуді сұрап отыр. Писаревка 2022 жылы Ресей басып алған Луганск облысында орналасқан. Сол себепті Украина газ тасымалдау жүйесінің операторы бұл бағыттағы газды қабылдай алмайтынын мәлімдеп, форс-мажор жағдайын алға тартты. Ал «Газпром» Киев газды өткізбесе, «айда немесе төле» шарты бойынша өтемақының көлемі азаятынын айтты. Сохрановка – Писаревка бағытының ақшасын төлеуден бас тартатындықтарын ескертті.
«Нафтогаз» да қол қусырып қалған жоқ. Төленбеген соманы қарыз санатына қосып, арбитражға шағымданды. Бірақ, сот үкімі Украинаның пайдасына шешілген күннің өзінде, соғыс аяқталмай, ақшаны өндіру екіталай. «Нафтогаздың» былтырғы алты айдағы жалпы табысы 143 млрд долларға жеткен. Бірақ, мұның ішінде «Газпромның» төлеуден бас тартқан транзиттік қарызы да бар. Компанияның қағаз жүзінде қамбасы толғанымен, қолдағы бары көңіл көншітпейді.
Бұған қоса, Украина өз аумағындағы газ қоймаларынан түсетін табыстан да айырылуы ықтимал. Жерасты нысандары Еуропадағы ең ірі газ сақтау орындарының бірі болып саналады. Бүгінге дейін Украина Ресей транзитімен келетін газды сақтап, қызметі үшін Еуропадан ақы алатын. Енді әдепкі кірісті уысынан жібермеу үшін газ керек. Ресейлік транзит түбегейлі тоқтаса, қойманы толтыру үшін басқа көздерден газ алу қажеттілігі туындайды. Мәселен, Австриядағы Баумгартен хабынан газ жеткізу қосымша шығын әкеледі. Мың текше метрге 50 еуродан төлеуге тиіс. Нәтижесінде, операцияның экономикалық тиімділігі төмендейді.
Қазір Украина газды өте аз мөлшерде импорттауда. Себебі, елдің өнеркәсібі мен газдан қуат алатын электр станцияларының көпшілігі соғыста зақымдалды. Ішкі сұранысты отандық өндірістер қанағаттандырып отыр. Еуропадан газ импорттауға әзірге қажеттілік жоқ. Алайда, транзит болмаған жағдайда, виртуалды реверсті (құжат жүзінде газды кері айдау схемасы) қолдану мүмкіндігі жойылады. Салдарынан Украинаға газ импорты екі есеге қымбаттайды. Себебі, газды кәрі құрлықтағы хабтарға жеткізу үшін және оны кері қайтару үшін екі мәрте тасымалдау ақысын төлеуі шарт.
МОЛДОВАНЫҢ ШЫҒЫНЫ
Украина арқылы өтетін газ транзитінің жабылуы ең алдымен Молдоваға ауыр тиді. Днестрдің оң жағалауы ресейлік газдан 2022 жылы бас тартқанымен, Приднестровье аймағы жылына шамамен 2 миллиард текше метр газ алып келді. Бұл газды аймақтағы ең ірі ГРЭС-те жағып, алынған электр энергиясын Молдоваға жіберетін. Осылайша, Молдованың электр энергиясына деген қажеттілігінің үштен екісін қамтамасыз етті. Дәл қазіргі сәтте Молдова газды Румыниядан сатып ала алады. Әйтсе де, Яссы-Кишинев құбыры тек екі шағын жылу электр станциясын қамтамасыз етуге жетеді. Ал Приднестровьеге газ жеткізудің жалғыз баламасы – Болгария, Румыния, Түркия арқылы өтетін құбыр. Аталмыш бағыттардың өте қымбатқа түсетіні тағы бар.
Бұрын «Газпромға» Приднестровьеге газ тасымалдау қиындық туғызбайтын. Ресейге 2 миллиард текше метр қосымша газ өндіру де, оны Украинаның қол жалғауымен айдау да үлкен шығын әкелмейтін. Киев үкіметі көп мөлшерде газ қабылдауға қуана-қуана келісетін. Соғыс бәрін өзгертті.
Теориялық тұрғыдан алғанда, «Газпромның» Молдоваға газ жөнелтуге мүмкіндігі бар. Жаңа бағытты «Түрік ағыны», Болгария және Румыния арқылы жүзеге асыра алады. Бірақ, ол үшін құбырдың бірнеше шақырымы Украина даласын кесу керек. Ал Украина президенті Владимир Зеленский Ресейдің ұпайын түгендейтін транзитке тыйым салған. Сонымен қатар, мұндай жеткізілімдер үшін «Газпром» Еуропаға сатылуы мүмкін «Түрік ағыны» газын Приднестровьеге тегін бағыттауы керек.
Ресей үшін Молдовадағы энергетикалық дағдарыс өте-мөте тиімді. Газ тапшылығы Молдова үкіметінің беделіне нұқсан тигізуге бірден бір себеп болуы мүмкін. Майя Санду бастаған демократиялық күштерге Кремльдің қырын қарайтыны екі бастан белгілі. Елде парламенттік сайлау жақындап келеді.
Бір қызығы, транзит тоқтамай тұрып-ақ, Приднестровьедегі 2500 Мвт қуаттық ГРЭС-тің газбен жұмыс істейтін энергия блогының тек 500 Мвт-і ғана пайдаланылыпты. Қалған 1600 МВт қуат көмірмен жұмыс істейтін генерацияға тиесілі екен. Оның қазір іске қосуға мүмкіндік бар. Бірақ, оның да машақаты жетіп артылады. Мол көмір қорын сатып алып, Приднестровьеге жеткізу керек. Ол үшін өзара алауыз Кишинев пен Тирасполь басшылығы бітімге келмесе болмайды. Кремльге арқа сүйеген Приднестровьенің көмір генерациясының әлеуетін толық қолдануға көнбеуі де бек мүмкін.
ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН
Түптеп келгенде, газ транзитінің тоқтауы ешкімге опа бермеді. Ресейге ит аяқтан сары су ішкізем деп ойлаған Еуропалық Одақ уақытша қиындыққа тап болды. Украинаның көзірі үдесінен шықпады. Мәскеу өз майына шыжғырылуға шақ қалды. Соғыс аяқталмай, күрмеуді шешуден қайыр жоқ тәрізді. Ахмет атамызша айтқанда, аққу көкке, шортан көлге, шаян шөлге тартып, мағынасыз егес жалғаса бермек.
Фараби СӘЙКЕНОВ