Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында күн тәртібінен тыс Салық реформасы мәселесі қаралды. Мемлекет басшысы отандық бизнес өкілдерімен кездесуде салық реформасын кәсіпкерлермен, депутаттармен және сарапшылармен бірге талқылауды тапсырды.
Үкімет отырысында Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндама жасады.
Оның айтуынша, әкімшілендіруді жеңілдету үшін нақты мөлшерлеме құрылымы (16%, 10%, 0% және босату) енгізіледі. ҚҚС мөлшерлемесін 16%-ға дейін арттыру ұсынылып отыр, бұл бюджеттің мұнай кірістеріне тәуелділігін азайтып, қосымша қаражатты басым жобаларға бағыттауға мүмкіндік береді. Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер үшін ҚҚС төлеуден босату енгізіледі, бұл олардың бәсекеге қабілеттілігін арттырады. Денсаулық сақтау саласына да 10% төмендетілген мөлшерлеме ұсынылып отыр, бірақ оны басқа салаларға да кеңейту мүмкіндігі талқылануда.
Сонымен қатар, ҚҚС бойынша есепке қою шегі 80 млн теңгеден 15 млн теңгеге дейін төмендетіледі, бұл бизнесті жасанды бөлшектенуімен күресуге және барлық компанияға тең жағдай жасауға мүмкіндік береді. Бөлшек салық режимі қайта қаралуда, жұмысшылар саны бойынша шектеулер алынып тасталады, ал іске асыру B2C сегментімен шектеледі. Салық түсімдерінің күтілетін өсу көлемі – жыл сайын 4-5 трлн теңге. Бұл Ұлттық қорға тәуелділікті және мемлекеттік қарызды азайтуға, инфрақұрылым мен өнеркәсіпке қаражат бөлуге көмектеседі. Ықтимал инфляциялық әсер қысқамерзімді болады және 2,5-3% деңгейінде бағаланады.
Ұсынылған тәсілдер «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы және бизнес-қоғамдастық өкілдерімен кездесуде талқыланды.
«Жалпы ұсыныстарды қолдаймыз. Осы аптада өңірлерге барып, халықтың барлық санатымен егжей-тегжейлі талқылау жүргізу керек. Мен де Астанадағы және өңірлердегі бизнес өкілдерімен талқылаулар өткіземін. Осы жұмыстардың нәтижесі бойынша 20 ақпанға дейін Салық кодексінің жобасы мен ілеспе заң жобасына түзетулерді Мәжіліске енгізу керек. Әрі қарай Мәжілісте талқылауды жалғастырамыз», – деп атап өтті Премьер-министр.