Мемлекет басшысы халыққа жолдауында «Елімізде еңбекқор адам, кәсіби маман – ең сыйлы адам болуға тиіс. Біз қарапайым еңбек адамына құрмет көрсетуіміз керек» деген болатын. Мұнай – тек энергетикалық ресурс емес, ол тұтас экономиканың күретамыры. Бұл салада еңбек етіп жүрген жандардың білімі мен қажырлы еңбегінің арқасында өндіріс дамып, мемлекеттер өркендейді. Қазақстан мұнай өндірісі бойынша әлемдегі жетекші елдердің бірі болып табылады. Мұнай саласы ел экономикасының негізін құрайды және оның дамуына айтарлықтай үлес қосады. Әсілі, қарапайым адал еңбекті серік еткеннің осалы жоқ. Адал еңбегімен абырой биігіне көтерілгендер қаншама?! Еңбектен өмірлік бақытын тапқан қарапайым жандар туралы әңгіме бөлек. Осы орайда, біз CNLC International Kazakhstan Inc. компаниясының каротаж инженері Ерқанат Кемелжанұлымен сұхбаттасып, оның жұмысы, саланың болашағы және осы мамандықтың ерекшеліктері жайлы әңгімелестік.
«ВАХТАЛЫҚ ЖҰМЫС ТӘРТІБІ МЕНІ ҚЫЗЫҚТЫРАДЫ, БІРАҚ БАЛАЛАРЫМНЫҢ ҚАЛАЙ ӨСІП ЖАТҚАНЫН КЕЙДЕ БАЙҚАМАЙ ДА ҚАЛАМЫН»
– Ерқанат Кемелжанұлы, өмірбаяныңыз туралы қысқаша айтып өтсеңіз, бұл мамандыққа қалай келдіңіз?
– Мен 1982 жылы 5 наурызда Қытай Халық Республикасында дүниеге келдім. Орта мектепті бітіргеннен кейін, 2003 жылы атамекенге оралдық. Кейіннен 2005-2009 жылдары Алматы қаласындағы Қаныш Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетінде Тау-кен мамандығы бойынша білім алдым. Білімімді шыңдап жүріп, әр түрлі салада жұмыс істедім. Мұнай саласына 2012 жылы CNLC компаниясына инженер ретінде іріктеуден өтіп, 2013 жылдың 12 наурызынан бастап осы компанияда каротаж инженері болып еңбек етіп келемін. Отбасымда жарыммен бірге балаларымызды өсіріп отырмыз.
– Бұл салаға қызығушылығыңыз қалай пайда болды?
– Бұл мамандыққа деген қызығушылығым өте жоғары. Қытай тілін меңгергендіктен Қытай мұнай компанияларында жұмыс істеу маған жеңілдеу болды. Сонымен қатар, вахталық жұмыс тәртібі де мені қызықтырды. Бір ай жұмыс істеп, келесі ай демалыс болғандықтан, жеке шаруаларымды реттеуге мүмкіндік бар.
– Мұнай саласының болашағы жайлы не айтасыз?
– Қазіргі таңда әлем жасыл энергетикаға бет бұрғанымен, мұнайдың маңыздылығы жоғалған жоқ. Біз экологиялық таза өндіріске көшу арқылы табиғатқа келтірілетін зиянды азайтуға күш салуымыз керек. Болашақта мұнай өндіруде жасанды интеллект, робототехника және автоматтандыру процестері кеңінен қолданылатын болады. Бұл тек өндіріс тиімділігін арттырып қана қоймай, жұмысшылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.
– Бұл мамандықтың қандай қиындықтары бар?
– Біріншіден, отбасыңнан алшақта жүру қиын. Кейде отбасыңа қажет кезде жанында бола алмай қаласың. Тіпті, бала туылған кезде де қасында бола алмауың мүмкін. Мұнайлы аймақтарда жұмыс істеу табиғат жағдайына байланысты қиындықтар туғызады. Қарлы боран, батпақты жерлер, қатаң климат – барлығына төзу қажет. Өмірімнің жартысы вахтада өтеді, бір жылдың алты айы жұмыста, алты айы үйдемін. Балаларымның қалай өсіп жатқанын кейде байқамай да қаламын.
– Бұл салада қауіпті жағдайлар жиі кездесе ме?
– Әрине, мұнай саласында қауіп көп. Мұнай ұңғымаларынан газ немесе өрт шығуы мүмкін. Жер астында мыңдаған жылдар бойы жиналған улы газдар бөлінуі ықтимал. Сонымен қатар, мұнай соратын ірі құрылғылармен жұмыс істеу де аса сақтықты талап етеді. Сондықтан техникалық қауіпсіздікті қатаң сақтау – басты міндет.
«МҰНАЙ ИНЖЕНЕРИЯСЫ – ТЕК ТАБЫС КӨЗІ ҒАНА ЕМЕС, ҮЛКЕН ЖАУАПКЕРШІЛІКТІ ТАЛАП ЕТЕТІН САЛА»
– Жұмысыңызда есте қалған ерекше оқиға болды ма?
– Иә, екінші ұлым дүниеге келген кезде мен жұмыста болдым. Сол күні түнгі ауысымда жұмыс істеп, таңға жуық қатты шаршап ұйықтап қалғанмын. Демалып жатқан өзге әріптестеріме кедергі келтірмес үшін телефонның дыбысын басып қойған едім. Таңғы жетіде оянып қарасам, жақындарым 28 рет қоңырау шалыпты. Жан-жарыма хабарласып мен оларды уайымдасам, олар мені уайымдапты. Отағасы сыртта, елсіз жерде жүрген соң алаңдайды ғой. Сол кезде кері байланысқа шыққан кезде екінші ұлым дүниеге келгенін естідім. Бір жағынан қатты қуандым, екінші жағынан осындай маңызды сәтте жанында бола алмағаным үшін қатты қынжылдым.
– Мұнай саласына қызығатын жастарға қандай кеңес бересіз?
– Бұл салаға қызыққан адам бірінші кезекте геология, химия, физика пәндерін терең меңгеруі керек. Сонымен қатар, табандылық пен үздіксіз ізденіс – нағыз кәсіби маман болудың негізгі шарты. Мұнай инженериясы – тек табыс көзі емес, үлкен жауапкершілікті талап ететін сала. Қара алтынды игеру – ғылым мен тәжірибенің тоғысқан тұсы. Сондықтан да бұл салада еңбек етіп жүрген мамандардың еңбегі қашанда құрметке лайық.
– Ерқанат Кемелжанұлы, бүгінгі сұхбатымызды немен түйіндер едіңіз?
– Мұнай саласы – үлкен қажыр-қайрат пен терең білімді талап ететін сала. Бұл мамандық тек материалдық тұрғыдан ғана емес, рухани төзімділік пен еңбекқорлықты да қажет етеді. Мұнай инженерлері табиғаттың қатаң жағдайында еңбек етіп қана қоймай, өндірістің қауіпсіздігі мен тиімділігін қамтамасыз етуге күш салады. Бұл салада жетістікке жету үшін табандылық, үздіксіз даму және кәсіби білім қажет.
– Ашық әңгімеңізге алғыс білдіреміз.
Сұхбаттасқан: Индира БІРЖАНСАЛ
ТАҚЫРЫПҚА ТҰЗДЫҚ
Мұнай өндірісінің қуаттылығы
2025 жылдың қаңтар айының соңында Қазақстанның тәуліктік мұнай өндіру көлемі рекордтық деңгейге жетіп, 278,499 метрлік тоннаға немесе 2 миллион баррельге тең болды. Бұл көрсеткіш 2024 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 10,5%-ға жоғары. Өндірістің өсуі негізінен Теңіз кен орнындағы кеңейту жұмыстарының нәтижесінде мүмкін болды.
Негізгі мұнай кен орындары
Қазақстанның мұнай өндірісі негізінен үш ірі кен орны арқылы жүзеге асырылады: Теңіз кен орны 2024 жылы тәулігіне 606,000 баррель мұнай өндірді. Қарашығанақ 1979 жылы ашылған бұл кен орны 2024 жылы тәулігіне 263,000 баррель мұнай өндірді. Ал, Қашаған 2000 жылы ашылған әлемдегі ең ірі теңіз кен орындарының бірі болып табылады. 2024 жылы мұнда тәулігіне 378,500 баррель мұнай өндірілді.
Экономикадағы үлесі
Мұнай секторы Қазақстан экономикасының негізгі тірегі болып табылады. 2025 жылы елдің жалпы мұнай және газ конденсатын өндіру көлемі 96,2 миллион тоннаға жетеді деп жоспарлануда, бұл 2024 жылғы 87,56 миллион тоннамен салыстырғанда айтарлықтай өсім көрсетеді.
Сонымен қатар, Қазақстан үкіметі халықаралық мұнай компанияларымен жасалған келісімдерді қайта қарауды көздеп отыр. Бұл қадам елдің мұнай жобаларындағы үлесін арттыруға, операторларды өзгертуге немесе келісімшарт шарттарын жаңартуға бағытталған. Мұндай шаралар елдің мұнай саласындағы табысын ұлғайтуға және ұлттық мүдделерді қорғауға мүмкіндік береді. Жалпы алғанда, Қазақстанның мұнай өндірісі ел экономикасының маңызды құрамдас бөлігі болып табылады және оның тұрақты дамуына айтарлықтай ықпал етеді.