М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының қолжазба қорынан қазақтың аса көрнекті ағартушысы, қоғам қайраткері Міржақып Дулатұлының өз қолымен жазған қолжазбасы табылды.
Бұл деректі институттың жетекші ғылыми қызметкерлері Насихат Мұрсалимова мен Жанат Салтақова жариялады. Қолжазбада М.Дулатұлы сол кездегі Қазақстан баспасөз комитетінің баспасөз бөліміне хат жазып, «Еңбекші қазақ» газетінде жарияланған жаладан қорғауын, мәселені оң шешіп беруін өтінеді. Хат 1926 жылы 9 қыркүйекте төте жазумен, қызыл сиямен жазылған. Хат көлемі – 2 бет. Қолжазбаның соңғы жағына М.Дулат (Мадияр) деп қол қойылған.
Институт қызметкерлерінің айтуынша, мәтіннің толық нұсқасы және дереккөз туралы мәлімет Міржақып Дулатұлы шығармаларының алдағы уақытта жарыққа шығатын академиялық толық жинағында беріледі.