Ғылыммен айналыссам деген адамның ақыл-ойы айқын, ерік-жігері зор, тілек-мақсаты ақиқат пен адалдыққа қызмет етуге талап жолында болуы шарт.
әл-Фараби
Даналарға тәлім берген ғұламалар туған өлкенің тумасы туралы қалам тербеу қашан да қиын, сол себепті де сөз басын данышпандарға ұстаздық еткен әл-Фарабидің қанатты сөзімен бастап, тақырыптың мәнін оқырманға таныстырып бастағанды жөн көрдік.
Ұстаз – білімнің шамшырағы, ғалым – жаңалықтың жаршысы, ал азамат – сол жетістіктердің нәтижесінде туған елінің жанашыры. Бұлардың әрқайсысы қоғамның ілгері дамуына жол ашып, өскелең ұрпақтың болашағына жауапты. Біздің кейіпкеріміз осынау үш қасиетті өз бойында қалыптастырып, жетілдірген жан. Ол азамат ретінде тек білім мен ғылымның ғана емес, қоғамның да жетістіктеріне үлес қосатын тұлға. Ұстаздың еңбегі – білім беру мен тәрбиелеуде, ғалымның еңбегі – жаңа идеялар мен зерттеулер арқылы ғылымның дамуына ықпал етуінде жатыр. Ал азамат ретінде ол қоғамның дамуына жауапты болып, өзінің іс-әрекеттерімен елдің игілігіне қызмет етеді.
Бұл үш қасиеттің әрқайсысы өзара тығыз байланысты. Ұстаздық қызметінде біліммен тәрбие беруші адам ғылымның жаңалықтарын жастарға жеткізіп, олардың санасына сіңіреді. Ғалым болса, қоғамның мәселелерін зерттеп, шешімдер ұсынумен қатар, ғылыми еңбектерін қоғамның қажеттілігіне бағыттайды. Азаматтық тұрғыдан алғанда, мұндай тұлға қоғамдағы әділдік, тыныштық пен тұрақтылықты сақтау жолында өзінің белсенді рөлін атқарып, ел болашағына әсер етеді.
Ұстаз, ғалым және азаматтың үйлесімділігі – қоғамдағы өзара түсіністік пен дамудың негізі. Тек осы қасиеттердің бірлікте болуы арқылы ғана біз тұрақты және гүлденген қоғам құра аламыз.
Бүгін біз сөз еткелі отырған жан осынау өлшемдерге өмір жолының өткелдері мен белестерінде сан қайтара сәйкестеліп қалыптасқан әрі ұстаз, әрі ғалым һәм азамат деп айта аламыз.
Әлқисса, осынау өнегелі ұстаз, білікті ғалым, алашты ардақ тұтқан арда азамат Досалы Исаханұлы асқарлы алпыстың асқарына шығып отыр.
Дала танымының тереңіне сүңгісек, сансыз бабтарға мекен болған, тоғыз жолдың торабындағы таным теңізінің іргелі ағыстарын қалыптастырып дамытқан Яссауи мен Фарабилерден бастап, Мұхтарлар мен Шәмшілерді тербеткен киелі мекен Арыс алқабының осы бір перзенті де бір әлем, қазынасын бойына жасырған ғажап көмбе секілді.
Біз осынау жанның өмір жолына парасат биігінен үңіліп, таным сәулесін түсіруге талпындық. Үмітіміз алдамапты, қаншама сыр мен қазынаға тап болғанымызды оқырман өзі бағамдасын. Іргелі зерттеулер келер күннің еншісінде десек те, бүгінгі ұсынбақ деректерде көңілді марқайтатындай.
Досалы Исаханұлы Арыс қаласындағы он жылдық орта мектепті тәмәмдағаннан кейін, жоғары оқу орнына, жоғары оқу орны болғанда бас жоғары оқу орны С.М.Киров атындағы (қазіргі Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті) Қазақ мемлекеттік университетіне оқуға түссем деген арманды арқаланып Алматыға келеді. 1984-1989 жылдары университеттің тарих факультетінде оқыды. Университет қабырғасында республикамыздың айтулы тарихшы ғалымдары – Ә.Чупеков, Н.Алдабергенов, М.Елеуов, Н.Кенжебаев, Қ.Құсайынұлы, Т.Көлбаев, Ә.Хасенов, Қ.Қаражанов, А.Құсайынов және тағы да басқа ұстаздардан тәлім алды. Университетті үздік бітіргеннен кейін Алматы қаласында қалдырылып, жолдамамен Қазақ политехникалық университетіне оқытушылыққа жіберіледі.
Досалы Исаханұлының ұстаздық, ғылыми шығармашылық еңбегінің жарқын белесі халқымыздың даңқты перзенті Қаныш Имантайұлы Сәтбаев есімін иеленіп отырған, техникалық университеттердің ішіндегі қара шаңырағымыз – Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетінде өрбіді десек, артық айтқандығымыз емес. Еңбек жолын осы университетте оқытушы болып бастап, одан кейінгі жылдары аға оқытушы, доцент, профессор лауазымдарында жоғары мектептің бел-белесті сатыларынан өтіп, абыройлы еңбек етіп келеді. Педагог-ғалым жоғары оқу орындарындағы басшылық қызметтерде де тәжірибе жинады. Әр жылдары «Шет ел тілдері әскери институтында», «Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінде» кафедра меңгерушісі болып еңбек етті.
Досалы Исаханұлы университет қабырғасында жүрген кезінен ғылымға бейімділігін байқатып, университеттегі студенттер аралық дәстүрлі ғылыми конференцияларға ұдайы қатысумен бірге, сол жылдары студент жастар арасындағы беделі зор басылым «Өркен» газетіне мақалаларын жариялап тұрды. Ұстаздық еңбек жолын бастағаннан кейін, ғылыми жұмысты да қалыс қалдырмады. Халқымызда «Ұстазы жақсының ұстанымы жақсы» деген қанатты сөз бар емес пе. Ғылым жолындағы ұстазды таңдауда Досалы Исаханұлы жолы болған жан. Кандидаттық ғылыми жұмысты бастасам деген оймен, өзі сыртынан құрмет көрсетіп жүретін, республикамызға белгілі ғалым, Қазақстан Республикасы ұлттық ғылыми академиясының академигі, тарих ғылымының докторы, профессор Р.Б.Сүлейменовтың Ұлттық ғылым академиясындағы есігін қағады.
Қазақстанға ғана емес, шетелге де аты мәлім айтулы ғалым жас ізденушіні жақсы қарсы алып, кандидаттық зерттеу жұмысымен айналыспақшы екендігін және жетекші болуға өзіне өтініш жасай келгенін білгеннен кейін ағамыз: «Мен сен секілді жас кезімде Мұхтар Омарханұлына өтініш айта барғанымда, ол кісі өзіңді қызықтырып жүрген бірнеше тақырыптарды алып кел, содан соң ішінен біреуін таңдармыз деп еді. Содан соң мен жиырмаға жуық тақырыптарды таңдап, апарғанымда арасынан біреуді алып, жұмысты бастап кетіп едік. Сен де солай жаса, өзіңнің жаныңа жақын бірнеше тақырыптарды таңдап алып кел, арасынан біреуін қарастырамыз», – дейді. Содан ары ізденіп, бері ізденіп, Рамазан Бимашұлына қайта барғанда, ол кісі ауруханаға түсіп қалған екен. Артынан, ағамыз мезгілсіз қайтыс болып кетеді. Осылайша көрнекті ғалымның жетекшілігінде ғылыми жұмысты бастасам деген ниеті іске аспай қалады.
Тағдырдың жазуымен Рамазан Бимашұлы ұстазы болмаса да, ғылыми жұмыспен айналыссам деген алға ұмтылыс Досалы Исаханұлын Рамазан Бимашұлының шәкірті, кандидаттық және докторлық диссертациясын айтулы ғалымның жетекшілігімен қорғаған, бүгінде Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі, тарих ғылымдарының докторы, профессор, тарихшылардың тұтас бір жаңа шоғырын қалыптастырған тұлға Ханкелді Махмұтұлы Әбжановпен жолықтырды. Ханкелді Махмұтұлының жетекшілігімен кандидаттық диссертациясын сәтті қорғап, үлкен ғылым жолына қадам басты. 2007 жылы тарих мамандығы бойынша Білім және ғылым министрлігінің доцент ғылыми атағы берілді. 2009 жылы университеттің профессоры академиялық атағын иеленді. Досалы Исаханұлы 2019 жылы Қазақстан педагогикалық ғылымдар академиясының толық мүшесі (академигі) болып сайланды.
Қасиетті тарих ғылымы саласындағы ізденісті жұмыстардың нәтижесінде Досалы Исаханұлының бірнеше іргелі зерттеу еңбектері жарық көрді. Ғалымның 2010 жылы жарық көрген «Отарсыздану ұлт тарихынан басталады» атты зерттеу еңбегінде халқымыздың тарихының өзекті мәселелері және тәуелсіздік кезеңіндегі ұлт тарихының отарлық сипаттардан арылуда, жас ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеуде алатын орны мен рөлі жаңаша пайымдаулар негізінде зерделенді. Аталған еңбек ел егемендігінің 25 жылдығына орай ұйымдастырылған Тәуелсіз Қазақстанның дамуы мен қалыптасуына арналған республикалық ғылыми шығармалар байқауының «үздік кітаптар» номинациясының тарих бағыты бойынша ІІ дәрежелі дипломға ие болды. Досалы Исаханұлы ХХ ғасырдың 20-30 жылдарындағы қоғамдық-саяси өмір тақырыбына қатысты республикамыздағы белгілі тарихшы маман болып табылады. Тарихшы ғалым Б.Қабдөшевпен бірлесіп жазған «Тұғыры биік тұлғалар» (2011ж.) деген еңбегінде, ХХ ғасырдың 20-30 жылдары кеңестік құрылыстың алғашқы кезеңінде әртүрлі жауапты қызметтерді атқара жүріп, «Үлкен қызыл террор» құрбаны болған халқымыздың аса көрнекті біршама қайраткерлерінің ұлт мүддесі жолындағы қажырлы күресі мен өмір белестерінің бір парасы қарастырылған еді. 2016 жылы жарияланған «Сталин және Қазақстан» деген зерттеу еңбегінде, Қазақ халқының басына төнген 1918-1922 жылдарындағы большевиктер әкелген алғашқы ашаршылық 1928-1933 жылдары болған сталиндік-голощекиндік геноцид, 1937-1938 жылдардағы сталиндік-ежовтық жаппай саяси қуғын-сүргін, екінші дүниежүзілік соғыс, күштеп қоныс аудару, 40-шы жылдардың екінші жартысы мен 50-ші жылдары орын алған сталиндік-бериялық саяси қудалау сияқты зұлмат пен зобалаңдарды соңғы жылдары құпиясыздандырылған И.В.Сталиннің жеке қоры, ҚР Президентінің мұрағаты қорларынан алынған деректер мен құжаттар, жарияланған еңбектер мен естеліктер негізінде талдау жасап, тарихи-танымдық тұрғыдан сипаттайды. Кеңестік дәуірдегі ащы шындықты айқын ұғына білудің маңызы зор екендігін бүгінгі ұрпақтың есіне салады.
Досалы Исаханұлы Мемлекет басшысының 2020 жылғы 24 қарашадағы №456 «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі комиссия құру туралы» жарлығына сәйкес құрылған Алматы қалалық «Қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау» жөніндегі комиссияның мүшесі ретінде ұлттық қауіпсіздік комитетінің, Алматы қалалық полиция департаментінің архивтерінде жұмыс істеп, бұрын істері «аса құпияландырылған» Алаш қайраткерлерінің және кеңестік кезеңде партия, кеңес органдарда жауапты қызметтерді атқарған ұлтжанды тұлғалардың саяси өміріне қатысты зерттеулерін одан әрі жалғастырып, 2022 жылы «Ерлік пен қасірет» атты еңбегін жарыққа шығарса, 2023 жылы қоғам және мемлекет қайраткері, әдебиет сыншысы Ыдырыс Мұстамбаевтың ұлт мүддесі жолындағы қоғамдық-саяси қызметін тың архив деректері негізінде талдаған «Қазақтың ар-намысты ардақты ұлы» деген ғылыми монографиясын көпшілік қауымға ұсынды. Ғалым 200-ден астам ғылыми мақаланың авторы, оның ішінде Scopus деректер базасында рецензияланатын журналдарда 3 ғылыми мақаласы жарияланды. Досалы Исаханұлы баспасөз бетінде тарихымыздың өзекті тақырыптарын ұдайы көтеріп келе жатқан ғалым. «Абылай ханның сыртқы саясаты» атты тақырыппен «Парасат» журналында жарияланған ең алғашқы мақаласынан (Парасат. 1992. №2) бастап, республикалық «Қазақ тарихы», «Қазақстан тарихы», «Ақиқат» журналдары мен «Жас Алаш», «Айқын», «Ана тілі», «Қазақ», «Алматы ақшамы» және тағы да басқа баспасөз беттерінде жарияланған ғылыми мақалаларының өзі бір төбе.
Ахмет Байтұрсынұлы, Сұлтанбек Қожанов, Әлиасқар Әлібеков, Бегайдар Аралбаев, Сәлімгерей Қаратілеуов, Тимофей Седельников, Иса Ахымбеков, Ораз Исаев, Әзімбай Лекеров, Ыбырай Ақпайұлы, Зейнолла Төреғожин және тағы да басқа тұлғаларға арналған зерттеулері қайраткер тұлғалардың қоғамдық-саяси қызметін саралаудағы сүбелі еңбектер болды деп есептейміз.
Жас ұрпақты патриотизм рухында тәрбиелеу, халықтың ұлттық санасын қалыптастыру, жадын жаңғырту саласында отан тарихының атқарар қызметі мен алар орнына айрықша мән берген ол оны мектепте, жоғары оқу орындарында оқыту сапасын жақсарту, мәні мен маңызын арттыру мәселелерін баспасөз бетінде көтеріп, өз ойын көпшілік оқырманның ортасына салды. «Ұлт тарихы тұғырынан таймасын» (Ана тілі. 2006. 19 қазан), «Отан тарихы өкпе-реніш тарихына айналған ба?» (Айқын. 2012. 11 қыркүйек), «Тарихы жоқ халық – елі де, жері де жоқ халық» (Айқын. 2013. 28 маусым), «Отаншылдық ұлт тарихынан басталады» (Айқын. 2016. 26 сәуір), «Білімге қатысты мәселені таныстықпен шешу қауіпті» (Заң газеті. 2018. 9 ақпан) атты тақырыптармен жарияланған көлемді мақалаларында өзінің патриоттық айқын көзқарасын танытты.
Досалы Исаханұлы тәжірибелі және білікті ұстаз ретінде республикалық ғылыми-педагогикалық «Қазақ тарихы» журналы мен республикалық ғылыми-әдістемелік және педагогикалық «Қазақстан тарихы» журналдарының ақылдастар кеңесінің мүшесі болды. Әдіскер ұстаздың қаламынан жоғары оқу орындарының студенттеріне арналған «Қазақстандағы қазіргі кезеңдегі мәдени процестер» (1991-2002); «Тәуелсіз Қазақстанның тарихы» (1990-2004); «Жоғары техникалық білім ордасы» (2014); «История и культура народа Казахстана» (2019); «Қазақстан халқының тарихы мен мәдениеті» (2023) атты оқу құралдары жарық көрді.
Ғалымның еңбек жолындағы ұстаздық тәжірибесі мен ғылыми білімін, күш-жігерін жас ұрпақ тәрбиесіне, жастарымызды отансүйгіштікке, патриоттық рухта тәрбиелеуге айрықша көңіл бөліп келе жатқанын айта кетсек артық болмас. Республикалық теледидар, радио және бұқаралық ақпарат құралдарының беттерінде республикамызда болып жатқан қоғамдық-саяси өзгерістерге байланысты, халқымыздың тарихы мен ұрпақ тәрбиесіне байланысты халқымызды толғандырып жүрген, күрмеуі терең күрделі мәселелер жөнінде ұдайы түрде пікір білдіріп, республикамызда болып жатқан қоғамдық-саяси өмірге белсенді атсалысып келеді. Ұзақ жылдар республикалық «Рахат», «СТВ» телеарнасында білім, ғылым, руханият, ұрпақ тәрбиесі және саяси бағдарламалардың тұрақты түрдегі сарапшысы, кеңесшісі әрі белсенді қатысушы болып табысты еңбек етті. Телеарнадан берілетін «Ұлт пен ұрпақ», «Әлеумет», «Парасат», «Өркениет өзегі», «Тәулік тынысы», «Зерде» бағдарламаларының белсенді авторы болғанын ерекше айтып кетуге тұрарлық жұмыс.
Ғалым Ұлы жеңістің жетпіс жылдық мерекесіне арналған «Тұңғыштар. Жеңіске қосылған үлес» атты хабарларға белсенді қатысып, өзінің білім-парасатын көрсетті. «Білім және мәдениет» арнасынан жыл бойы көрсетілген осы хабарлар барысында көрермендер, Ұлы Отан соғысы туралы, онда ерлік көрсеткен қаһармандар жайлы тың деректермен танысты. Әсіресе «Атты әскерлер», «Брест қорғаны», «Ұшқыштар» туралы хабарлар халықтың зор қызығушылығына бөленді. «Тұңғыштар. Жеңіске қосылған үлес» хабарының осындай мазмұнды шығуына тарихшы-ғалым Досалы Исаханұлы маңызды үлес қосты. Соғыс тарихы туралы, ардагерлер жайлы бұған дейін зерттелмеген тың мәліметтерді анықтап, оларды ғылыми негізде халыққа жеткізді. Сондықтан «Хабар» телеарнасы қайраткер ғалым Досалы Исаханұлына шығармашылық табыс, зор алғысын жеткізіп, алдағы уақытта да қоғам үшін талмай еңбек етуіне тілектестігін білдіріп Алғыс хатпен марапаттаған болатын.
Досалы Исаханұлының отандық тарих ғылымын дамытуға және жастар тәрбиесіне сіңірген еңбегі мемлекеттік марапаттармен лайықты аталып өтілді. Жастарға сапалы білім және саналы тәрбие берудегі айрықша еңбегі үшін 2014 жылы Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» атағы беріліп, төсбелгімен марапатталды. 2015 жылы еліміздің үдемелі дамуына қажетті жоғары білікті мамандарды дайындаудағы, оқу үдерісін жоғары дәрежедегі деңгейде өткізуге қосқан үлесі және оқу әдебиеттерін жазудағы көпжылдық нәтижелі еңбегі үшін А.Байтұрсынұлы атындағы алтын медалімен марапатталды. 2018 жылы VI республикалық «Үздік ұстаз» байқауының жеңімпазы болды. Сонымен қатар, Ахмет Байтұрсынұлы, Сұлтанбек Қожанұлы сынды қоғам және мемлекет қайраткерлерінің ғылыми мұраларын зерттеп, жарыққа шығарудағы еңбегі үшін Ахмет Байтұрсынұлы (2022) және Сұлтанбек Қожанұлы (2020) мерейтойлық медальдармен марапатталды. 2020 жылы білім саласына қосқан айрықша еңбегі үшін «Қазақстан педагогтарының 100 жаңа есімі» төсбелгісімен, 2021 жылы қоғамға қосқан айрықша еңбегі үшін «Қазақстан Республикасының құрметті азаматы» төсбелгісімен марапатталды. 2024 жылы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетінің дамуына қосқан ерекше үлесі үшін «Сәтбаев университетінің алтын медалімен марапатталды. Сондай-ақ 2024 жылы Қазақстан Республикасы ғылым және жоғары білім министрлігінің қазақ тілінің мәртебесін көтеруде шығармашылық белсенділік танытқаны, гуманитарлық салада ынтымақтастықты нығайтуға және дамытуға елеулі үлес қосқаны үшін «Ахмет Байтұрсынұлы» төсбелгісімен марапатталды.
Досалы Исаханұлының еңбегін құрмет тұтып, бағалаған туған өлкесі де өзінің құрметін көрсетіп жатыр. Ғалымның есімі Арыстың өткені мен бүгіні, осында дүниеге келіп, ел өмірінде айрықша із қалдырған тұлғалардың бейнесі нақты деректермен айшықталған еңбекке енді (Арыс. – Астана: «Фолиант» баспасы. 2015. – 304 б.). Сонымен қатар, осы топырақта кіндік қаны тамған бірегей тұлғалар мен мемлекет, қоғам қайраткерлері, ғалымдар мен өнер шеберлері, қаланың және оның бағынысындағы ауыл округтерінің өсіп-өркендеуіне еңбегі сіңген азаматтар жайлы жазылған «Арыс энциклопедиясында» да Досалы Исаханұлына лайықты орын берілген (Арыс: Энциклопедия. Шымкент: Аламан береке баспасы. 2016. – 480 б.). 2024 жылы шілде айында Арыс қалалық маслихатының шешімімен «Арыс қаласының құрметті азаматы» атағы берілді. Туған жердің құрметінен асқан мәртебе бола қоймас.
«Алпыс – тал түс» дейтін қазақ үшін бұл жас – парасат биігіне көтеріліп, кемелденген шақ. Осы жаста айтар ой мен білдірер пікірдің де құны арта түседі. Сондықтан, алдағы уақытта да ғалымның бергенінен берері мол деп сенеміз. Жұмысыңызға шығармашылық табыс тілей отырып, әрқашан парасат биігінен көрініңіз демекпіз.
Болат ЖОЛАМАНҰЛЫ,
т.ғ.к., профессор,
Ғұмарбек Даукеев атындағы
Алматы знергетика және байланыс университетінің
кафедра меңгерушісі;
Ермахан СЕРІКБАЙҰЛЫ,
Қаныш Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық
университетінің аға оқытушысы