Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Шариғат және пәтуа бөлімі Түркі мемлекеттері ұйымына қарасты Мүфтилер алқасы жанындағы Пәтуа кеңесімен ақылдаса келе, биылғы Рамазан айының басталатын күнін бекітті.
Ортақ пәтуаға сәйкес, қасиетті Рамазан айы 1 наурызда басталады. Ал, наурыз айының 26-нан 27-не қараған түн – қасиетті Қадір түні. 30 наурыз – Ораза айт мерекесі.
Бүгін, 18 ақпанда Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының төрағалығымен өткен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Төралқа мәжілісінде пітір садақасы еліміз бойынша екі келі ұнның орташа бағасы негізінде 655 теңге болып бекітілді.
«Алдағы күндері күллі мұсылман үмбеті асыға күтетін айлардың сұлтаны – Рамазанға қадам басамыз. Бұл ай – береке мен мейірімнің, сабыр мен сауаптың кезеңі. Сондықтан, дайындық жұмыстарына аса жауапкершілікпен қарауымыз керек. Біз мешіттерімізде жамағаттың құлшылықтарын ыңғайлы әрі жүйелі ұйымдастыру, ауызашарлар өткізу, қайырымдылық шараларын жандандыру, тарауық намазын дұрыс жүйелеу секілді мәселелерді талқылап, тиісті шараларды пысықтауымыз керек. Сондай-ақ, халыққа діни ақпаратты кеңінен тарату, оразаға қатысты сұрақтарға жауап беру, пәтуаларды дер кезінде ұсыну – біздің басты міндетіміз», – деді Бас мүфти.
Жиналыс барысында бөлім меңгерушілері өздерінің жұмыс бағыттары бойынша Рамазан айында атқарылатын іс-шаралар жоспарын бөлісті. Жиын соңында Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы ҚМДБ қызметкерлері мен облыс бас имамдарына нақты тапсырмалар берді.
Сондай-ақ өзіңізге қажетті облыс, қала, аудан және ауылдың (барлығы 6000 елді мекен) ораза және намаз кестесін жоғары сапада pdf форматта muftyat.kz сайтынан https://www.muftyat.kz/kk/page/web/ramadan/ сілтемесі бойынша жүктеп алуға болады.