Абай университетінің бастамасымен 2022 жылы өмірге келген «Педагогикалық сынып» жобасы бүгінде өз жемісін беріп келеді. Өйткені, бұл жоба орта мектеп түлектерін кәсіби тұрғыда өзін-өзі дамытуға және үздіксіз педагогикалық білім беру жүйесіне бағытталған педагогикалық мамандық туралы түсініктері қалыптастыруына зор мүмкіндік береді. Яғни, болашақ маман мектеп қабырғасында жүріп, өзін болашақ педагог ретінде қалыптастыра алады.
Осы мақсатта және орта мектеп мұғалімдеріне оқу-әдістемелік құралдарды әзірлеу мен рәсімдеу бойынша әдістемелік қолдау көрсету үшін Түркістан облысы Білім басқармасының Кентау қаласы білім бөлімінің басшысы А.Ауелбековтың және Кентау қалалық білім бөлімінің әдістемелік кабинет меңгерушісі А.А.Мақұлбековамен бірлескен семинар 2025 жылдың 13 ақпанында Ю. Гагарин атындағы №16 мектеп-лицей базасында өтті.
Семинарға Абай университетінің Академиялық мәселелер жөніндегі департамент директоры Хайрулла Жанбеков пен педагогика кафедрасының профессоры Бауыржан Сейдахметов қатысты. Семинар барысында университет өкілдері қалалық білім бөліміне қарасты мектеп басшылары, пән мұғалімдері, кәсіби бағдар педагогтерімен кездесу өткізді. Сондай-ақ, Кентау қаласының 23 мектебінде 23 профориентолог мұғалімдері педагогикалық сынып бойынша 36 сағат біліктілік курсынан өтті. Сонымен қатар, осы жоба аясында 10-11 сыныптың 350 оқушысы педагогикалық сыныпта білім алуда.
«Педагогикалық сынып – бұл жай ғана жоба емес, ол мұғалімдердің жаңа формациядағы педагогикалық кадрларды қалыптастырудың негізі», – деді Хайрулла Жанбеков.
Іс-шарада педагогикалық сыныптардың атқаратын жұмыстары, болашақ педагог мамандарды бірлесіп даярлау бойынша баяндама жасалынып, тренинг өткізілді. Ұстаздар педагогикалық қарым-қатынастың, жобалау мен тәрбие қызметін ұйымдастырудың ерекшеліктері мен «Педагогикалық сыныпты» құру жобасы және рухани тазалық ұстанымдарымен танысты.
Профессор Хайрулла Жанбеков 2025 жылдың 6-12 ақпан аралығында «Педагогикалық сыныптағы «Педагог мамандығына кіріспе» факультатив пәнінің теориясы мен тәжірибесі» тақырыбында біліктілікті арттыру курсынан өткен кәсіби бағдар педагогтеріне сертификат табыстап, игі бастамаға сәттілік тіледі. Семинар соңында Педагогикалық сынып жобасы аясында білім алып жатқан оқушылармен семинар тренингтер ұйымдастырылды.
Жоба жаңа білікті мамандарды дайындау арқылы ұстаздық кәсіптің дамуына өз үлесін қосуды жалғастыруда.