Балаларға арналған Sim-карталар сәуірге дейін енгізіледі, бұл Sim-карталар ЖСН арқылы тіркеледі және жас ерекшелігіне лайық емес қосымшаларды жүктеуге және контент көруге мүмкіндік бермейді.
Оқу-ағарту министрлігі «Балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау, суицидтің алдын алу және олардың құқықтары мен саламаттығын қамтамасыз ету жөніндегі 2023-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарға» енгізілетін өзгертулерді қоғам талқысына ұсынды.
Жоспарға балаларға арналған Sim-карталарды енгізу міндеті қосылған және оны іске асыру мерзімі ретінде 2025 жылғы сәуір көрсетілген.
Министрліктің түсіндіруінше, балаларға арналған Sim-карталар ЖСН және баланың туу туралы куәлігінің нөмірі бойынша ғана тіркеледі. Сәйкесінше, бұл карталар баланың жас ерекшелігіне сәйкес келетін қосымшаларды пайдалануға және контентті тұтынуына ғана рұқсат береді. Бұл ретте Оқу-ағарту министрлігі АҚШ, Ұлыбритания, Германия, Жапония, Үндістан тәжірибесін алға тартып отыр. Шектеу жұмыстарының сәтті жүзеге асуы үшін бұл іске Apple (AppStore) және Google (GooglePlay) компанияларының өкілдері, түрлі маркетплейстердің иелері тартылады.
Балаларға арналған Sim-карталарды енгізуге Оқу-ағарту әне Цифрлық даму министрліктері жауапты болады.