2025 жылы 20 ақпан күні Ахмет Байтұрсынұлы музей-үйінде көне түркі жазуларының қыр-сырын меңгерген белгілі түркітанушы, алаштанушы ғалым, филология ғылымдарының кандидаты, доцент Аманқос Мектептегімен кездесу өтті. Кездесуге әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Филология факультетінің докторанттары мен Тарих факультетінің студенттері және музей-үй ұжымы қатысты.
«Өскелең ұрпаққа айтарымыз…» атты тақырыпта өткен тағылымды кездесуде ғалым Аманқос Мектептегі Қазақстанда Алаштану ғылымының қалыптасу тарихын, тәуелсіздіктің қарсаңында Алаш арыстарының ақталу барысын өзінің ғылымдағы жолымен бірлестіре баяндап берді. Ғалым өзінің Алаш мұраларын, «Қазақ» газетін, «Айқап» журналын алғаш парақтаған сәттегі көңіл-күйін, қазақ тарихының жоғы түгенделіп, өлгені тіріліп, өшкені жанғандай болған тарихи бетбұрыс дәуіріндегі қызыққа да, қиындыққа да толы естеліктерін бөлісіп ағынан жарылды.
Кездесудің сөз тізгінін музей-үй бөлім меңгерушісі Жәмила Айдос ұстады. Қонақтар ғалымға түрлі сауалдар қойып, кездесу соңы ғалым мен жастар арасындағы сыр-сұхбат үлгісінде өрбіді.
«Ғаламдағы неше мыңдаған ұлттардың ішінде тарихи төл жазуы болған тек бірнеше ұлт бар. Соның бірі – қазақ, яғни түркі халқы. Түркі халықтарының руна жазуын қыр-сырын толық меңгермегендіктен, сан мың жылдық мұрамызға айналған тастағы ғажап жазуымыздың қадір-қасиетін, рухани мәнін, адамзат рухына берер әсерін, тіптен таңғажайып тылсымын өз деңгейінде бағалай алмай келеміз. Тарихи төлтаңбасы бар Алаш баласы ендігі жерде сол жазуды қайта қолданысқа енгізуге талпынуы керек. Ол біздің ұлттық болмысымызды, дүниетанымымызды өзге жұрттан бөлектеп тұратын теңдессіз байлығымыз», – деп сөзін түйіндеген зерттеушінің пікірі басқосуға жиналғандарға өзгеше ой, бөлекше шабыт сыйлады.
Кеш иесі мұнан басқа да тағылымды тақырыптар төңірегінде келелі кеңестерін ортаға салды. Айталық, ғылымдағы түпнұсқа жазбалардың құны, қадірі туралы тоқтала келіп, ғалым сөз кезегінде Ахмет Байтұрсынұлы музей-үйінің тарихын, Алаш көшбасшылары ақталғаннан кейін Ахмет тұрған үйді іздеу және табу барысындағы тарихи сәттерді баян етті.
Кездесу соңында ғалым өзінің соңғы жылдары зерттеп жазған ғылыми еңбектерін таныстырып, өзінің ғылымдағы жолы туралы жинақтап жазылған «Рунатанушы ғалым» атты кітапты музей-үй кітап қорына сыйға ұсынды. Музей-үй ұжымы ахметтанушы ғалым Райхан Имаханбеттің «Ғасыр саңлағы» еңбегі мен белгілі жазушы Дидар Амантайдың «Ахмет Байтұрсынұлы: Тіл мұраты, болмыс философиясы» атты кітабын ғалымға сыйлады.
Аманқос Мектептегі Алаш және Ахмет тақырыбында жазып жүрген еңбектері баспадан шыққанда, Ұлт ұстазы ғұмырының соңында тұрған осы үйге келіп тағы кездесулер өткізуге дайын екенін айтып аттанды. Ғылымда өзіне тән дара жол салған ғалыммен жүздесуден жастар да сан түрлі ой, салмақты пікір, құнды ғылыми ақпарат алғандарын білдіріп, алғыстарын айтты.
Әділет Ахмет,
Алматы қаласы музейлер бірлестігі
Ахмет Байтұрсынұлы музей үйінің ғылыми қызметкері,
түркітанушы докторант (PhD)