Трамптың талабы: Украинаға көмектің өтемі не болмақ?

0
6506

98 млрд доллар. 2022 жылғы ақпаннан бері АҚШ Украинаға осындай сома мөлшерінде әскери көмек берген. Бұдан бөлек, түрлі ұйымдар мен қорлар тарапынан ағылған жәрдемнің де көлемі ұшан-теңіз. Джо Байден билігі тұсында Киевке ағылған көл-көсір қолдаудың соңы биылғы жылғы қаңтардың басында жетті. 6,9 млрд сомасында қару-жарақ пен әскери жабдықтар Құрама Штаттар тарапынан Украинаға көрсетіліп келген қамқорлықтың ақыры болуы мүмкін. 21 қаңтарда АҚШ-тың 47-президенті ретінде ресми түрде қызметіне кіріскен Дональд Трамп қаржының орнына айырбас ретінде Украинаның сирек кездесетін минералды ресурстарына айырбастауға ниетті екенін мәлімдеді. Бұл – бастамасы ғана сияқты

АЛАСАПЫРАНДАҒЫ АЙЫРБАС

«Біз Украинаға беретін көмек орнына олардан сирек кездесетін металдарды, мұнай мен газды алғымыз келеді. Менің ойымша, бұл – әділ келісім. Біз миллиардтаған доллар береміз, бірақ соған сай пайда көруіміз керек. Енді ақымақ болмаймыз». Үлкен саясатқа бизнестен келген Трамп Fox News телеарнасына берген сұхбатында Украинадан 500 млрд долларға бағаланған сирек кездесетін пайдалы қазбаларды алуға дәмелі екенін жеткізді. Бұдан бөлек, ол елден мұнай мен газ тасымалдап, Украинадағы ірі инфрақұрылымдарды иемденуге ықылас білдіріп отырғанын жасырмады.

Үш жылдан астам уақытқа созылып келе жатқан соғыстан әбден титықтаған Киев тарапы Ақ үй қожайынының бұл ұсынысын мақұлдап, өзара мәміле жасауға тас-түйін даяр екенін жеткізді. Осы орайда айта кетерлігі, айырбас туралы әңгіменің бастамасы былтыр пайда болған. Украина Президенті Владимир Зеленский АҚШ әкімшілігіне мұндай ұсынысты Мәскеумен болашақ келіссөздерде Киевтің позициясын нығайту үшін алғаш рет 2024 жылдың күзінде жасаған. Жуырда Украина лидері Трамппен болған кездесуде минералды ресурстарды әскери көмекке айырбастау туралы келісімді тағы да көтерген болатын.

«Украина аумағында заманауи технологияның көптеген түрлері үшін өте қажетті құны қымбат қазба байлықтары жеткілікті. Сирек жер өнеркәсібі мен оған қатысты жасалуы мүмкін келісім бойынша ең алдымен АҚШ-пен жұмыс істеуге зор мүдделілік танытып отырғанымызды жасырмаймыз». Ресми Киевтің бұл тараптағы ұстанымы осындай еді. Бастапқыда.

Жалпы алғанда, Украина билігінің Трамп Ақ үйге қайта оралған соң, ағылып жатқан қыруар көмектің қысқаруы мүмкін деген алаңдаушылығы болғаны жасырын емес. Сондықтан да, Киев үшін Вашингтонмен ымыраға келіп, экономикалық негізі бар ұзақ мерзімді келісім жасау үлкен маңызға ие.

АЛПАУЫТТЫҢ КӨЗДЕГЕНІ – УКРАИНАНЫҢ ҚАЗБА БАЙЛЫҒЫ

Дональд Трамптың Украинадағы арнайы өкілі Кит Келлогтың айтуынша, АҚШ Ирактағы қателігін қайталамауды қалайды. Атап айтқанда, Вашингтон Парсы шығанағындағы соғыс қимылдары барысында Ирактың орасан зор мұнай қорын иемденуді көздейтін бірде-бір келісімге қол жеткізе алмаған болатын.

Алпауыт Құрама Штаттардың аңсары ауып отырғаны – заманауи электроникалық құрал-жабдықтар мен пилотсыз ұшатын ұшу аппараттарын өндірісінде қолданылатын сирек кездесетін ресурстар. Украинада аталған элементтердің қоры жеткілікті мөлшерде. АҚШ Геологиялық барлау қызметінің мәліметіне сүйенер болсақ, Украина аумағында бериллий, графит, литий, марганец, титан, цирконий сияқты ұлттық қауіпсіздік пен экономика үшін маңызды ресурстар бар. Былайша айтқанда, Украинаның табиғи ресурстар бойынша перспективалық әлеуеті зор. Мәселен, елде 500 мың тоннадан астам литий қоры бар. Оның сомасы ондаған триллион долларға жетеғабыл. Сарапшылар Ресейдің майдан шебінде үздіксіз алға жылжып келе жатуы Украинаны бұл ресурстардың көп бөлігінен айыруы мүмкін екендігін жоққа шығармайды. Бір бұл ғана емес. Еуропадағы аэроғарыш, медицина, керамика, шыны өндірісі үшін аса қажетті элементтер қорының молдығы жағынан да бірден-бір ел осы – Украина.

Вашингтон уран, темір рудаларын иемденуге асқан ынтызарлық танытып отыр. Бұл элементтер автомобиль аккумуляторы мен микрочиптер өндірісіне қажетті таптырмас ресурстар.

Сарапшылардың бағалауынша, әлемдегі титан рудасы қорының 20 пайызы Украинаға тиесілі. Аталған элемент түрі 40-қа жуық кен орында кездеседі. Алайда, бүгінде кеніштердің 10 пайызында ғана барлау жұмыстары жүргізіліп, толыққанды игерілуде. Сонымен қатар, елде сирек пайдалы қазбалар өндіру бойынша айқын әрі нақты бағыт беретін ақпарат тапшы. Геологиялық деректер аз және қазбалар қоры ел аумағының әр қиырында шоғырланған. Яғни, Украинаның табиғи ресурстар бойынша шынайы әлеуеті толыққанды ашылмаған.

Үздіксіз соғыс салдарынан елдің жерасты қазба байлығының 40 пайызға жуығы қолжетімсіз болып отыр. Пайдалы қазбалардың басым бөлігі Донецк, Днепропетровск және Луганск облыстарында орналасқан. Олардың жалпы сомасы 15 трлн долларға бағаланады. Украинада шамамен 820 шаршы шақырым литий кен орындары табылған. Төрт кен орнының екеуі қазір Ресей оккупациялап алған аймақта. Бұдан өзге бүгінде көмірдің 60 пайызы, табиғи газдың 20 пайызы және сирек кездесетін металдар қорының 33 пайызы Мәскеудің еншісінде.

Мамандар Украина экономикаға қуатты серпін беретін 20-дан астам маңызды шикізатты жеткізетін ел ретінде айқындаған. Егер де Украина Еуроодақ құрамына кірген жағдайда «кәрі құрлықтың» экономикасына тың серпін беріп, нығайтуға елеулі үлес қосатын болады деп бағамдайды сарапшылар.

СИРЕК МЕТАЛҒА ТАЙТАЛАСТЫҢ СЫРЫ НЕДЕ?

АҚШ аумағында сирек кездесетін кейбір қазба байлықтары жоқтың-қасы. Мәселен, литий сияқты қат әрі сирек элемент мүлде кездеспейді. Есесіне, көршілес Мексика мен Канада аталған ресурсқа бай. Қымбат пайдалы қазбалардың әлемдік қорының үштен бір бөлігі Гренландияда шоғырланған. Ал, экономика мен өндірістің тамырына қан жүгіртетін бағалы жерасты элементтердің әлемдік қорының 90 пайызға жуығы Қытайдың еншісінде. Осының әсерінен көптеген құрал-жабдықтарды Құрама Штаттар «аспан асты елінен» сатып алуға мәжбүр.

АҚШ-тың басты геосаяси қарсыласы Қытайдың әлемдегі ықпалын азайту – Трамп әкімшілігінің басты мақсаттарының бірі секілді. Бүгіндері Еуропа да Бейжіңге шикізаттық тәуелділігін азайтуға тырысып жатыр. Мұны сарапшылар да жоққа шығармайды. Мамандар АҚШ-тың басты мақсаты – Қытаймен болып жатқан және болашақта болатын экономикалық бәсекелестіктің алдын алу. Саясаткер Самат Нұртаза бұл мәселе турасында былай деп пікір білдіреді: «АҚШ қазір неге Украинадан алыстап, Ресейге қарай бұрылып жатыр? Басты себеп – Қытайдың құшағына еніп бара жатқан Ресейді өзіне тарту. Ресейді Еуропа мемлекеттеріне газ сату арқылы Мәскеудің бетін қайтадан «кәрі құрлық» жаққа бұру. АҚШ түбінде Еуропа елдеріне Ресейдің газын алғызады… Үлкен саясат – ол шахмат сияқты. Шахматта пешканы құрбандыққа шалып, түпкі жеңіске жеткендей, қазіргі Украина (өкінішке орай) сол құрбан пешка ретінде тұр…» Сарапшының пайымдауынша, ресми Бейжің мен Вашингтон қазір өзара Ресей үшін күресіп жатыр. Екі алпауыт үшін Украина – ол жай ғана себеп, сылтау ғана.

ЕУРОПА ЕЛДЕРІНІҢ РЕАКЦИЯСЫ

Дональд Трамптың Украинаның табиғи байлығына қызығушылық танытып, Киевке қойған талабын Еуропаның бірқатар мемлекет басшылары сынап тастады. Германия канцлері Олаф Шольц Еуропа елдері Украинаны одан әрмен қолдап-қуаттай беретінін жеткізіп, Ақ үй қожайынының ұсынысын «барып тұрған бопса» деп атады.

«Біз Украинаның пайдалы қазбаларын соғыс аяқталған соң, елді қайта қалпына келтіру үшін қолдануымыз керек. Ал, Дональд Трамптың шарты барып тұрған өзімшілдік. Ол сауда жасауда…», – деді Германия канцлері.

Іле-шала Еуропа елдерінің көшбасшылары Франция астанасы Парижде бас қосып, шұғыл саммит өткізді. Олар Вашингтон мен Мәскеу Еуропаның қатысуынсыз Украинаға қатысты келіссөз өткізіп жатқанда не істеу қажеттігін талқылап, алдағы іс-шаралар жоспарын екшеді. Елисей сарайында өткен алқалы басқосуға «кәрі құрлық» елдерінің лидерлері, НАТО мен ЕуроОдақ басшылары қатысты. Саммит қорытындысы бойынша ЕуроОдақ пен НАТО қорғаныс саласында жалпы ішкі өнімнің 2 пайыздан астамын жұмсауға уағдаласып, Украинаға қауіпсіздік кепілдігін беруге келісті.

Ал, өткен аптада Мюнхенде өткен қауіпсіздік жөніндегі конференцияда Украина президенті Владимир Зеленский еуропалық бірегей қарулы күштер құруға үндеді. Оған басты себеп – Ресей тарапынан үнемі төнетін қауіп-қатер мен АҚШ-тың қолдауына қатысты күмән. Украина лидерінің айтуынша, Құрама Штаттардың жаңа әкімшілігі Украинаға ғана емес, тұтас Еуропаға қатысты жаңа ұстанымда. Сондықтан да, Еуропа дербес болуы қажет және қорғаныс пен қауіпсіздіктің қамын өздері күйттеуі тиіс.

ТРАМП: «АҚШ БЕРГЕН ҚАРЖЫ ҚАЙДА?!»

Дональд Трамп Киевтен соңғы үш жыл бойы Украинаға бағытталған қаржылық көмектің есебін беруді және қыруар қаржының қайда жұмсалғанын майшаммен тексеруді талап етті. Сондай-ақ АҚШ президенті Украинада президенттік сайлау өткізу қажеттігін алға тартты.

«Украина біз берген қаражаттың қайда жұмсалғаны туралы есеп беруі тиіс немесе ақшаны қайтарсын. Зеленский қаржының жартысы қайда кеткенін білмейді. АҚШ Украинаға осы кезге дейін 350 млрд доллар көлемінде көмек берген», – деді Трамп.

Өз кезегінде Украина лидері АҚШ президентінің мәлімдемесін жоққа шығарып, өз уәжін айтты. Владимир Зеленский бүгінгі күнге дейін Вашингтоннан 98 миллиардтан астам доллар алғанын тілге тиек етті. Жалпы алғанда, Ресейдің Украинаға қарсы соғысында Киев 320 млрд доллар жұмсаған. Оның 200 миллиардын АҚШ пен ЕуроОдақ төлеген.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

«Тарих қайталанады. Бірақ, адамзат одан еш сабақ алмайды. Осыған көзім жетті. Неге? 1938 жылы Британия, Франция, Италия басшылары Германия Чехословакияның бір бөлігін басып алуға құқылы деп «Мюнхен келісімін» жасайды. Бірақ, Мюнхендегі келіссөзге Чехословакия басшысын шақырмайды. Осылайша, Германияның Еуропадағы оккупациясы басталады (Австрияны қоса алғанда).

Бүгін Саудияда АҚШ пен Ресей Украинадағы соғыс мәселесі бойынша келіссөз жүргізеді. Бірақ, оған Украина басшысы не өкілі шақырылмады. Яғни, екі держава бір келісімге келіп, дайын құжатты Украина мен ЕуроОдаққа ұсына салуы мүмкін. Қаласаң да, қаламасаң да қол қой деп. Сондай-ақ, 1939 жылы «Молотов-Риббентроп пактісі» бойынша КСРО мен Германия Польшаны өзара бөліп алуды ұйғарады. Сол жылы Германия «Польшада тұратын немістердің құқығы бұзылып жатыр» деген желеумен осы елге басып кіреді. Ресей де Донбасқа орыс халқының құқығы тапталып жатыр деген желеумен басып кірді.

Экономика мен армия қуатты болмаса, тарих қайталанып, санаулы елдер үнемі жеңімпаз, санаулы елдер қашанда құрбан бола береді».  Саясаттанушы Нұрмұхамед Байғара осылай деп пікір білдірген екен. Алып-қосарымыз жоқ.

БЕТ ҚАТТАЛЫП ЖАТҚАНДА

Украина президенті Владимир Зеленский елдегі минералды ресурстар бойынша АҚШ-тың ұсынылған келісім нұсқасына қол қоюдан бас тартты. Оның алдында Дональд Трамп Украинаны пайдалы қазбалар туралы келісімді бұзды деп айыптаған болатын.

Алдағы уақытта Дональд Трамп әкімшілігі Украинаның сирек кездесетін элементтеріне қол жеткізу үшін Киевпен жеңілдетілген мәміле жасауы мүмкін. Бұл Ресей мен Украина арасындағы соғысты тоқтату турасындағы келісімге тезірек қол жеткізуге ықпал етуі ғажап емес. АҚШ өзіне тиесілі Украинаның табиғи ресурстарының көлемі кейінірек талқыланып, таразыланбақ.

Жандар АСАН, саяси сарапшы

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here