Бердібек Соқпақбаев – әлем таныған жазушы. Балалар әдебиетінің классигі. ХХ ғасырда қазақ әдебиетін Хантәңіріндей биігіне көтерген қарымы бөлек қаламгер, таудай талант. Өзі өмір сүрген ортаның кезең келбетін көз алдыға келтіре кескіндеген, заманның шындығын жүрек сыздата суреттеген, сол бір уақыт, сол бір күндердегі ел өмірін мөлдірете, жан-жүректі елжірете мүсіндеген алғыр ойлы, қайсар мінезді, қайтпас рухты шоқтығы биік ұлы тұлға. Бүгін ХХІ ғасырда кітаптары сөреден таптырмаса да, жүректерге жатталып қалған Бердібектей жазушы бақытты қаламгер. Бердібек Соқпақбаевтың ел жүрегіне ұялап қалған өз алдына жеке дара кітапқа да, киноға да арқау болған «Менің атым Қожаның» орны бір бөлек, дара да асқақ шың іспетті.
Қазақ киносының классикасына айналған «Менің атым Қожа» фильмінің жалғасы енді 13 наурыздан бастап үлкен кинотеатрлардан көрсетіле бастайды. «Қожа. Жаңа саяхат» деп аталатын картина тарихи киноның жалғасы болмақ.
Айта кетейік, балалық шақтың үлгісіне айналған туындының жалғасы өткен жылы таспаланды. Қазақ киносының жауһары саналатын «Менің атым Қожа» фильмінің жалғасын Qalan компаниясы түсірген. Соңғы уақытта Сұлтан мен Қожаның жаңа бейнесі қала көшелеріндегі баннер мен әлеуметтік желілерде пайда болып, халықтың қызығушылығын оятқан еді. Олардың дәстүрлі кейіпкерлерге ұқсастығы жұртшылық арасында түрлі болжам мен пікірталас туғызды.
1963 жылы түсірілген фильмде Қожа бесінші сынып оқушысы болса, ал 2024 жылы түсірілген «Қожа: Жаңа саяхат» атты екінші фильмінде жасөспірім шаққа аяқ басқан, сегізінші сынып оқушысы. Режиссер Қуат Ибрагимовтың сөзінше, «Менің атым Қожа» фильмінің жалғасында сол заманның атмосферасын еш өзгеріссіз көрсетіп, әйгілі шығарманың айтылмаған тұсын айтуға тырысқан екен.
Бердібек Соқпақбаевтың шығармасы негізінде түсірілген «Менің атым Қожа» фильмі – қазақ киноөнерінің алтын қорынан орын алған бірегей туынды. Алайда оның жалғасы дәл сол деңгейге жете ала ма, әлде жаңа белестерді бағындыра ма – оны уақыт пен көрерменнің талғамы көрсетпек. Бұл туындыны тартымды ететін ең басты дүние – кейіпкерлер екені түсінікті. Қожаның рөлінде ойнайтын баланың бастапқы кейіпкерінен аумайтындығы фильмге деген қызығушылықты арттыра түскен. Түркістан облысында туған 15 жастағы Айқынның келбеті, жүрісі мен мінез-құлқына дейін көрерменнің жүрегінде сақталған Қожаның дәл өзі. Осылайша, ол ойламаған жерден актерге айналып шыға келген.
– Ол кісінің жасы 73-те балалық шаққа бояу берген тұлға ғой. Нұрлан Сегізбаев атамен жолықтық, батасын берді. Әу баста киноға түсу деген оңай деп ойлайтынмын. Бірақ, түсірілім алаңына келгенде қиын екеніне көзім жетті. Оған қоса біреудің рөлін салу қиын екен, – дейді Айқын Елубай.
«Менің атым – Қожа» фильмінің жалғасын түсіру идеясы еліміздегі оқыту орталықтарының біріне тиесілі. Олар алғашында балаларды білімге баулу мақсатында кино эпизодтарына негізделген шағын бейнероликтер түсіре бастайды. Кейіннен оған сұраныс артып, жаңа киноны таспалау қолға алынған. 1,5 сағаттық картина 1,5 ай таспаланған.
– Жаңа фильм классикалық туындының қайталауы емес, оқиғаның жалғасы. Осы шығармадағы ескі құндылықтарды қайта жаңғыртып, проблемаларды көрсете білуге талпындық. Ұрпақтар сабақтастығы сақталып, құндылықтарды жаңғырта білген фильмнің көрерменге берері мол деп ойлаймыз. Бұл өнердегі алғашқы қадамымыз. Компания сапасы жоғары өнім шығару үшін біраз күш салды. Алдағы уақытта да біз баланың ынтасы мен жігерін оятатын мәні бар жобаларды жасауды көздеп отырмыз, – деп пікір білдірді Qalan компаниясының басшысы әрі фильмнің продюссері Асқар Болат.
Қожаберген сотқарлық жасамауға ант бергеннен бері үш жыл өтті. Ол жазушы боламын деген бала арманынан қол үзбеген. Бірақ, әкесінің жоқтығы жанын жегідей жеп, анасының Қаратайға қосылуы қызбалығын арттыра түседі. Ал, дұшпаны Жантас комсомолға мүше болып, Қожаны мектептен шығаруға бар күшін салады. Махаббаты Жанар алыстан қол бұлғаған арманындай жақындаған сайын ұзай береді. Жігері құм болған Қожа қарақшы атанған Сұлтан досымен қайта бас қосып, шытырман оқиғаға толы жаңа саяхатқа аттанады. Дегенмен, көзі қарақты көрермен бұл фильмдегі Сұлтанның өзгергенін көре алады. Жауапкершіліктен қашатын, өзін-өзі таппаған, үйінен қашып жүрген жүрген Сұлтан бұл фильмде ешкім күтпеген келбетпен көрінеді екен.
Тарихтың тозбасындай, шындықтың өлмейтініндей, Бердібек Соқпақбаевтың да бүкіл шығармалары сан мыңдаған, миллиондағын оқырманының жүрегіне жылы жазылып, өшпестей сақталып, жатталып қалды. Балаларға арналған шығармаларымен балаларға сондайлық жақын болып кеткен Бердібектей жазушы әлі де жаңа ғасыр көшіндегі жаңа да жас ұрпақтың ортасында деуге толықтай негіз бар. Өйткені, осыдан 62 жыл бұрын түсірілген «Менің атым – Қожа» фильмінің жалғасы 13 наурыздан бастап еліміздің барлық кинотеатрларында көрсетіледі. Қазақ кино өнерінің классикасы, «Қожа: Жаңа саяхат» фильмі алғашқы фильміндей көрермен ықыласына бөленеді деп үміттенеміз.
Индира БІРЖАНСАЛ