Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің делегациясы Ташкент мемлекеттік аграрлық университеті, Низами атындағы Ташкент мемлекеттік педагогикалық және «Tashkent International» университетіне арнайы іс сапармен барды.
Білім беру саласындағы халықаралық байланысты нығайту мақсатында университеттің Басқарма төрағасы – ректор Ермек Бөрібаев өзбекстандық жоғары оқу орындарының басшыларымен кездесіп, ынтымақтастық жөніндегі Меморандумға қол қойды.
Екі жақты келісім – бірлескен білім беру бағдарламаларын әзірлеуге, жобаларды жүзеге асыруға, ғылыми зерттеулер жүргізуге, профессор-оқытушылар арасында тәжірибе бөлісуге, студенттер мен оқытушылар құрамымен алмасуға, сондай-ақ конференциялар мен семинарлар өткізуге мүмкіндік береді.
«Жетісу облысының ауылшаруашылығы мен агроөнеркәсібінің әлеуеті жоғары болғандықтан сала мамандарын даярлау үшін Ташкент мемлекеттік аграрлық университетімен бірлесе жұмыс жасау біз үшін аса маңызды. Низами атындағы Ташкент мемлекеттік педагогикалық университеті – Азиядағы мұғалімдер даярлайтын тарихы терең, тәжірибелі оқу орны. Жетісу университетінің педагогикалық бағыты басым болғандықтан екі университет арасындағы академиялық байланыс жоғары деңгейде дамиды деп сенемін. Бұл қадам оқу орындары арасындағы байланысты нығайтудың кепілі болып, өңірдегі ғылым мен білімнің дамуына қуатты серпін бермек», – деді ректор Е. Бөрібаев.
Өзбекстандық университет ректорлары Назрулло Обломурадов, Абдугаффор Киргизбаев және Дзюн Йонг-ук білім беру байланысын нығайтуға, жоғары білікті кадрларды бірлесе даярлауға дайын екендіктерін жеткізді.
Меморандум облыстың аграрлық секторын дамытуға қажетті жаңа кадрлар және жоғары білікті педагог мамандарды даярлау сапасын арттыруға жол ашады.