Талғар АБИЛОВ: «Ғылыми әлеуетіміз медицинаны дамытуға бағытталады»

0
942

«QAZAQ»-ТЫҢ АНЫҚТАМАСЫ:

Талғар Сатыбайұлы Абилов – медицина ғылымдарының кандидаты.

Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина академиясын «Емдеу ісі» мамандығы бойынша, аталған жоғары оқу орнының интернатурасын дәрігер акушер-гинеколог мамандығы бойынша бітірген.

Еңбек жолын 2001 жылы Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина академиясының ассистенттігінен бастаған. Әр жылдары аталған білім ордасының Микробиология кафедрасының доценті, академия ректорының көмекшісі, Емдеу ісі және Жалпы медицина факультеті деканының орынбасары, Жалпы медицина факультетінің деканы, оқу-тәрбие ісі жөніндегі проректоры қызметтерін атқарған.

2025 жылдың 20-шы қаңтарынан бастап Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университетінің Басқарма төрағасы – Ректоры міндетін уақытша атқарады.

Талғар Абиловтің авторлығымен отандық және шетелдік басылымдарда 40-тан астам ғылыми мақала жарық көрген. Сондай-ақ ол «Шұғыл аппендицит пен аппендикулярлы перитониттің клиникалық микробиологиясы, патоморфологиясы, иммунологиясы» атты монография авторларының бірі.

Көп жылдық үздіксіз қызметі мен денсаулық сақтау саласына қосқан елеулі үлесі мемлекет тарапынан жоғары бағаланып, бірқатар марапаттарға ие болған. «Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау ісінің үздігі» төсбелгісінің және ҚР Денсаулық сақтау және Әлеуметтік қорғау министрлігінің «Құрмет грамотасының» және «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 30 жыл» мерекелік медалінің иегері.

ШЕТЕЛДІК ЖЕТЕКШІ ОҚУ ОРЫНДАРЫМЕН ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ ҚАРҚЫН АЛДЫ

– Талғар Сатыбайұлы, Шығыстың бір ғұламасы: «Ұстаздық ету – уақыт ұту емес, өзгенің уақытын аялау. Өзіңнің уақытыңды аямау» деген екен. Осы орайда еліміздің батыс өңіріндегі медицина мамандарын даярлайтын бірегей жоғары оқу орны – Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университеті. Өзіңіз басшылық жасап отырған білім ордасының алыс-жақын шетелдердегі оқу орындарымен байланысы қай деңгейде?

– Біздің университет халықаралық ынтымақтастықты дамытуға ерекше мән береді. Бүгінге дейін алыс-жақын шетелдердің жетекші медициналық оқу орындарымен және ғылыми-зерттеу орталықтарымен тығыз байланыс орнаттық. Университеттің академиялық ұтқырлық бағдарламалары аясында студенттер мен оқытушылар Еуропа, Азия және ТМД елдеріндегі серіктес жоғары оқу орындарында тәжірибе алмасу мүмкіндігіне ие. Сонымен қатар, ғылыми-зерттеу жобалары, бірлескен конференциялар мен симпозиумдар өткізу бағытында да белсенді жұмыс жүргізілуде. Бұл біздің білім беру және ғылыми қызметіміздің сапасын халықаралық деңгейге көтеруге ықпал етіп, студенттер мен оқытушыларға әлемдік тәжірибені меңгеруге мүмкіндік береді.

Біздің университет халықаралық ынтымақтастық аясында тек академиялық ұтқырлық бағдарламаларын ғана емес, екі дипломдық білім беру бағдарламаларын да белсенді түрде дамытып келеді. Литва денсаулық ғылымдары университетімен, Ташкент медицина академиясымен қоғамдық денсаулық сақтау, стоматология бірлескен білім беру бағдарламасы СӘТТІ іске асырылуда. Бүгінде Түркияның Гузче университетімен мейіргер ісі және фармация бағыттары бойынша екі дипломдық бағдарламаны енгізу мәселесі қарастырылуда. Сондай-ақ университетте 1205 шетелдік студент білім алуда. Олар оқуын аяқтаған соң, өз елдерінде білімін жалғастыруға немесе медицина саласында халықаралық тәжірибе жинақтауға мүмкіндік алады.

Университет Қытайдың жетекші жоғары оқу орындарымен де тығыз ғылыми ынтымақтастық орнатып келеді. Атап айтқанда, Шэньчжэнь университетімен бірлесіп жасушалық биобанк бойынша зертхана ашу жоспарлануда. Бұл жоба биомедицина саласындағы ғылыми зерттеулерді дамытуға және инновациялық технологияларды енгізуге ықпал ететін болады. Бұдан бөлек, соңғы екі жыл ішінде университетіміз QS рейтингіне ену бағытында белсенді жұмыс жүргізіп келеді. Бұл біздің университеттің халықаралық деңгейдегі беделін арттыруға, білім беру мен ғылыми зерттеулердің сапасын жақсартуға, сондай-ақ әлемдік академиялық қауымдастықтағы орнымызды нығайтуға мүмкіндік береді.

− Студенттердің әлеуметтік мәселелері қалай шешілуде? Жатақханамен қамтамасыз ету деңгейі қалай?

– Студенттердің әлеуметтік жағдайын жақсарту – біздің университеттің басым бағыттарының бірі. Университетімізде студенттерді жатақханамен қамтамасыз ету деңгейі жыл сайын артып келеді. Қазіргі таңда бізде 5 жатақхана бар, олар 2100 студентке арналған. Жатақханаларда орын тапшылығын азайту мақсатында 600 орындық жаңа жатақхананың құрылысы жоспарланып отыр. Жаңа жатақханада студенттерге барлық қажетті жағдай жасалып, университет қызметкерлерінің жас отбасыларына арналған пәтерлер де қарастырылады. Бұл бастама жас мамандарды университетке тартуға және олардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға мүмкіндік береді. Студенттердің денсаулығын сақтау, психологиялық қолдау көрсету және әлеуметтік жеңілдіктер беру мәселелері де тұрақты бақылауда. Әлеуметтік қолдау шаралары аясында мүмкіндігі шектеулі, жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған студенттерге материалдық көмек көрсету, стипендия тағайындау және оқу ақысын жеңілдікпен төлеу мүмкіндіктері қарастырылған.

Айта кетсек, былтыр 98 студентке Аққағаз Досжанова және Марат Оспанов атындағы стипендиялар тағайындалды, 156 студент әлеуметтік көмек алды. Бұдан бөлек, «ҚазақОйлАқтөбе» 24 студенттің оқу ақысын төлесе, «Қаражанбасмұнай» 20 студентке қолдау жасады. Ал «Қазақтүрікмұнай»14 студентке қаржылай көмек көрсетті.

УНИВЕРСИТЕТ МАМАНДАРЫНА СҰРАНЫС ЖОҒАРЫ

– Университет түлектерінің жұмыспен қамтылуына ықпал ету бағытында қандай жұмыстар атқарылуда?

– Біздің түлектердің еңбек нарығында бәсекеге қабілетті болуын қамтамасыз ету – университеттің негізгі міндеттерінің бірі. Осы бағытта бірнеше маңызды шаралар жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, денсаулық сақтау ұйымдарымен тікелей байланыс орнату арқылы түлектерге жұмысқа орналасу мүмкіндігін арттыру, медициналық мекемелермен келісімшарттар жасап, болашақ түлектерді практикадан өткізу және кейін жұмысқа қабылдау жүйесін жетілдіру, «Жас маман» жәрмеңкесіне қатысу және түлектерге алғашқы жұмыс орнын табуға қолдау көрсету тұрақты түрде жүзеге асырылады. Сондай-ақ университет түлектерінің мансаптық өсуін бақылау және оларға кәсіби кеңес беру де жүйелі қолға алынған. Осы іс-шаралардың нәтижесінде жыл сайын университет түлектерінің жұмыспен қамтылу көрсеткіші жоғары деңгейде. 98 пайыздан астам. Бұл біздің білім беру сапамыздың және медициналық мамандарға деген сұраныстың жоғары екенін көрсетеді.

– Мектеп түлектері неге Батыс Қазақстан медициналық университетін таңдауы керек деп ойлайсыз?

Біздің университет – Қазақстандағы жетекші медициналық жоғары оқу орындарының бірі. Талапкерлердің бізді таңдауының бірнеше негізгі себептері бар деп ойлаймын. Біріншіден, сапалы білім. Оқу бағдарламалары халықаралық стандарттарға сәйкес жаңартылып, тәжірибелік дағдыларды дамытуға басымдық беріледі. Екіншіден, жетекші мамандардан тәлім алу. Профессор-оқытушылар құрамында медицина саласындағы білікті мамандар бар. Үшіншіден, халықаралық ынтымақтастық. Студенттеріміз әлемнің түрлі елдерінде тәжірибеден өту мүмкіндігіне ие. Төртіншіден, жұмысқа орналасу мүмкіндіктері. Университет түлектері еліміздің жетекші клиникаларында қызмет атқарады. Бесіншіден, зерттеу қызметі. Ғылыммен айналысқысы келетін студенттерге заманауи зертханалар мен ғылыми жобаларға қатысу мүмкіндігі ұсынылады.

Ең бастысы – біздің университет медицина саласында кәсіби білікті маман болғысы келетін талапкерлер үшін ең дұрыс таңдау.

УНИВЕРСИТЕТТІҢ ҒЫЛЫМИ-ЗЕРТТЕУ ӘЛЕУЕТІ ЖАҢҒЫРТЫЛУДА

– Ел Президенті отандық жоғары оқу орындарының алдына сапалы кадр даярлаумен қатар, ғылыми әлеуетті де арттыру қажеттігін алға тартып отыр. Университеттің ғылыми әлеуетін арттыру бағытында қандай жұмыстар атқарылуда?

– Мемлекет басшысының ғылыми әлеуетті дамыту жөніндегі тапсырмасына сәйкес, біздің университетте ғылыми-зерттеу қызметін күшейтуге ерекше назар аударылуда. Осы мақсатта ғылыми-зерттеу орталықтары мен зертханалар жаңғыртылып, жаңа технологиялармен жабдықталуда. Жас ғалымдарды қолдау үшін гранттық қаржыландыру жүйесі дамытылып, стартап жобаларға инвестициялар тартылуда. Халықаралық серіктестіктерді кеңейту арқылы ғылыми зерттеулерге шетелдік мамандарды тарту жұмыстары жүргізілуде. Ал практикаға бағытталған зерттеулер медициналық қызмет көрсету сапасын арттыруға және инновациялық емдеу әдістерін енгізуге бағытталған. Өткен жылы университет ғалымдары 2027 жылға дейін жүзеге асырылатын екі ірі бағдарламалық-мақсатты жобаның грант иегерлері болды. Университет халықаралық байланыстарды дамыту шеңберінде топ QS Ranking рейтингіне кіретін әлемдік университеттермен стратегиялық ынтымақтастыққа бағыт алды. Университет Біріккен Ұлттар Ұйымының Тұрақты даму мақсаттары бағдарламасын да белсенді жүргізуде. Оқу орны биылғы ақпанда Қазақстанның батыс өңірінде алғаш рет «ТДМ-ның барлық бағыттары бойынша пікірталас панелін» ұйымдастыруда. Былтыр 14 ғалымымыз «Болашақ» халықаралық бағдарламасының стипендиаттары атанды және әлемнің жетекші шетелдік университеттерінде тағылымдамадан өту мүмкіндігіне ие болды.

Бұл шаралар университеттің ғылыми орталық ретінде қалыптасуына және отандық медицина ғылымының дамуына зор ықпал етеді.

– Сіздерде білім беруде ашықтық пен айқындықтың негізгі принциптері қандай?

– Медициналық білім беруде ашықтық пен айқындықты қамтамасыз ету үшін бірнеше негізгі принциптерді ұстану қажет. Олардың қатарында академиялық адалдық, ашық ақпараттық жүйе, кері байланыс жүйесі және цифрлық технологияларды енгізу сынды басты принциптер бар. 2025 жылы университет «Академиялық адалдық лигасына» кіруді жоспарлап отыр. Бұл – академиялық адалдық қағидаларын насихаттайтын беделді университеттер рейтингі. Лигаға кіру барлық жазбаша жұмыстарды антиплагиат жүйесінде тексеру, бағалардың әділ бөлінуін қамтамасыз ету, коррупцияға мүлде төзбеушілік саясатын енгізу сияқты стандарттарды сақтауды көздейді. Қазіргі уақытта университет өзінің қызметін жетілдіру және ашықтықты арттыру бағытында белсенді жұмыс жүргізуде. Бұл бастама білім беру сапасын жақсартуға, академиялық ортадағы адалдықты нығайтуға және халықаралық деңгейдегі беделді арттыруға ықпал етеді.

БІЗ БІЛІКТІ КАДРЛАРДЫ ТАРТЫП, БІЛІМ САПАСЫН АРТТЫРАМЫЗ

– Бүгінгі күні университетке жоғары білікті кадрларды тарту мақсатында қандай шаралар атқарылуда?

– Университеттің басты басымдықтарының бірі – кәсіби және білікті мамандарды тарту, сол арқылы білім беру сапасын жақсарту. Осы мақсатта жас мамандарды тарту бағдарламалары іске қосылды. Мәселен, перспективалы түлектерді университетте «Университет үміті» бағдарламасымен оқытушы ретінде қалдыру көзделген. Бұл бағдарлама барысында жас мамандарға 1 млн теңге қаржылық қолдау мен еңбекақысына қосымша төлемдер қарастырылған. Кадрларды әлеуметтік қолдау мақсатында университет қызметкерлерінің балаларына оқу ақысына 30 пайыз жеңілдік қарастырылған. Бұдан бөлек, мамандарымыз университеттің клиникаларында Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі бойынша медициналық көмек алады.

Халықаралық кадрлармен алмасу шеңберінде шетелдік профессорларды шақыру және біздің оқытушылардың шетелде тағылымдамадан өтуіне ықпал жасалады. Оқытушылардың біліктілігін арттыру курстары әрдайым ұйымдастырылады. Біз ең мықты кадрларды тарту арқылы университетіміздің білім беру сапасын одан әрі арттыруды мақсат етеміз.

ҚЫСҚА ҚАЙЫРҒАНДА:

– Сіз үшін өмірдің мәні неде?

– Өмірдің мәні – адамның дүниеде адам ретінде өз орнын таба білуі және адамшылыққа жеткізетін өмірлік мақсаттарды таңдай білу деңгейі. Адам ретінде өмір сүре білу қабілеті. Міне, осы – адам өмірінің мәні. Мен үшін өмірдің мәні – қоғамда өз орнымды табу. Яғни, қоғамға пайдамды тигізсем, игі істер жасап, көптің жүрегінен орын алсам – осы өмірдің мәні дер едім.

– Сіз үшін «Отан» ұғымы нені білдіреді?

– Қазақ халқы үшін Отан ұғымы ежелден өзіңе Алла тағаланың бұйыртқан жерін, туған еліңді білдіреді. Отаншылдықтың іргетасы – ұлтжандылық. Біздің жоғары оқу орындарымыз осы мәселеге ерекше көңіл аударады. Өз ұлтын сүйетін, оның мұңын мұңдап, жоғын жоқтайтын азамат қана отаншыл болады.

– Кімнен немесе неден қорқасыз?

– Менің ең басты қорқынышым – буындар сабақтастығының үзілуі немесе түсінбеуі. Қазіргі буынды «Альфа буын» деп атайды. Осының алдындағы буынды «Z» деп атады. Әр буынның өзінің ерекшелігі бар. Үлкендерді түсінбеу, ата-анасымен тіл табыса алмау, ұлттық менталиттеті қабылдағысы келмеу – міне бұл буындар арасындағы қарама-қайшылық.

Екінші үрей – кей уақыттарда, көбіне бір тәрбиесіз, біліксіз, білімсіз адамдар тәрбиелі, парасатты адамдардың шаужайына жабысып немесе олардың орынды-орынсыз жерде мінез көрсете бермейтіндігін пайдаланып түрлі орынсыз әрекеттер жасауы мүмкін. Осындай адамдардан қорқамын.

Үшіншіден, адамдардағы енжарлық пен немқұрайлылықтан қорқамын. Себебі, қоғамда болып жатқан оқиғаларға немқұрайлы қарау – сатқындықтан да жаман нәрсе.

– Балаларыңыздың ішінен Сіздің ісіңізді жалғағаны бар ма?

– Үш бала тәрбиелеп отырмын. Үлкенім Айман Астана қаласындағы «Назарбаев университетінің жаратылыстану, гуманитарлық және әлеуметтік ғылымдар мектебінің биология ғылымдары саласындағы ғылым бакалавры» дәрежесін алды. Бүгінгі таңда «Болашақ» бағдарламасы бойынша АҚШ-та магистратурада білім алуда. Одан кейінгі Іңкәр мен Төрегелді Ақтөбе қаласындағы «Назарбаев Зияткерлік мектебінің» 12-ші және 9-сынып оқушылары. Төрегелдінің дәрігер болғанын қалаймын. Дәрігер мамандығын таңдау – аса жауапкершілікті, шыдамдылықты, өз ісіне деген сүйіспеншілікті қажет ететін ұлы мамандық. Сол себепті өзі таңдау жасаса деп ойлаймын.

ЖАНДАР АСАН,

медиа-менеджер, коммуникация және PR маманы

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here