Ескі кітаптарға – жаңа өмір: «Кітап емшілері» ел мұрасын қалай сақтайды?

0
975

Алматыда ескі кітаптарға жаңа өмір сыйлайтын жер бар. Бұған реставрация мен консервация орталығында жұмыс істейтін шеберлер жауапты. Ол барлық зерттеушілердің басын қосқан – «Ғылым ордасында» 2023 жылы ашылған. Бұл туралы Еxclusive.kz порталында Валерия Холодова жазды.

СИРЕК КІТАПТАР

Мұндай зертхана өз қажеттілігі, яғни Орталық ғылыми зертхана қорынан бірегей кітаптарды уақытында қалпына келтіру және жағдайын бақылап отыру үшін ашылды. Ол шамамен алты миллион басылымды сақтайды.

Әрине, реставраторлар қолынан бәрі емес, тек сирек кітаптар қорында жатқан мұралар ғана өтеді, алайда мұның өзі –  91 000 дана, бұл аз емес, одан бөлек 22 000 қолжазбалар мен шығыс әдебиетінің 10 000 туындысы бар. Әрине, олардың бәрі бірдей бір уақытта реставрациялауды қажет етпейді, бірақ оның жұмысы да жылдам біте қоятын шаруа емес, ол қажырлы еңбекті талап ететін өте жауапты іс. Миллиметрлеп жөндеп, біртіндеп қадамдап, көне басылымның еш жерін бүлдіріп алмай бір кітапты «емдеуге» жарты жылға дейін уақыт кетеді. Реставрацияға сан алуан экземпляр келуі мүмкін. Тақырыптар ауқымы өте кең, яғни оның ішінде ортағасырлық тарих пен мәдениет те, ислам ғылымдары да, география бойынша еңбектер де, тіпті медицина да бар.

Қай жағдайда болмасын алдымен жұмысқа кіріспес бұрын кітап мұқият зерттеледі, ұсақ-түйегіне дейін іс-қимыл жоспары талқыланып, бекітіледі. Былайша айтқанда, көне басылымдарды «емдеу» – шыдамды, ойлы әрі білім көкжиегі кең адамдардың жұмысы. Орталықта мұндай адамдар әзірге көп емес, бар болғаны төрт адам. Соған қарамастан кітап дәрігерлері жұмысқа беріліп кеткен және бәріне үлгеріп жатқан сияқты. Дегенмен де, кадр тапшылғы бәрібір сезіледі. Оның үстіне реставраторлар тек нақты осы орталықта ғана емес, жалпы елде жетіспейді. Әңгіме жұмыстың тым ауыр немесе іш пыстырарлық екендігінде емес, мамандар жетіспеушілігінің себебі басқада, яки Қазақстанда бұл мамандықты оқытпайды, сондықтан ол туралы көбі біле бермейді, ал шынында бұл мамандық сұранысқа ие болар еді. Кітапханалар қорында жұмыс істеуге кітаптар бар, тәжірибе жинақтайтын реставрация орталықтары да жоқ емес. Ол жерде білімін басқалармен бөлісуге дайын жас мамандар жұмыс істейді және өздері де үнемі шетелдік әріптестерімен байланысты нығайта отырып біліктілігін арттырады. Мәселен, «Ғылым ордасы» жанындағы Алматы реставрация және консервация орталығын жас та болса бастамашыл Дінмұхаммед Әбдіраханов басқарады.

– Негізі, мамандығым – тарихшы, бірақ үш жылға жуық уақыттан бері көне басылымдарды реставрациялауды үйреніп, сонымен айналысып келемін. Маған бұл процесс қатты ұнап қалды. Әр кітапты реставрациялау жұмысы бірегей, әрқайсысына бөлек тәсілді қажет етеді, – дейді маман. – Мысалы, біз бірде орыс тіліндегі көне басылымды реставрациялауға көп уақыт жібердік. Оның қиындығы – басылымға бұған дейін реставрация жасалғандығы және оны өте сапасыз жасағандығы болды. Қаншама жылдар өтіп біздің қолға тигенде, сол кездегі салғырттық жұмысымызды қиындатты. Сонау он сегізінші ғасырда жазылған Құранды қалпына келтіру де қызықты болды… Бұл дегеніңіз, қолмен ұстауға болатын, содан бойыңда ерекше күй кештіретін ескіліктің, тарихтың бір бөлшегінің белгісі емес пе? Сирек кітаптар қорының әрбір экземпляры – құнды деректер қоймасы. Тілдерді жақсы меңгерсең, жұмыс процесі кезінде ата-бабаларымыз қалай өмір сүргені, қандай тұрмыс кешкені туралы біліп, аз ғана уақытқа болса да бұрынғы дәуірлерге барып келгендей сезімде боласың. 

«ЛАБИРИНТКЕ ҚОШ КЕЛДІҢІЗ!»

Реставрация орталығындағы ахуалдың өзі сондай жағдай тудырады, себебі оған жету үшін шатастыратын лабиринттер сияқты «Ғылым ордасы» орналасқан ескі ғимараттың дәліздерінен өту керек. Оның құрылысы сонау 1948 жылы басталып, он жылдан кейін ғана бітті. Жоба авторы – сәулетші Алексей Щусев, оның есімі туралы ештеңе білмесеңіз де, ол сызған нысандарды білеріңіз немесе естігеніңіз анық. Олар – Ресей астанасында орналасқан «Мәскеу» қонақүйі, Ленин кесенесі, Қазан вокзалы.

Сонымен, Ғылым академиясы ретінде көбірек таныс «Ғылым ордасы» ғимаратының дәліздерінен ескіліктің иісі аңқиды. Алайда, Реставрация және консервация орталығы осы тұрғыда дәстүр мен жаңашылдықтың тоғысуымен ерекшеленеді. Ескі ғимаратта отырса да, кітаптарға арналған «операциялық» бөлме соңғы заманауи техникалармен жабдықталған. Заманауи жабдықтар кітаптар, газеттер, журналдар, архивтік құжаттардың сақталу деңгейін отандық және халықаралық талаптарға сай қамтамасыз етуге арналған залалсыздандыру, реставрациялау, зерттеу жұмыстарын жүргізу мүмкіндігін береді. Неғұрлым көп адамдар осы кітап көздеріне қолжетімділікке ие болуы үшін реконструкциялық ғана емес, сонымен бірге сирек кітаптарды цифрландыру процестері де кезең-кезеңімен жүргізілуде. Осылайша, орталық еліміздегі ең үздіктердің бірі саналуға әбден лайықты. Орталық Түркия, Иран және басқа да елдердің кітапханаларындағы әріптестерімен үнемі ынтымақтастықта жұмыс істейді.

– Біздің істе ұдайы тәжірибе мен білім алмасып отыру өте маңызды, сол себепті біз басқа елдердің мамандарымен байланысты үзбейміз. Осылай ғана алға жылжып, дамуға болады,  – дейді Дінмұхамед Әбдіраханов. – Тек елімізде сұраныс үлкен болса да, реставратор мамандығына дұрыс көңіл бөлінбейтіні қынжылтады. Еліміздің кітапханаларында ерекше көңіл бөлуді қажет ететін сирек экземплярлар сақталған. Ал, реставраторлыққа бүгінде шетелде, мәселен көрші Ресейде оқуға болады.

Айтпақшы, реставраторлар командасында бүгінде бір мәскеулік – Иван Костин бар. Ол бірнеше жыл бұрын Алматыға келіп, қазір орталықтың бас маманы қызметін атқаруда.

Алайда, Дінмұхамед Әбдірахановтың айтуынша, бүгінде бұл елдегі жалғыз проблема емес. Қазақстандағы кітап реставраторларының бірыңғай жұмыс істеу тәсілі, сарапшылар өзара басқосатын алаңы да жоқ, тақырыптық форумдар да өткізілмейді.

– Уақыт өте бұл жағдай өзгеретініне сенгім келеді, себебі кітап реставраторларына деген қажеттілік қазір бар, сұраныс жоғары. Егер әрбіріміз өз үлесімізді қоссақ, ісіміз алға басып, бізді де еститін болар, – деп санайды Д.Әбдіраханов. – Өз тарапымнан айтарым, орталығымыздың дамуы үшін бәрін жасауды жалғастыра беремін. Болашақта реставрацияға жеке тапсырыстарды да қабылдай алатын болсақ деген тілегім бар. Алматыдағы кітапханаларда «емдеуді» қажет ететін құнды басылымдар табылары анық. Солай өте қызықты экземплярларды кездестіріп қалуға да болады.

Алдағы жоспар туралы айтар болсақ, реставрация орталығы қызметкерлерінің жоспарында штатты толық жасақтау үшін жаңа кадрлар тартып, оқыту жұмыстары бар. Мамандар халықаралық ынтымақтастықты нығайта түсуді де ұмытпайды.

Жансая ШЫҢҒЫСХАН

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here