Биыл Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылғанына 30 жыл толады. Осынау жылдар аралығында ел бірлігін сақтау, этностардың мәдениетін, салт-дәстүрін насихаттау бағытында маңызды жұмыстар атқарып келеді. Ассамблея жастарының да бұл іске қосып жүрген үлесі зор. Бүгінде елімізде жүзден аса ұлт өкілі бір шаңырақ астында жарасымды ғұмыр кешіп келеді. Бір қуаныштысы, қазақ тілін өзінің ана тіліндей меңгеріп алған өзге ұлт өкілдері де аз емес. Соның бірі – Қазақстан халқы Ассамблеясы Алматы облысы бойынша Ассамблея жастарының төрағасы Вера Плетнева. Ұлты орыс болса да, жүрегі қазақ деп соғатын Вера Владимирқызын әңгімеге тартқан болатынбыз.
«ҰЛТЫМ ОРЫС БОЛСА ДА, ҚАЗАҚЫ ОРТАДА ӨСКЕНІМЕ ҚУАНАМЫН»
– Вера Владимирқызы, жалпы өзіңіз жайлы айтып берсеңіз…
– Мен Алматы облысына қарасты Еңбекшіқазақ ауданының Ақжал ауылында дүниеге келдім. Осы ауылда балдырған балалық шағым өтті. Құрөзек орталау мектебіне 1-сыныпқа барып, алғашқы әліппені қазақ тілінде таныдым. Ұлтым орыс болса да, қазақы ортада өскеніме қуанамын. Мектеп бітірген соң Қонаев қаласындағы Қапшағай көпсалалық колледжінің «Модельер дизайнер» мамандығында білім алдым. Қазақша еркін сөйлеп, салт-дәстүр мен әдет-ғұрпына құрметпен қарайтынмын, мектепте іс-шаралардың көшбасынан көріне білдім. Бүгінгі таңда ҚХА Алматы облысы бойынша Ассамблея жастарының төрағасы қызметін абыроймен атқарып келемін.
– Қазақ тіліне деген қызығушылық қалай басталды? Мемлекеттік тілді меңгеруде қиындықтар кездесті ме?
– Мемлекеттік тілді кішкентай кезімнен меңгере бастадым. Қазақ мектебінде білім алып, қазақы тәрбиені бойыма сіңірдім. Тілді меңгеру аса қиындық тудырмады. Әрине, бастапқыда қазақша бәрін түсінсем де, ойымды еркін жеткізе алмайтын едім. Кейін жақсы сөйлейтін болдым.
– Қазақстан халқы Ассамблеясында қанша жылдан бері қызмет етіп келе жатырсыз?
– Мен 2024 жылдың 10 қаңтарынан бастап Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі атандым. Дәл сол күні республикалық қоғамдық бірлестіктің Алматы облысы бойынша Ассамблея жастарының төрағасы болып сайландым. Бір жыл ішінде көптеген нәрселерді үйрендім. Мысалы, өткен жылғы Алғыс айту күнінің символы құрт болған. Сол құрттың осындай мәртебеге дейін көтерілгенін осы Алғыс айту күнінде түсіндім. Қазақ елі өткен ғасырдағы қиын-қыстау жағдайда әр халықты қолында бар асымен күтіп алған. Бұрын ол туралы көп білмеген едім. Ассамблеяның арқасында еліміздің әр өңірінен керемет азаматтармен таныстым.
Алматы облысында 105 этнос өкілі тұрады және 26 этномәдени орталық жұмыс істейді. Облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанында ғылыми-сараптамалық топ, ақсақалдар алқасы, аналар кеңесі, медиация кеңесі, жетекші журналистер тобы, кәсіпкерлер қауымдастығы және Ассамблея жастары жұмыс істейді. Әрбір құрылым қоғамдық келісімді қамтамасыз етуге, Қазақстан халқы Ассамблеясының саяси және азаматтық институт ретіндегі қоғамның бірлігін, толеранттылықты нығайтып, этносаралық келісімді сақтаудағы рөлін күшейтуге үлес қосады.
«АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНЫҢ ЖАСТАРЫ ҚИЫН ЖАҒДАЙДА БІР ТУДЫҢ АСТЫНА ЖҰМЫЛА БІЛДІ»
– Ассамблея жастарының негізгі қызметі қандай?
– Ассамблея жастарының негізгі қызметі – этностар арасындағы мемлекеттік тілді дамыту, ұлттардың қоғамдық бірлігін арттыру. Өткен жылы Батыс Қазақстан өңірінде су тасқыны болған кезде Ассамблея жастары өздерін өте белсенді көрсетті. Сол кезде әрбір этноста бауырлық сезім бар екенін көрдім. Қандай да бір жағдайға қарамастан Алматы облысында жастар Ұйғыр, Райымбек аудандарынан Қонаев қаласына келіп, бізге көмектескен болатын. Күні-түні ұйықтамай, су басқан өңірлерге гуманитарлық көмекті жылдам жеткізуге атсалысты. Осы елдің жастарының бауырмалдығы жүрегіме қатты әсер етті. Осыған дейін шынымен жомарт жастар бар екенін білмейтінмін. Жастардың бірлігін көрген кезде жүрегім елжіреп кетті. Ассамблея жастарының тағы бір міндеті – халықты түрлі қоғамдық жұмыстарға тарту, қызықтыру. Қоғамдық жұмысқа атсалысқан кезде ғана дархан жүрегімізді көрсете аламыз.
– Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына орай қандай шаралар жоспарланған, облыс көлемінде қалай атап өтесіздер?
– Қазақстан халқы Ассамблеясы 1995 жылы құрылған, қазір 17 облыс пен 3 қала бойынша этномәдени бірлестіктері бар. Ассамблея қабырғасында 23 белсенді азаматымыз бар. Олардың арасында белгілі Әзербайжан этномәдени бірлестігінің төрағасы Осман Асылы Әлиқызы және Тифенцова Наталья Алексеевна сынды құрметті азаматтарымыз белсенді жұмыс атқарады. Олар Ассамблеяның ашылуынан бастап қызмет етіп келеді. Бізде Вайнах, Ахысқа деген этномәдени бірлестіктерінде үлкен шаралар өткізіліп жатыр. Ассамблея жастары 30 жылдыққа орай тамыз айында жазғы лагерь ұйымдастыруды жоспарлап отыр. Жоспар бойынша Үлкен Алматы көлі немесе Көлсай көлдерінде өтуі мүмкін.
– Қазақстан халқы Ассамблеясының еліміздегі орны мен маңызы туралы айтып берсеңіз…
– Қазақстан халқы Ассамблеясының еліміздегі орны ерекше. Себебі, осы Ассамблея арқылы мен өзгере түстім, жақындарым көбейді. Көптеген этномәдени бірлестіктермен таныстым, көптеген ұлттық астың дәмін татып, тарихымен таныстым. Әр ұлттың тілдік ерекшеліктері, мәдениеті мен наным-сенімдері туралы көптеген тың ақпаратпен таныстым. Ассамблеяға деген қызығушылық өткен жылғы су тасқыны кезінде арта түсті. Алматы облысының жастары ұлтқа, ұлысқа бөлінбей, қиын жағдайда бір тудың астына жұмыла білді. Басқа елдерде мұндай Ассамблея жоқ, этностар арасындағы достықты дәріптейтін ұйым құрылмаған. Қазақтардың арасында өскеннен кейін бәріміз қонақжаймыз.
– Өмір жолыңызда қазақ тілінің пайдасы көп тиді ме?
– «Көп тіл білгеннің көкжиегі кең» дейді ғой. Қазақ тілін еркін меңгеруімнің арқасында жаңа мүмкіндіктерге жол ашылды. Мемлекеттік тіл менің өмірімде маңызды рөл атқарады. Ең алдымен, адамдармен қарым-қатынас жасауда көмегін көп тигізеді. Қазақ тілін босқа үйренбегеніме талай рет көзім жетті. Жалпы, мемлекеттік тілді білу – Қазақстанның әрбір азаматының парызы. Міндеті деп те айтуға болады. Сондықтан мен отандастарымды қазақ тілін үйренуге шақырамын.
– Әңгімеңізге көп рақмет!
Рас, туған жерінде ана тілін білмейтін, оны білгісі де келмейтін мәңгүрттер жетерлік. Оларға айтар сөзің де жоқ. Тағдырларын осынау кең байтақ Қазақстанмен тоғыстырып, қазақтың елі мен жерін, тілін жақсы көретін өзге ұлттың өкілдерін көргенде, туған бауырыңдай жақсы көріп қаласың. Суын ішіп, ауасын жұтып, тірлігін кешіп келе жатқан мемлекеттің ел-жеріне, тіліне құрметпен қарайтын сондай жандарға деген ықыласымыз да бөлек. Вера Плетнева сынды белсенді жастардың осы іске өз үлесін қосуы – Қазақстанның тұрақтылығы мен бірлігін сақтауға жасалған игі қадам. Алдағы уақытта да Ассамблея жастары ел ішінде татулық пен ынтымақты арттыруға, қоғамдық жұмыстарға белсене араласады деп сенеміз.
Индира БІРЖАНСАЛ