

Мұнай – қазақтың қазынасы, бағына біткен байлығы. Әлеуметтің әлеуетінің артуында, ел экономикасының дамуында қарт Каспийдің айналасындағы қойнауы қазынаға бай кеніштерден өндірілген «қара алтынның» рөлі айтарлықтай зор. Алайда, ара-кідік ел бюджетінің қомақты бөлігін толтырып отырған мұнай тасымалына байланысты тосқауылдар туындап тұратыны жасырын емес. Соңғы жылдары бұл тараптағы кедергілерге басты себепкер болатын факторлар Ресей мен Украина арасындағы соғыс, Еуропа елдері мен АҚШ-тың Мәскеуге салған санкциялары. Үш жылға созылып келе жатқан соғыстың салдары мен санкция салқыны қазақ мұнайын экспорттауға айтарлықтай зардабын тигізуде. 17 ақпанда Украина Қазақстан мұнайын жаһандық нарыққа тасымалдайтын станцияға шабуыл жасады. Атап айтқанда, Украина қарулы күштері Ресейдің оңтүстігіндегі Кубань өңіріндегі мұнай өңдеу зауыты мен екі мұнай станциясын дрон шабуылын ұйымдастырды. Келесі күні ресми Киев «Жаудың отын-энергетика құрылымдарына жойқын соққы жасалып, нысанаға дәл түстік» деп мәлімдеме жасады.

КАСПИЙ ҚҰБЫР ЖЕЛІСІНЕ ШАБУЫЛ: КІМ КІНӘЛІ?
Каспий құбыр желісінің басты акционері саналатын «Транснефть» компаниясы шабуыл салдарынан құбыр арқылы мұнай тасымалдау көлемі 30 пайызға дейін азаюы мүмкін екендігін айтты. Ал, мұнай өңдеу зауыттарын қайта қалпына келтіру жұмыстары бір жарым-екі айға созылмақ. Алайда, кейбір сарапшылар шабуыл салдарын жойып, толыққанды қалпына келтіру 3-4 айға дейін жалғасуы мүмкін екендігін жоққа шығармайды. Құбырдағы апат Қазақстан үшін шаш-етектен шығынға батыруы мүмкін. Мәселен, 2023 жылы Қазақстандағы мұнай экспортының 80 пайызы Каспий құбыр желісі арқылы тасымалданған. Десе де, ел Үкіметінің мәліметінше, бұл шабуылдан кейін мұнай тасымалы тоқтамаған. Энергетика министрлігі құбыр арқылы мұнай айдауда ешқандай шектеу жоқ, жұмыстар арнайы кестеге сай жүріп жатқандығын айтып, сендірді.
Осы орайда айта кетерлігі, дрон шабуылына ұшыраған «Кропотинская» станциясы Қазақстан мұнайын таситын Каспий құбыр консорциумының Ресей аумағындағы ең ірі бөлігі. Консорциумдағы апат Ресей Үкіметінің жиынында да талқыланып, құбырды жөндеуге еуропалық компаниялардың құрал-жабдықтары қажет екендігі айтылды. Президент Путин КҚК-дағы батыс акционерлерін аталған қат тауарларды Ресейге жеткізуге қолұшын беруге шақырды.
Апаттың Қазақстан үшін шығыны қаншалықты болатыны туралы түрлі болжамдар мен долбарлар айтылуда. Кейбір сарапшылар шығын көлемін 300 млн доллардан 1,5 млрд долларға дейін болуы мүмкін екендігін жоққа шығармайды. Экономист Олжас Байділдиновтің айтуынша, Қазақстан мұнайының тасымалы Мәскеу болжағандай 30 пайызға қысқарса, ел бюджетіне 300 млрд теңге шығын келмек.
Сарапшы Қазақстан Каспий құбыры консорциумына жасалған шабуылға байланысты өзінің ұстанымын нақтылауы тиіс. Осы тақілеттес шабуылдар алда жалғаса берсе, ол мұнай тасымалы көлеміне, сәйкесінше бюджет кірісіне, одан әрі теңге бағамына кері әсер етуі мүмкін.
«Осы құбырмен айдалатын 63 млн тоннаның 53,8 млн тоннасы – қазақтікі, нақтырақ айтқанда, Теңіз, Қарашығанақ және Қашаған мұнайы (бүкіл көлемнің 86%), сонымен қатар басқа да қазақстандық компаниялардың мұнайы да бар. Сондықтан Қазақстан біздің мұнай құбырына жасалған шабуылға реакция беруі тиіс деп санаймын. Елшіні шақырып алсын, өзінің жекелеген санкцияларын енгізсін, ҰҚШҰ мандаты шеңберінде өз құқығын белгілей отырып, маңызды объектілерді күзету бойынша ҰЭТ контингентін дайындауға кіріссін дегендей. Қалай дегенмен Қазақстан өз активтерін өзі қорғауы тиіс, бұл инвестициялық ахуалды сақтау үшін де маңызды», – дейді Олжас Байділдинов.
ҚАЗАҚСТАН ТАРАПЫНЫҢ ҰСТАНЫМЫ
Бірқатар Мәжіліс депутаты орын алған олқылыққа қарап қалмай, үн қосып, пікір білдірді. Мәселен, Никита Шаталов есімді депутат Парламент қабырғасында Украинаның шабуылынан Қазақстан экономикасы орасан зор зардап шегуі мүмкін екендігін айтып, дабыл қақты. Шаталовтың сөзіне сенер болсақ, Киев еліміз үшін маңызды саналатын нысанға қасақана түрде соққы жасаған.
«Украина тарапы бұл құбыр бойынша айдалатын мұнайдың 90 пайызы Қазақстандікі екенін, «қара алтынның» Теңіз кенішінен өндірілетінін, одан шикізатты Еуроодаққа тасымалдайтын Батыстың түрлі компаниялары пайда көріп отырғанын білмеуі мүмкін емес. Біз шабуыл мақсаты нақты біздің экономикалық мүддемізге зиян келтіру деп айта аламыз», – деп пайымдайды депутат.
Шаталовтың ойынша, халықаралық консорциум инфрақұрылымына шабуыл жасау жөнінде шешім қабылдағандар біздің мүддемізге қарсы қылмысы үшін жауап беруі тиіс.
Шабуылға қатты шамырқанған Шаталов: «Қазақстан келтірген шығындары мен біздің мүддемізге шабуылы үшін Украина жағын жауапкершілікке шақыруы керек» деді.
Бұдан бөлек, Мәжіліс депутаты Марат Башимов та орын алған оқиғаға қатысты пікір білдіріп, консорциум инфрақұрылымына шабуыл жасау туралы шешім қабылдағандарды қатаң жауапкершілікке тартуды талап етті.
МҰНАЙДЫ БАТЫСҚА АПАРАР БАЛАМА БАҒЫТТАР БАР МА?
2022 жылғы 7 шілдеде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев көлік-транзит әлеуетін дамыту жөніндегі кеңес өткізіп, мұнай тасымалдау ісін әртараптандыруды тапсырған болатын. Атап айтқанда, Президент Ресейді айналып өтетін бағыт арқылы «қара алтын» экспорттау мәселесін пысықтау қажеттігін алға тартқан-тын. Күні кеше ғана Қазақстан Ақтау-Баку-Джейхан бағыты бойынша мұнай жеткізуді 1,7 млн тоннаға дейін ұлғайтуды көздеп отырғаны белгілі болды. Бұл туралы «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Басқарма төрағасының бірінші орынбасары Құрманғазы Есқазиев мәлімдеді. Баку – Тбилиси – Джейхан бағыты бойынша экспорт көлемі соңғы жылдары оң динамиканы көрсетіп жатыр. Атап айтқанда, 2 жылда 2,5 млн тонна мұнай аталған құбыр бойынша жөнелтілген.
Қазақстан қазіргі уақытта мұнайды Каспий құбыр консорциумы жүйесінен басқа бағыттар арқылы да экспорттауға ерекше маңыз беріп келеді. Атап айтқанда, Өзен-Атырау-Самара, сондай-ақ Қытай бағытындағы Қазақстан-Қытай құбыры, Ақтау порты (Махачқала-Баку) бағыттары қолжетімді. Алайда, бұл бағыттардың тасымалдау қуаттылығы мардымсыз. Мәселен, Өзен-Атырау-Самара арқылы жылына 17,5 млн тонна мұнай шетел нарығына шығарылады. Бұл бағыт арқылы бағытталатын мұнай сорты – ресейлік Urals. Ал, оның әлемдік нарықтағы бағасы төмен.
Тағы бір маңызды бағыт – Қазақстан-Қытай құбыр желісі. Оның жылдық қуаттылығы – 20 млн тонна. 2019 жылдан бері осы бағытпен тасымалданған мұнай экспортының көлемі 1 млн тоннаға да жетпейді.
Сонымен қатар, қазақ мұнайын жаһандық нарыққа экспорттауға мүмкіндік беретін Қазақстан-Түркіменстан-Иран, Транскаспий бағдарлары да қарастырылуда. Шикізатты темір жол арқылы Өзбекстан және Қырғызстан арқылы да тасымалдауға мүмкіндік бар.
Сарапшылар Баку-Тбилиси-Жейхан бағытын ең оңтайлы балама көреді. Бұған себеп те жоқ емес. Аталған бағыт арқылы жылына 50 млн тонна мұнай тиеуге мүмкіндік бар. Бұл – ТМД аумағындағы Ресейді айналып өтетін алғашқы бағыт. Жоба акционерлерінің қатарында BP, MOL, ENI, Exxon Mobil сынды әлемдік алпауыт мұнай компаниялары бар. Бұл бағытты іске қосу үшін Ақтау портының инфрақұрылымын жаңғырту қажет. Бұдан бөлек, Құрық портын қайта қалпына келтіріп, оған арнайы құбыр тарту керек және танкерлерді іске қосу сияқты мәселелер шешім табуы тиіс. Ал, Қазақстандағы мұнай-сервисі компаниялар одағының бас директоры Нұрлан Жұмағұловтың пайымдауынша, Ақтау портындағы құбырдың тасымалдау мүмкіндігі төмен.
«Соңғы жылдары Ақтау портында жылына 2-2,5 млн тонна көлемінде ғана мұнай тиелуде. Шын мәнінде, порт жылына 12 млн тоннаға дейін мұнай тасымалын жүзеге асыруға қабілетті. Ол үшін тозығы жеткен кемежайларды жаңартып, бірқатар жөндеу жұмыстарын жүргізу қажет. Сондай-ақ, Каспий теңізінің деңгейіне арналған жүк тасымалдау қуаты 12 мың тоннаға жететін ондаған жаңа мұнай танкерін алу керек. Бұл қыруар қаражатты қажет етеді», – дейді Нұрлан Жұмағұлов.
Мұнай сарапшылары Баку-Тбилиси-Жейхан бағыты мен Ақтау порты арасындағы байланыстың жоқтығын экспорт көлемінің аздығына тағы бір себеп ретінде көреді. Осы мәселені оңтайлы шешу мақсатында 2006 жылы Қашаған акционерлері 4 млрд долларға жоба ұсынған. Жобаға сәйкес Ақтау порты БТД-мен байланысуы тиіс болатын. Алайда, іс аяғы құрдымға кеткен. Бүгінде мұнда тек жүк кемелері ғана мұнай тасымалдауда.
Ендігі бір бағыт – Қазақстан-Түркіменстан-Иран. Бұл бағыт арқылы қазақ мұнайы Тегеран арқылы әлемдік нарыққа шығады. Еліміз аталған бағытпен бұған дейін жылына 2-3 млн тонна шикізатты ирандық Нека портына жеткізіп отырған. Десе де, бұл бағыттың болашағы бұлыңғыр. Сарапшылардың пайымдауынша, жуырда әлемдік нарықта Иран тарапынан жеткізілетін мұнайға деген сұраныс төмендеуі мүмкін.
Қазақстандық шикізатты темір жол арқылы Өзбекстан мен Қырғызстандағы мұнай өңдеу зауыттарына жеткізу де мұнай экспортының әлеуетінің артуына ықпал етпек. Экономика ғылымдарының докторы Олег Егоровтың айтуынша, бүгінде Қырғызстанда жылына миллион тоннаға дейін мұнай өңдеуге қабілетті үш қытай зауыты жұмыс істейді. Оларды қазақстандық шикізатпен қамтамасыз етуге толықтай мүмкіндік бар. Ал, Өзбекстанға қыруар көлемдегі мұнай қажет емес. Көршілес елдегі автокөліктердің 70 пайызы метан газымен жүруі бұған басты себеп.
ҚАЗАҚ МҰНАЙЫНА СҰРАНЫС ЖОҒАРЫ
Қазақтың «қара алтынының» негізгі тұтынушысы – Италия. Қазақстандық мұнайдың 27,3 пайызы осы мемлекетке тасымалданады. Сондай-ақ, біздің мұнайды импорттаушы елдер қатарында Нидерланд, Франция, Қытай, Түркия, Испания, Үндістан, Оңтүстік Корея, Румыния және Грекия бар.
Осы ретте айта кетерлігі, соңғы жылдары Германия қазақстандық мұнайды сатып алу көлемін айтарлықтай арттырған. Мәселен, 2022 жылдың алғашқы жартыжылдығында аталған мемлекет «қара алтын» импортын 92 пайызға көбейткен.
Сарапшылар аймақта қалыптасқан геосаяси ахуалға байланысты әлемдік нарықта қазақ мұнайын экспорттауға шектеу қойылу қаупі бар екендігін топшылаған болатын. Бұл күдікті әлемдегі бірқатар мемлекеттердің Ресей мұнайынан бас тартуы растай түскендей әсер еткендігі жасырын емес. Атап айтқанда, алғаш болып АҚШ сияқты алпауыт ел ресейлік өнімді тасымалдауға шектеу қойды. Десе де, ресми Вашингтон Ресейдің мұнайы мен өзге де қуат көздерінен бас тартуын Қазақстанға бәлендей әсері болмайтынын мәлімдеді. Бұл макроэкономикаға тәуелді біздің ел үшін тиімді әрі маңызы зор екені айтпаса да түсінікті.
Қазақстан әлемдегі ең ірі мұнай экспорттаушы мемлекеттердің санатына кіреді. Қазір бізде жылына 90 млн тоннаға дейін мұнай өндіріледі. Өнімді сыртқа шығаратын Каспий құбыр желісінің салынуы мұнай-газ секторын дамытуға ерекше ықпал еткені белгілі. Аталған жоба Қашаған, Теңіз және Қарашығанақ сияқты ірі кен орындарын игеруге тың серпін бергені рас. Бүгінде елімізде өндірілетін мұнайдың 60 пайызы осы кен орындарына тиесілі. Десе де, уақыт ағымы, замана сұранысы өзге де бағыттарды қарастыруға һәм іске қосуға мәжбүрлеп отырғаны жасырын емес.
Осы орайда айта кетейік, Қазақстандағы зерттелген мұнай қоры 2 млрд тонна көлемінде. Ал, еліміздің газ қоры 2,7 млрд текше метрді құрайды. Қыруар байлық-ақ. Осынау ұшан-теңіз табиғи қазынаны халық игілігіне жұмсау – еліміздің экономикалық дамуына және азаматтарымыздың әл-ауқатын қамтамасыз етуге қосылған елеулі үлес болмақ.
КАСПИЙ ҚҰБЫР ЖЕЛІСІ ТУРАЛЫ БІРЕР СӨЗ
Каспий құбыр желісі консорциумы – Каспий теңізі аймағынан әлемдік нарыққа мұнай тасымалдайтын халықаралық бағыт. КҚК отандық «қара алтынды» Қазақстан мен Ресей аумағы арқылы транзитпен экспорттау үшін құрылған. Мұнай құбырының жалпы ұзындығы бір жарым мыңнан астам шақырымды құрайды. Оның 452 шақырымы республикамыздың аумағынан өтеді. Магистральды мұнай құбыры еліміздің батысындағы кен орындарын Қара теңіздің ресейлік жағалауымен байланыстырады. Қазақстан Теңіз, Қашаған және Қарашығанақ кеніштеріндегі мұнайдың 80 пайызын осы құбыр арқылы тасымалдайды.
Қазіргі таңда консорциум құрамына әлемнің мұнай-газ саласымен айналысатын ірі акционерлері кіреді. Атап айтқанда, олардың қатарында Қазақстан, Ресей, Chevron Caspian Pipeline Consortium Company, Rosneft-Shell Caspіan Ventures Ltd., Eni International N.A. N.V. сияқты алпауыттар бар. Тасымалданатын мұнай сорты – CPC Blend.
Аталған құбыр арқылы ағылған «қара алтынның» басым бөлігі Италия, Франция, АҚШ, Испания сынды мемлекеттерге тасымалданады.
ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН
Қазақстан мұнайының 80 пайызын экспорттайтын Каспий құбыр желісі еліміз үшін басты стратегиялық инфрақұрылымның бірі әрі бірегейі. Сондықтан да, қазына қоржынын толтырып, әлеуметтің әлеуетін арттыруға ықпал етіп отырған бұл нысанның толыққанды жұмыс істеп тұрғаны біз үшін үлкен маңызға ие. Десе де, «саудада достық болмайтынын» ескеріп, мұнай тасымалдайтын басқа да балама жолдарды қарастыра бермек керек. Бұл мәселеде арқаны кеңге салуға болмайды.
Жандар АСАН, саяси сарапшы