Ащы шындық бәріне бірдей ұнай бермейді – Президент

0
69

Еліміз ешқашан популизмге, менмендікке және жалған ұранға жол берген жоқ. Бұл туралы Ұлттық құрылтайдың IV отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты.

– Мемлекет ауыл еңбеккерлерін қолдауды барынша күшейтті. Былтыр күзде 27 миллион тонна астық жинап, рекордтық көрсеткішке қол жеткіздік. Кәсіпкерлікті дамытуға әрдайым баса назар аударылады. Тұрғын үй құрылысының қарқыны едәуір өсіп, былтыр 19 миллион шаршы метр баспана пайдалануға берілді. Бұл да – бұрын-соңды болмаған жетістік. 2019 жылдан бері елімізде 250-ден астам жатақхана салынды. Соның нәтижесінде орын тапшылығы 6 есе қысқарды. Студенттер саны ұдайы көбейіп, жоғары оқу орындарында 624 мың азамат білім алып жатқанына қарамастан, осыған қол жеткізе алдық. Еліміздің 90 мыңнан астам азаматы шетелде оқиды. Бұл біздің қоғамның ашықтығын көрсетеді. Азаматтарымыз демалу үшін шетелге жиі шығатын болды. Біздің көк төлқұжатымыз әлемдегі 92 мемлекеттің аумағына визасыз емін-еркін кіруге мүмкіндік береді, – деді Президент.

Мемлекет басшысының атап өтуінше, Қазақстан – халықаралық аренада зор құрметке ие мемлекет, елімізді «орта держава» деп атайтын болды. Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясы Алматыда Орталық Азия мен Ауғанстан үшін Орнықты даму мақсаттары жөніндегі Біріккен Ұлттар Ұйымының аймақтық орталығын ашу туралы қарар қабылдады. Осы шешім еліміздің әлемдегі ықпалы мен беделі зор екенін аңғартады.

– Бұл деректер бәріміз бір ел болып атқарған жұмыстың бір парасын ғана көрсетеді. Біз барлық сын-қатерді сенімді түрде еңсеруді және мәселенің бәрін байыппен, іскерлікпен шешуді үйрендік. Ешқашан популизмге, менмендікке және жалған ұранға жол берген жоқпыз. Әрдайым әділ диалог орнатуға ұмтылдық, қиындықтар пен қауіп-қатерлерді жасырмай, турасын айттық. Нақты ахуалды боямасыз көрсеттік, бос уәде де берген жоқпыз. Ащы шындық бәріне бірдей ұнай бермейді. Бірақ мұндай қадам жағдайға тура қарап, жалған үмітке алданбау үшін керек. Әдемі сөйлеп, уәдені үйіп-төккендер емес, мақсат жолында үздіксіз алға ұмтылып, жұртқа жаға бермесе де, аса маңызды шешім қабылдай білетіндер табысқа жетеді. «Еңбек жолы мұратқа жеткізеді». Бұл – біз атқарып жатқан жұмыстың басты қағидасы, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here