Беделді басылыммен болған байланыс

0
704

1925 жылғы 1 мамырда «Смычка» деген атаумен жарық көрген басылымға биыл 100 жыл толып отыр. Күншуақты оңтүстік өңірінің жарқын жылнамасына айналған бұл газеттің атауы заман ағымына орай «Правда в степи», «Правда Южного Казахстана» деп өзгерген. 1964 жылдан бері қазіргі «Южный Казахстан» деген атаумен ойлы оқырман қауыммен қауышып келеді.

Бұл басылымда Юрий Кунгурцев, Николай Коломыцев, Степан Катвицов, Федор Чирва, С.Фролов, Олег Быстров, Олег Постников, Юрий Ряженцев, Василий Филонов, Мажит Бараисов, Василий Тришев, Юрий Кирюхин, Жанна Тарасенко, Наталья Коса, Нина Казорина, Инна Горская, Луиза Гаджиева, Нина Ишутина, Любовь Хмурова, Людмила Левенчук, Л.Ковалева, Любовь Доброта, тағы бсқалар қызмет істеген.

Соңғы 16 жылдан бері Марина Лимаренко «Облыстық «Южный Казахстан» қоғамдық-саяси газетінің редакциясы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры – Бас редакторы қызметін атқарып келеді. Басылымда «Саясат», «Экономика», «Қоғам», «Мәдениет», «Спорт», «Шымкент», «Өңірлер», «Халық тарих тоғысында», «Кезекші репортер» деп аталатын бөлімдер жұмыс істейді. Татьяна Корецкая, Игорь Лунин, Ирина Притула, Берік Монтаев, Татьяна Бурдель, Салтанат Әбдіжаппарова, Владимир Привалов, тағы басқа журналистер – күллі оқырман қауымның сүйікті авторлары.

Газет ұжымы жыл сайын «Масленица» халықтық мерекесін ұйымшылдықпен өткізіп жүр. Жас орындаушылардың Халықаралық «Казахская романсиада», «Детская романсиада» секілді бірегей жобаларын, Халықаралық «Играй, гармонь» фестивалін, желаяқтар марафонын ұйымдастыруда. Мектеп оқушылары арасында тақырыптық шығармалар байқауын, «Новое поколение» деп аталатын олимпиадасын өткізіп келеді.

Енді осы беделді басылыммен болған байланысым жайлы баяндап өтейін. Өткен ғасырдың сексенінші жылдарының соңында Келес ауданы тарап, Сарыағашқа қосылған кезде аудандық қостілді «Қызыл ту», «Красное знамя» газеттерінде жауапты хатшы болып қызмет істедім. Ондағы қазақ, орыс, өзбек ұлтының өкілдерімен тонның ішкі бауындай етене араластық. Әсіресе, Ресейдегі Сібір өңірінің тумасы, әріптес досым Александр Бабкин мен оның жан жары Руфина Бараисовамен тату-тәтті тіл табысатын тұғынмын. Ерлі-зайыпты журналистер менің айрықша кәсіби іскерлік қарым-қабілетім мен тәржімандық тәжірибемді өте жақсы білетін. Сол тұста Кеңес Балықбаев басшылық жасайтын Сарыағаш аудандық газеті Балтық бойы елдерінің басты-басты басылымдарын жаздыртып алатын. Солардың бірінен демократия жайлы мақаланы тауып алып, қызығушылығым оянып, оны қазақ тіліне аударып, қос газетте де жариялап жібергенмін. Осылайша бұл оқиға оңтүстіктегі барлық аудандық, қалалық газеттер басылып шығатын Шымкентті ғана емес, бүкіл облысты шулатқаны бар. Мұны ойлы оқырман қауым әлі ұмыта қоймаса керек.

Сарыағаш ауданынан бөлініп, қайтадан өз алдына отау тіккен Келес аудандық «Келес таңы» газетінде жауапты хатшы болып қызмет істеп жүрген кезім. Облыстық «Южный Казахстан» газетінде қызмет істейтін қоға сақалды әріптес досым Александр Бабкин ауданымызға келген шығармашылық іссапарының бірінде мені осы беделді басылымның Келес ауданындағы меншікті тілшісі қызметіне арнайы шақырған болатын. Сөйтіп, орыс тілінде жарық көретін облыстық газетте сан түрлі тақырыптағы мақаларым жарық көре бастады. Шымкентке талай рет барып, редакцияда өтетін лездемелерге қатысатынбыз. Біраз әріптестерімізбен етене араласа бастадық. Бұған сол кезеңде осы газетте қызмет істейтін Нина Казорина, облыс әкімінің баспасөз хатшысы Иса Тасқұлов, фототілші Абдуали (Алик) Розметов, келестік педагог, журналист Серік Алданов секілді әріптестерім куә.

Міне, бүгін ғасыр тойын тойлап отырған Түркістан облыстық «Южный Казахстан» қоғамдық-саяси газетінің ұжымын осы айтулы датамен шын жүректен құттықтаймын! Әріптестерімнің бәріне толағай шығармашылық табыс тілеймін!

Әбдісаттар ӘЛІП,
журналист, ақын, аудармашы, Қазақстан Журналистер және
Халықаралық Жазушылар одақтарының мүшесі.

ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫ.

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here