Сенатта ТМД ПАА-ның Аграрлық саясат, табиғи ресурстар және экология жөніндегі тұрақты комиссиясының отырысы өтті

0
515

Қазақстан Парламенті Сенатында Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы Парламентаралық Ассамблеясының Аграрлық саясат, табиғи ресурстар және экология жөніндегі тұрақты комиссиясының отырысы өтті.

Отырысқа ҚР Парламенті Сенаты Төрағасының орынбасары Жақып Асанов, ТМД ПАА-ның Аграрлық саясат, табиғи ресурстар және экология жөніндегі тұрақты комиссиясының төрағасы, ҚР Парламенті Сенатының депутаты Ольга Булавкина, ТМД ПАА-ға мүше мемлекеттердің парламентшілері, Қазақстанның салалық министрліктерінің өкілдері, сондай-ақ агроөнеркәсіп кешені және экология саласындағы сарапшылар қатысты.

Күн тәртібінде аграрлық секторды дамыту, экологиялық заңнаманы жетілдіру, қалдықтар мен су ресурстарын басқару мәселелері, сондай-ақ ТМД елдеріндегі үлгі заң шығару қызметінің болашақ бағыттары талқыланды.

ҚР Парламенті Сенатының Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің төрағасы Әли Бектаев «Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының агроөнеркәсіптік кешенді дамытудағы рөлі және осы саладағы ТМД елдеріндегі үлгілік заңнаманы жетілдірудің перспективалық бағыттары» тақырыбы бойынша баяндама жасады. Ол агроөнеркәсіп кешенін дамыту, табиғи ресурстарды тиімді басқару және экологиялық жағдайды жақсарту бойынша заңнамалық жұмыстың маңыздылығын атап өтті. Сондай-ақ, Қазақстанда экологиялық заңнаманы жетілдіру, ауыл шаруашылығына заманауи технологияларды енгізу және табиғи ресурстарды қалпына келтіруге орай белсенді жұмыс жүргізіліп жатқанын айтты.

Отырыс барысында зиянды заттардың шығарындыларын бақылауды күшейту, қалдықтарды басқару жүйесін жетілдіру және табиғи ресурстарды тиімді пайдалану мәселелері қаралды. Қазақстан Республикасындағы экологиялық ахуал – күн тәртібіндегі басты мәселелердің бірі болды.

Отырыстың қорытындысы бойынша комиссияның келесі отырысының мерзімі мен алдын ала күн тәртібі анықталды. Сонымен қатар, аграрлық саясат пен экология саласындағы парламентаралық ынтымақтастықты одан әрі дамытуға бағытталған ұсыныстар әзірленіп, тиісті шешімдер қабылданды.

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here