14 наурыз күні сағат 16:00-де Әбілхан Қастеев атындағы ҚР Мемлекеттік өнер музейінде Қырғызстанның кескіндемеші-суретшілері мен мүсіншілерінің «Айкөл – Талас – Қырғызстан» ұжымдық көрмесінің ашылуы өтеді.
Қырғызстандық суретшілер мен мүсіншілер қырғыз мәдениетін, табиғаты мен халық дәстүрлерін көркемдік тұрғыдан суреттейтін көрмені ұсынады. 2019 жылы ұлы жазушы Шыңғыс Айтматовтың 80 жылдығына арналған халықаралық пленэр кезінде құрылған топ үлкен халықаралық тәжірибесі бар авторларды, Қырғызстанның халық және еңбек сіңірген мәдениет қайраткерлерін және сурет өнерін, шығармашылықты сүйетін жас ұрпақты біріктіреді.
Көрме кеңістігіне атақты майталмандардың, Қырғызстан суретшілері жаңа буын тәлімгерлерінің, Мәскеу мен Санкт-Петербург ірі көркемсурет институттарының түлектері: Қадырқұл Оразматов, Сүйітбек Торобеков және Сапар Осмоналиевтің жұмыстары кіреді. Қатысушылар қатарында белгілі қырғыз суретшілері: Жолдошбек Қазақбаев, Шекербек Анарбеков, Чингис Ормонбеков, Эркин Ақназаров, Жаныбек Сүйінбеков, Алмазбек Шаршекеев, Әбдісадыр Трусбеков бар. Көркем картиналар арасындағы экспозиция монументалист Бообек Арықовтың қоладан жасалған бірнеше туындыларын біріктірді. Топтың әрбір қатысушысы Қырғызстан мен шетелде жеке және халықаралық көрмелерде үлкен тәжірибеге ие. Олардың картиналары терең мағына мен мәнерлі бейненің үйлесімінің талантты мысалы болып табылады.
Қырғыз халқының біртуар перзенттерінің ой-пікірлері, адам тағдыры, ұрпақтар сабақтастығы, туған жерге деген сүйіспеншілік пен табиғаттың адаммен үндестігі туралы толғаулары топ мүшелерінің шығармаларында өзінің көркемдік өрнектерін тапты. Шыңғыс Айтматов: «Туған жер – ата-бабамыздан қалған жеріміз ғана емес, ұрпақтарымызға қалдыратын жеріміз», – деп жазды. Бұл сөздердің мағынасы туған өлкенің рухына толы кескіндемелер мен мүсіндерден көрініс табады.
Ұсынылған авторлардың шығармашылығы – бұл қазіргі қырғыз өнерінің көрінісі, онда дәстүрлі мотивтер көркем білім берудің академиялық базасына сүйенетін жаңа өзін-өзі көрсету іздеулерімен ұштасады. Шығармалар сан алуан, дара, тарихи мифология шынайылығымен күнделікті өмір мен дерексіздік екпінін жеткізіп, уақыттың эмоциялық әлем ізімен жетелейді.
Экспозиция 2025 жылдың 30 наурызына дейін жалғасады. Көрме кураторы – Айгүл Хайдарова.