Цифрлық технология – экономика тірегі

0
338

Бурабайда өткен Ұлттық құрылтайдың төртінші отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қоғамдағы ең өзекті мәселелерге назар аударды.

Бұл құрылтайда елдегі саяси реформалар қорытындыланып, алдағы кезеңде іске асыратын кешенді экономикалық және әлеуметтік реформаларға қажетті іс-қимыл жоспары таныстырылды. Соның ішінде Мемлекет басшысы Тоқаев Қазақстан үшін төрт басымдықты атап өтті. Яғни, еліміздің кем дегенде төрт бағытта үлкен мүмкіндіктері бар екендігін мәлімдеді. Осы төрт бағытта Қазақстан өзін-өзі қамтамасыз етіп қана қоймай, өңірлік және тіпті жаһандық ауқымда тон орната алатындығы айтылды. Цифрландыру және жасанды интеллект, көлік транзиті, энергетика, агроөнеркәсіптік сектор және, әрине, адами капитал ерекше. Цифрландыруға және жасанды интеллектті енгізуге келетін болсақ, біздің елімізде серпіліске қол жеткізуге мүмкіндік бар екендігі айтылды. Яғни, технологиялық даму және инновация – Қазақстанның ғылым, технология және цифрлық экономика саласындағы әлемдік көшбасшылардың қатарынан көрінуі.

Осыған орай, еліміздегі индустрия салаларын қазіргі заман талаптарына сай ілгері дамытудың қадамдары, су, жер қатынастарын реттеу, инфрақұрылымдық қауіпсіздік мәселесі, ең бастысы, ел қауіпсіздігін жаңаша бағалау, соған қажетті нақты шаралар қабылдау реті айқындалды.

Президент еліміздің қазірдің өзінде 190-нан астам мемлекетті қамтитын электрондық үкіметтің даму деңгейі бойынша БҰҰ рейтингінің алғашқы 25 елінің қатарына кіретінін атап өтті. Бірақ, ешбір жағдайда мұнымен тоқтап қалуға болмайтындығы, сондай-ақ жоғары технологиялар экономика мен мемлекеттік басқарудың барлық салаларын дамытудың локомотивіне айналдыруды қадап айтты. Сонымен қатар, Үкімет озық цифрлық шешімдер мен жасанды интеллектті кеңінен енгізу үшін қолайлы ортаны қалыптастыру жөніндегі жұмысты бірнеше рет күшейтуге міндетті екендігі айтылып өтті.

Президент атап өткендей, елімізде деректерді сақтау мен өңдеудің қуатты архитектурасын құру, технологиялық өнімдерді жаппай экспорттауды бастау міндеті тұр. Жасанды интеллектті табысты цифрландыру және кеңінен енгізу елдің энергетикалық әлеуетіне тікелей байланысты.

Келешекте өңірде және әлемде энергия тапшылығы тұрақты түрде өсетін болады. Мәселе еліміздің энергияға деген сұранысын қанағаттандыруға ғана тіреліп тұрған жоқ. Біз үшін ел экономикасының ондаған жыл бойы қарқынды дамуына берік негіз болатын жаңа энергетика саласын қалыптастыру. Сондықтан Қазақстан электр энергиясымен толық өзін-өзі қамтамасыз етуге қол жеткізіп қана қоймай, әлемдік энергетикалық нарықта ірі экспорттаушы болуға тиіс. Бұл уақыт талабы. Бұл қадам энергетика саласын кешенді түрде, жан-жақты ойластырып дамыту қажеттігін көрсетеді. Осыған орай бір емес, үш атом электр стансасын салып, толыққанды ядролық кластер қалыптастыру қажет деп есептейтінін Президент айтып өтті.

Прогрессивті ұлт болу үшін Қазақстан барлық азаматтардың дүниетанымын өзгертіп, қоғамдық санада жаңа құндылықтарды сіңіруі керек. Осыған орай, «Тәрбиесіз берілген білім адамзаттың – қас жауы» деген әл-Фарабидің атақты қағидасына сүйене отыра, ұрпақ тәрбиесі адамзат қоғамымен бірге жасауы айтылды. Президентіміз айтып өткендей, балаларға арнап жайлы мектептер, шетелдік ЖОО-лардың жаңа филиалдарының ашылуы, спорт кешендерін, оңалту орталықтарын көптеп салса еліміздегі балалар білімді болып өсері хақ. Білімді бала ертең ғылымда үлкен жетістіктерге жетері сөзсіз. Яғни, интеллектуалды ұлт қалыптастыру елдің дамуына үлкен өзгерістер әкелетіні белгілі. Сондықтан жастар тәрбиесіне өте қатты көңіл бөлуіміз керек. Құрылтайда әрбір азаматымыз, әсіресе, жастар ең жақсы қасиеттерді бойына сіңіруі қажеттігі қадап айтылды.

Қазіргі дәуір – қоғам өмірінің барлық саласын қамтитын өзгерістер кезеңі. Адамзат қоғамының одан әрі өсіп-өркендеуінде ғылымның атқаратын орны ерекше. Ғылым да, білім де ұлттың баға жетпес қазынасы десек, қазақ ғылымы тәуелсіздік жылдарында өзгелермен терезесі тең болу үшін дамудың айқын жолын таңдап келеді. Сондықтан қазір Мемлекет басшысы отандық ғылымға баса назар аударып отыр. Әсіресе, университеттердің ғылыми әлеуетін күшейтуге мән беру қажет екенін тілге тиек етіп жүр.

Президент ұсынған бастамалар өте ауқымды әрі жүргізіліп жатқан реформалардың қисынды жалғасы болып табылады. Ал, олардың негізгі мақсаты – қуатты және өркендеген мемлекет құру. Қазақстанның экономикалық дамуының жаңа парадигмасы еліміздің бәсекелік артықшылықтарын тиімді пайдалануға және өндіріс саласындағы еңбек, капитал, ресурстар, технология сияқты негізгі факторлардың әлеуетін барынша ашуға негізделеді. Осылайша, ел экономикасының басым секторларын дамытуға ден қойылуы қажет, яғни цифрлық технологияны жүзеге асыру, бұл экономика тірегі.

Жаппар ЖҰМАН,
Халықаралық қатынастар және
әлемдік экономика кафедрасының профессоры,
ҚР ҰҒА құрметті академигі,
экономика ғылымдарының докторы

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here