Келісім мен бірлік – патриотизмнің негізі: Осыдан тура 30 жыл бұрын Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылды

0
423

Тәуелсіздік алғаннан кейін Қазақстан алдында өз даму жолын іздеу мәселесі туындады. Ол үшін, ең алдымен, елдің егеменді мемлекет ретіндегі іргелі принциптері мен құндылықтарын анықтау қажет болды. Соның ішінде ұлт құрылысы мәселесі шешуші мәселелердің бірі еді: республика халқы дегеніміз не, қазақстандық қоғам қандай болуы тиіс, ұлттық бірегейлік неден құрылады?

Ерекше көп ұлттылық жағдайында (1991 жылғы 16,5 миллион халықтың 100-ден астам түрлі этностары) бұл сұрақтар ерекше назар аударуды қажет ететін мәселелердің қатарында болатын. Өйткені солардың шешіміне ел тағдыры тәуелді болды. Мемлекет Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы сансыз экономикалық және әлеуметтік дағдарыстарға төтеп беріп, кейіннен қоғамдағы әлеуметтік тұрақтылыққа, бірлік пен келісімге сүйене отырып қана тұрақты және дәйекті дамуды қамтамасыз ете алды.

Қазақстан халқы Ассамблеясы дәл осы парадигманы қалыптастыруға ықпал ету мақсатында құрылды. 1995 жылы түрлі этностар арасындағы үйлесімді қарым-қатынастарды сақтауға бағытталған саясатты жүзеге асырудың негізгі құралдарының бірі ретінде құрылған Ассамблея қазақстандықтардың біртұтас ұлт болып азаматтық топтасуында маңызды рөл атқарды.

1995 жылы 1 наурызда Қазақстан халқы Ассамблеясын құру туралы Президент Жарлығына қол қойылды. Ассамблеяны құру идеясының өзі бірнеше жыл бұрын (1992 жылы) пайда болған, бірақ бұл институтты рәсімдеу және оның негізгі мақсаттары мен міндеттерін анықтау үшін уақыт қажет еді.

Бастапқыда Қазақстан халқы Ассамблеясы Президент жанындағы консультативтік-кеңесші орган мәртебесіне ие болды және Қазақстанның саяси жүйесінің маңызды элементіне айналды. Бір қызығы, ол құрылған кезде құрылымның атауы қазіргі атауынан сәл өзгеше болатын, ол «Қазақстан халықтарының Ассамблеясы» деп аталды. Ұлттық бірегейлікті қалыптастыру тәсілдері енді ғана қалыптаса бастаған сол тарихи кезеңде мұндай атаудан ерекше диссонанс табылмады. ҚХА-ның негізін көптеген этномәдени бірлестіктер (ЭМБ) құрады, олардың әрқайсысының міндеттеріне өз өкілдерінің тілі мен мәдениетін сақтау және дамыту кірді.

Бірақ Қазақстан халқы Ассамблеясы платформасында этномәдени бірлестіктердің бірігуі олардың қызметінің күн тәртібін анағұрлым кеңейтіп, ұлтаралық келісімді нығайту, түрлі этностардың мүдделерін қозғайтын әлеуметтік-құқықтық мәселелерді шешуге жәрдемдесу, этносаралық саясат мәселелері бойынша ұсыныстар әзірлеу, мемлекеттік органдар мен қоғам арасындағы диалогты қамтамасыз ету жөніндегі жұмыстарды қамтуға ықпал етті. Осылайша, еліміздің барлық этностары тәуелсіз Қазақстанның құрылысына тартылып, қоғамның өркендеуіне және елдің үдемелі дамуына үлес қосты.

Расында, республиканың көп ұлтты халқының біртұтас саяси ұлтқа бірігуі сол кезде басталды. Оның үстіне, дәл азаматтық факторлар «желімге» айналды.

Өткен жылы Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты қазақстандықтардың ұлттық бірегейлігі тақырыбында әлеуметтік зерттеу жүргізді. Осы сауалнамаға сәйкес, қазақстандықтар үшін ұлт ретінде қоғам бірлігінің нышандары бірінші кезекте мынадай үш элемент – қазақстандық паспорт, Қазақстан жерінде туу фактісі және ортақ ата-бабалардың болуы, сондай-ақ тілдің ортақтығы. Бұл нәтижелер қазақстандық қоғамды біртұтас ұлтқа біріктірудің мемлекеттік саясатының (және практикасының) табыстылығын жақсы көрсетеді.

Бұл жетістікте Қазақстан халқы Ассамблеясы, оның көптеген құрылымы үлкен рөл ойнады, олар қазақ тілін қолдану аясын кеңейту, қазақстандық патриотизмді тәрбиелеу, қазақ мәдениеті мен тарихын барлық қазақстандықтар үшін сөзсіз біріктіруші факторлар ретінде танымал ету үшін көп жұмыс атқарды.

Қазақстан халқы Ассамблеясы қызметінің тиімділігіне оның тұрақты дамуы мен түрленуі ықпал етті. Осылайша, 2000 жылы Ассамблеяның мәртебесін көтеру мақсатында этносаралық қатынастарды дамыту және нығайту жөніндегі қызметті ведомствоаралық үйлестіру және ұлттық саясат мәселелері бойынша заң жобаларына қоғамдық-құқықтық сараптама жүргізу тапсырылды. 2005 жылы Қазақстан халқы Ассамблеясы Хатшылығы Президент Әкімшілігінің дербес құрылымдық бөлімшесі болып бекітілді.

2007 жылы Қазақстан халқы Ассамблеясы алғаш рет парламенттік өкілдік ету құқығын алды – жаңартылған Конституциямен оған Мәжілістің тоғыз депутатын сайлау құқығы бекітілді. Сол жылы құрылым Қазақстан халқы Ассамблеясы болып өзгертілді. Бәлкім, бұл оқиғаны этносаралық қатынастар саласындағы мемлекеттік саясаттың тұрақтысы ретіндегі «әртүрліліктегі бірлік» қағидасының түпкілікті расталуының белгісі деп атауға болады.

2008 жылы «Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы» заң қабылданып, оның қызметінің нормативтік-құқықтық негіздері айқындалды. 2009 жылы Қазақстан халқы Ассамблеясы Ғылыми-сараптамалық кеңесі пайда болды. 2010 жылы Ассамблеяның тікелей қатысуымен әзірленген Ұлттық бірлік доктринасы қабылданды.

2013 жылы Ассамблея құрылымында Қоғамдық келісім кеңестері пайда болды, өңірлерде достық үйлері, ал Еуразия ұлттық университетінде Қазақстан халқы Ассамблеясының бірінші кафедрасы жұмыс істей бастады. 2014 жылы «Қоғамдық келісім» республикалық мемлекеттік мекемесі құрылып, аналар кеңесі жинала бастады.

2015 жылы Қазақстан халқы Ассамблеясы қайырымдылық қызметінің үйлестірушісі және тиімді медиация институты болды. 2021 жылы ҚХА-ның «Жастар Ассамблеясы» жастар қанаты құрылды. Соңғы жылдары Ассамблея қызметінің волонтерлік бағыты үлкен серпін алды.

2022 жылы конституциялық реформадан кейін Ассамблеяның парламенттік өкілдігі өзгерді: енді Президент ҚХА Кеңесінің ұсынысы бойынша Сенаттың бес депутатын тағайындайды. Парламентте «Бір ел – бір мүдде» депутаттық тобы жұмыс істейді, оның құрамына 30 адам – Сенаттың 10 депутаты және Мәжілістің 20 депутаты кіреді.

Жалпы, бүгінгі таңда Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылымына қолданбалы этносаяси зерттеулер институты, Ғылыми-сараптамалық кеңес және 18 өңірлік ғылыми-зерттеу тобы; бір республикалық және 20 облыстық журналистер клубы; 1 119 ақсақалдар кеңесі; «Шаңырақ» ҚХА кафедраларының қауымдастығы; 15 тілде шығарылатын 52 этникалық бұқаралық ақпарат құралдары; 1 713 аналар кеңесі, 34 достық үйі; 1 000-нан астам этномәдени бірлестіктер; құрамында 1 294 медиатор бар Медиация кеңесі кіреді. Барлық өңірлерде Ассамблея құрылымдарының қайырымдылық саласындағы жұмысын үйлестіретін «Жомарт жан» орталықтары құрылды. Сонымен қатар Қазақстан халқы Ассамблеясының халықтық дипломатияның өзіндік құралдары – «Достық елшілері» корпусында 14 адам бар.

Осылайша, бүгінде елімізде Қазақстан халқы Ассамблеясының қызметі қамтылмайтын бірде-бір қоғамдық-саяси сала жоқ шығар. Құрылым мемлекет басшысының негізгі реформаларын, тапсырмалары мен бастамаларын іске асыруға белсенді тартылған. Оның ішінде жаңа әділ Қазақстанды құруда Қазақстан халқы Ассамблеясы ерекше рөл атқарады.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, Ассамблея елді саяси жаңғыртуда маңызды рөл атқарды, реформаларды қоғамдық қолдауды кеңейтуге, барлық этностарды мемлекет дамуының стратегиялық міндеттерін шешуге тартуға ықпал етті.

2024 жылы Қазақстан халқы Ассамблеясының XXXIII сессиясында Президент Ассамблеяға, оның мүшелеріне және қоғамдық институттарға осы жұмысты жалғастыру бойынша бірқатар маңызды міндеттер қойды. Осылайша, ҚХА-ға өз қызметін Жаңа гуманитарлық-идеологиялық доктринамен үндестіру және қоғамда жаңа қоғамдық этиканы тиімді ілгерілету тапсырылды.

Мемлекет басшысы еліміздегі азаматтарды әлеуметтендірудің бүкіл жүйесі Отанға деген сүйіспеншілік, патриотизм мұраттарын ілгерілетуге бағдарлануы, халқымыздың мәдениетін, салт-дәстүрлерін құрметтеуге негізделуі тиіс екенін атап өтті. Ассамблея жастарды идеологиялық тәрбиелеу мәселелеріне көп көңіл бөлуі керек. Этносаралық коммуникациялардың қолданыстағы алаңдарын дамытумен және жаңа алаңдарын құрумен, әлеуметтік маңызы бар жобаларды ілгерілетумен, волонтерлікті және жергілікті қоғамдастықтардың қызметін көтермелеумен айналысуы қажет. Сондай-ақ Ассамблея қызметі Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында айтқан бес әлеуметтік жамандыққа: нашақорлыққа, құмар ойындарға, отбасы мен қоғамдағы зорлық-зомбылыққа, вандализмге, ысырапшылдыққа қарсы тұруда маңызды рөл атқарады.

Қазақстан халқы Ассамблеясының айрықша міндеті қоғамда этникалық ерекшелік пен оқшауланудың кез келген көріністеріне, әсіресе арандатушылықтар мен азаматтарды мәдени, тілдік, этникалық немесе діни негізде кемсіту әрекеттеріне төзбеушілік атмосферасын қалыптастыру болып қала береді.

Сондай-ақ Ассамблеяның институционалдық әлеуетін нығайту, оның мемлекеттік органдармен, Парламентпен және мәслихаттармен өзара іс-қимылын күшейту міндеті тұр. Сонымен қатар Президент Қазақстан халқы Ассамблеясының мемлекеттік шешімдер қабылдаудағы, елде жүргізіліп жатқан реформаларды сүйемелдеудегі рөлін дәйекті күшейту қажеттігін атап өтті. Ассамблея сонымен қатар әлеуметтік интеграция мен белсенді патриотизмнің жетекші институты ретіндегі позициясын күшейтуі керек.

«Ассамблея өзін этносаралық келісім мен жалпыұлттық бірліктің тексерілген саясатының тиімді құралы ретінде көрсетті. Ассамблея бірегей азаматтық институт бола отырып, қоғамдағы өзара құрмет пен сенім атмосферасын сақтауға пайдалы үлес қосады», – деп атап өтті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқы Ассамблеясының өткен жылғы сессиясында.

Президенттің Ассамблея алдына қойған міндеттерінің айрықша, тіпті стратегиялық маңыздылығын ескере отырып, Қазақстан халқы Ассамблеясының жасампаздық әлеуеті әлі таусылған жоқ деген қисынды қорытынды жасауға болады және 30 жыл ішінде мемлекет пен қоғамның дамуына елеулі үлес қосқан құрылым мұны Қазақстан тарихының жаңа кезеңінде де жалғастырады.

Нұрлайым ЖАҚЫПҚЫЗЫ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here