Айболат Солтанғазиев: «Орманы жоқ құстың ұясы да, қонар бұтағы да жоқ»

0
736

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халқымызға арнаған кезекті Жолдауында алдағы бес жыл ішінде орман алқабында 2 млрд, елдімекендерде 15 млн ағаш отырғызылатынын айтты. Еліміздің жері қаншама кең болғанымен, орманды, бұталы жерлері мүлде аз. Небары 4,2 пайызды құрайды. Бұл шамамен 11,5 млн гектар жер ғана. Сол үшін де қолда бар орман алабын қорғау мен жыл сайын көшеттермен толықтыру маңызды қадам. Қысы-жазы өлкеміздегі өсімдік әлемінің қамымен жүретін орманшыларға айтар алғысымыз бөлек. Бүгінгі біздің әңгімемізге арқау болып отырған кейіпкеріміз Алматы облысының Кеген орман шаруашылығы коммуналдық мемлекеттік мекемесінің директоры Айболат Солтанғазиевпен ашық әңгімелескен едік.

«СОҢҒЫ ЖЫЛДАРЫ МЕКЕМЕНІҢ МАТЕРИАЛДЫҚ-ТЕХНИКАЛЫҚ БАЗАСЫ НЫҒАЯ ТҮСТІ»

Айболат Әскербекұлы, алдымен туған жеріңіздің табиғат әлемі туралы айтып берсеңіз

– Жер жаннаты Жетісудің биік төрі саналатын Аспантаулар өлкесі дегенде жүз жылдық әсем шыршалары, сыңсып жатқан ну ормандары көз алдыңа келе береді. Осындай жерлерді неше ғасыр көз алартқан жауларынан қорғап, бүгінгі ұрпағына сыйлап, аманаттап кеткен батыр бабаларымыздың әруағына мың мәрте тағзым етеміз. Жоғарыда сөз еткеніміздей, республикамыздағы орман алабы аз. Бұл жүрек ауыртарлықтай. Десек те, қолда бар мүмкіндіктер арқылы орман қорын молайта беру аса маңызды. Бұл ретте қолға алынып келе жатқан іс-шаралар аз емес. Жаз маусымында өлкеміз туристерден босамайды. Келушілер аршалы-шыршалы, қалың қарағайлы, ну орман-тоғайлы жерімізге, мөлдір бұлақтарына, емдік шөптеріне тамсанып қайтады. Жеріміздің асты да, үсті де орман байлығына толы.

Орманшыларға мемлекеттен қандай қолдау білдіріп келеді?

– Соңғы жылдар ауқымында мемлекет тарапынан орманшылардың еңбегіне орнымен баға беріліп, назар аударыла бастады. Қазан айының үшінші жексенбісі орманшылардың кәсіби мерекесі ретінде орнымен аталып өтіліп келеді. Өсімдік әлеміне, табиғат тынысына қорған болып келе жатқан орманшыларымыздың еңбекақылары да біршама жақсара түсті. Мерекені лайықты қарсы алғанымыз сол – өзімізге қарасты орман алабында өрт оқиғасы орын алған жоқ. Жылды жемісті аяқтау дегеннің өзі осы болып табылады.

Өзіңіз басқарып отырған мекеме туралы айтып өтсеңіз

– Кеген орман шаруашылығы мекемесі – республикамыз бойынша бірден-бір қарағай көшетінің отаны. Жалпы жер көлемі – 89 941 гектар, оның орманды алқабы 27 076 гектар жерін  қорғаумен  қатар  орман  ресурстарын  өсіру, орманның  қорғаныш  желектерін  жасау, сондай-ақ  орман   тұқымбағының   дамуын  жүзеге  асырып  келеді. Мекеменің негізгі міндеті – табиғатты, оның ішінде орманды алқаптарды көбейту, ұтымды және үнемді пайдалануға басшылық жасау және өзіне бекітіліп берілген аймақтарды өсімдіктер мен жануарларға рұқсат беру болып табылады. Кеген орман шаруашылығы коммуналдық мемлекеттік мекемесінде штат бойынша 109 адам қызмет етеді. Оның ішінде тікелей орманшылықтарда жоғарғы білімді 5 орманшы, 9 орман шебері, 43 орман күтушісі бар. Білімді, білікті кәсіби мамандарымыз жетерлік.

Мекемеде техникалық жабдықтарыңыз толық қамтылған ба?

– Соңғы жылдары мекеменің материалдық-техникалық базасы нығая түсті. Мекеме жұмыстары негізінен мемлекеттік жазық және орман қоры жерін аралаумен айналысатын болғандықтан, мекеме техникалық жабдықтармен 80 пайыз қамтылған. Айта кетейін, 2024 жылы бюджеттен JAG-T6 – 1, Hyundai Tucson – 1, Chevrolet – 1, трицикл – 1, арнайы есеп шоттан JAG-T6 – 1, ДТ-75 – 1 техникаларымен қамтамасыз етілді.

«ОРМАНДЫ ҚОРҒАУ – БАСТЫ МІНДЕТІМІЗ»

Сіз басқаратын орман шаруашылығында қанша түрлі жасыл желек бар?

– Айналамызға көрік беріп, ауамызды тазартып тұрған орман-тоғай, жасыл желек, өсімдік әлемінен қалай ғана айналмайсың?! Ормансыз, сусыз жерде мардымды тірлік те болмайды. Атамыз қазақта «Бір тал кессең, он тал өсір», «Атаңнан мал қалғанша, тал қалсын» деген жақсы сөздер бұрыннан бар. Өзіңіз ойлап, көз жібертіп қараңызшы, күз маусымында тұқымын жинап, оны сақтап, көктемнен бастап егіп, төрт жылдық бала шырша көшеті болғанынша күтіп-баптау, уақытылы суару, құстардан қорғау бұл тек айтуға ғана оңай.

Айта кетейін, 2024 жылы Шренк шыршасының тұқымынан өскен 690 мың стандартты екпе көшеттерін орман қорын көбейтуге босатты. 2021-2025 жылдар аралығында орман қорын 50,4 гектар жерге 393 мың, көгалдандыруға 25 мың Шренк шыршасының екпе көшеттерін отырғыздық. Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиевтің тапсырмасымен Мемлекет басшысының Жолдауын іске асыру шеңберінде облыс оқушыларының қатысуымен елді мекендерде 15 млн ағаш отырғызу жөніндегі жұмыстарын ұйымдастыру тапсырмасын орындау мақсатында 234 мың 4 жылдық екпе көшеті орман қорын көбейтуге, 833 түп тоң топырағымен әр түрлі тұқым ағаштары аудан, облыс көлеміне босатылып, арнайы есеп шотқа 30 млн 782 мың теңге түсті. Тұқымбақта барлығы әр түрлі тұқым топары: 3 гектар жерде 2 970 600 екпе көшеттері күтіп-баптап отырамыз. Рас, көктем шыққаннан бастап, қар түскенге дейін жұмысымыз жоспарлы, жүйелі жалғасып жатады. Кеген орман шаруашылығы мекемесі жыл сайын көктем маусымында республикамызға, облыс пен ауданға сұраныс бойынша Шренк шыршасын, қарағай және тал-терек, алма, арша ағаштарының көшеттерін босатып жіберіп отырады.

Орман шаруашылығында Қызыл кітапқа енген қандай өсімдік түрлері мен жануарлар бар?

– Бүгінде мемлекеттік орман қоры жерінде Қызыл кітапқа енген арша, Шренк қызғалдағы, Тянь-Шань жанаргүлі, еңлікгүл, Тянь-Шань шаушешегі, тобылғытүсі, Тянь-Шань сылдыр шөбі, Тянь-Шань сибиркасы, Тянь-Шань жуасы, Альберт қызғалдағы сияқты өсімдік түрлері өседі. Ал, жануарлар мен құстардан елік, бұғы, марал, доңыз, ілбіс, сабаншы, қасқыр, түлкі, қоян, борсық, суыр, үкі, құмай, бүркіт, шіл, кекілік, бөдене, т.б. түрлері кездеседі.

Орманды қорғау ісі туралы әңгімелеп кетсеңіз

– Қазақта «Отансыз адам – ормансыз бұлбұл» деген сөз бар. Орманы жоқ құстың ұясы да, қонар бұтағы да жоқ. Дәл сол секілді тірлік кешу ортасы жоқ ұлттың өмір сүруі мүмкін емес. Өйткені, өлкеміздің сән-салтанаты саналатын қарағайды, өзен-көлдердің жағасындағы орман-тоғайларды қорғау – басты міндетіміз. Өңіріміздегі өсімдік әлемі біздің назарымызда. Көзіміздің қарашығындай қорғаймыз. Сол үшін жоспарлы жұмыс жүргізіледі. Мемлекеттік мекеме аумағы жер бетінен бақылайтын күзет аумағына жатады. Орман күзеті әр айналымдар бойынша жасалған жерден бақылау сызбасы бойынша жүзеге асырылады. Биылғы жылдың өзінде өрт қауіпсіздігін, орман заңдылықтарын сақтау мақсатында аудан тұрғындары арасында әңгімелер өткізілді. Тау беткейлеріне өрт қауіпсіздігін сақтау туралы ескертпе жазулар жазылды.

Айболат Әскербекұлы, орман қорғау ісіне елеулі үлестерін қосып жүрген жандар туралы айтып өтсеңіз

– Әрине, береке-бірлігі жарасым тапқан Кеген орман шаруашылығы коммуналдық мемлекеттік мекемесіне қарасты орманшыларымыздың жүздері жарқын, еңбектері ерен, істері ілгері десем, артық айтқандық емес. Орман қорғау саласында өмірлік іс-тәжірибелері, қажыр-қайраттары, күш-жігерлерімен еңбек етіп келе жатқан орман өсіру қайта қалпына келтіру маманы, бас инженері Гүлнара Әубәкірова, орман қорғау бас инженері Дәурен Жақашев пен Берік Көшекбаев, Ернат Інсебаев, Махамбет Ноғайбаев, Ренат Алпысбаев сияқты орманшы азаматтардың қолдары қуатты бола берсін деп тілеймін. Тұқымбақтағы көшеттерді күтіп-баптаумен тұрақты түрде айналысатын жандар бар. Жанұяларымен еңбек етіп жүргендер баршылық. Жұмабек Әнепияев, Майра Құттығаева, Әлия Оспанбаева, Жұмахмет Сейдалимов секілді көшет күтушілердің еңбектері зор. Орман шаруашылығы мекемесі облыс бойынша ілгері істері, оң нәтижелерімен алда келеді. Сол үшін де лайықты марапатқа ие. Адамға берер жақсылығы, шарапаты мол орманды қорғау мен молайту деп аталатын игілікті істеріндегі орманшылардың жұмысы жемісті бола берсін.

Сөзіңізді немен түйіндер едіңіз?

– Орманшылар – таулы өлкенің ұрпақтан ұрпаққа мирас болып қалатын бар байлығын көздің қарашығындай сақтап, орманның қорын молайтып жүрген абзал жандар. Біздің басты мақсатымыз – орманды алқапты өрттен қорғау әрі жыл сайын көшет отырғызып баптау. Ел мен жерімізді көшеттерімен көбейтіп, болашақ ұрпақтың да игілігіне айналуы үшін жұмыс жүргізе беретін боламыз.

Ашық әңгімеңізге алғыс білдеріміз!

Әңгімелескен: Индира БІРЖАНСАЛ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here