Серікбай Оспанов: «Сөзін өзім жазған «Сағындым Алматымды» әнін білмейтін қазақ жоқ шығар»

0
3806

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, қазақтың көрнекті ақыны Серікбай Оспановты замандастары ұста, домбырашы ретінде де жоғары бағалайды. Шебердің қолынан шыққан домбыра өзінің жоғары сапасымен де дараланады. Қазір сексеннің сеңгіріне шығып отырған ақын бүгінгі сұхбатында: «Өзімнің халықтың құрметіне бөленген туындымның бірі – Қазақстанның халық әртісі, аса дарынды әнші-сазгер Алтынбек Қоразбаевтың «Сағындым Алматымды» әнін бұл күндері кім білмейді?! Бұл ән радиодан берілгенде немесе әншілер құйқылжыта орындағанда кез келген бауырымыз еріксіз ұйып тыңдап қалады. Әсіресе, балалық, жастық шағы сол әсем қалада өткен кешегі бойжеткендер мен бозбалалар Алматыға деген сағынышын осы әнмен бастайды деп ойлаймын. Соған қарағанда, оның мәтіні де тыңдармандардың көңілінен шықса керек. Себебі, ән мен мәтін үйлесім тапқан кезде ғана ол шығарманың ғұмыры ұзақ болады», – дейді. Өлеңдері әнге айналған ақынмен ашық әңгімелескен едік.

«ТОРҒАЙ – ҰЛЫ ТҰЛҒАЛАР МЕКЕНІ»

– Қостанайдағы қазақы өңір жайлы сөз болғанда, көз алдымызға ұлтымызға Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатов, Нұрхан Ахметбеков, Сырбай Мәуленов, Ғафу Қайырбеков секілді біртуар тұлғаларды берген киелі Торғай тұра қалады. Қателеспесем, сіз де осынау қасиетті топырақта дүниеге келген жоқсыз ба?

– Оныңыз рас. Киелі Торғай – ұлтымыз үшін ыстық мекен болып табылады. Өзіңіз жоғарыда айтып өткендей, ол жақта қазақтың абыройын асырып, мерейін тасытқан қаншама ұлы тұлғалар дүниеге келді. Мен де Қостанай облысына қарасты Жангелдин ауданының бұрынғы Шилі ауылындағы Балдай деп аталатын жасыл жайлауда туып өстім. Өзімнің «Балдай таудың баурайында» деп аталатын өлеңдер жинағымда осы киелі жерге деген перзенттік махаббатымды өрнектеуге тырыстым. Содан кейін Қамысты ауданындағы Бестау орта мектебін бітірдім. Қайда жүрсем де, өзімнің кіндік қаным тамған елді мекенді бір сәт те ұмытқан емеспін.

Өзіңіз кезінде мектеп бітірген соң, туып өскен Шилі кеңшарында аға пионервожатый болып еңбек жолыңызды бастапсыз ғой.

– Бұл да айна-қатесіз шындық. Бестау орта мектебін ойдағыдай тәмамдаған соң, балалық шағымның ізі қалған Шилі кеңшарындағы сегіз жылдық мектепке аға пионервожатый болып барғаным да ақиқат. Өздеріңізге белгілі, ол кездері білім ордаларында талап өте жоғары еді.

Әлгі қызметті бастаған кездері өзіміздің шәкірттерімізге қай жағынан болсын үлгі көрсетуге тырысатынбыз. Үсті-басымыз мұнтаздай таза болатын. Шалбарымыздың қыры кетпейтін. Әрбір сөйлеген сөзімізге аса мән беруші едік. Сондықтан да болар, ұл мен қыздардың алдында беделіміз жоғары-тын.

Қазақ халқы сізді, ең алдымен, сөз құдіретін түсінетін талантты ақын ретінде біледі. Өлеңді неше жастан бастап жаздыңыз?

– Мен поэзияға ерте ден қойдым. Сонау сағымдай бұлдырап артта қалған мектеп қабырғасындағы 4-сыныптан бастап өлең жазуды қолға алдым. Ең алғашқы өлеңім «Туған жер» деп аталады. Оған ауылымның қадір-қасиетін, көркем табиғатын арқау еттім. Осы тырнақ алды тұңғыш жыр жолдарым Жангелдин аудандық «Социалистік ауыл», содан кейін облыстық газетте жарық көрді. Әрине, ол күндердегі қуанышымда шек болған жоқ. Мұндай жоғары көңіл-күйді қазір арамызда жүрген қаламдас бауырларымның бәрі де уақытында бастан кешті ғой деп ойлаймын.

Шындығы керек, сол алғашқы басылымда шыққан өлеңім маған қанат бітіргендей болды. Содан бастап, әдебиетке деген құштарлығым барынша артты. Мектеп кітапханасындағы ұлы жазушылардың шығармаларын бас алмай оқитын болдым.

Ақын болу үшін көп іздену керек екендігін де түсіндім. Сондықтан, Торғайда өскен біртуар дарындар Сырбай Мәуленов, Ғафу Қайырбеков, Қайнекей Жармағамбетов және басқа да елге кеңінен танымал ақындардан көп үйреніп, тағылым алдым.

Олар ауылға келгенде жандарынан табылып, шығармашылық сапарларда бірге жүріп, дәмдес, сырлас болдым. Бұл көрнекті тұлғалардың әдебиет, жалпы, поэзия туралы ой-пікірлерін тыңдаудың өзі біз секілді темір қанат жастарға үлгі еді.

«ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ ЖҰМЫСТЫҢ ТАУҚЫМЕТІ ДЕ ЖЕТЕДІ»

– Сіздің замандастарыңыз кезінде сонау Алатаудың баурайындағы әсем қала Алматыда оқып, өздері армандаған мамандығын игеруге талпынатын. Ақын Серікбайды да елімізге кеңінен танытқан осы әлемдегі сұлу шаһар емес пе еді?

– Иә, біз Алматыға мәңгілік қарыздармыз деп есептеймін. Өйткені, сонау қиырдағы ауылда ер жеткен мен секілді бозбалалар өздерінің армандарына осы қалада жүріп жетті. Таңдаған мамандықтарын игеріп, шығармашылық биікке көтерілді.

Өзім де осы шыңдары аспанмен таласқан шаһарға арман қуып келіп, сонда 30 жылдан астам ғұмыр кештім. Еліміздегі ең іргелі оқу орындарының бірегейі – Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетін бітірдім. Осында қалып, республикалық Қазақ радиосында «Ауыл өмірі» редакциясының редакторы ретінде талай танымдық хабарларды дайындап, эфирге шығардым.

Сол радиода жүрген кездерімде «Ән шырқайық» деп аталатын бағдарламаның «Айдың үздік ән мәтінінің» авторы ретінде арнайы дипломмен марапатталдым. Осының бәрі де менің шығармашылық жағынан шыңдалуыма ықпал етті. 

Ұзақ жылдар бойы «Жалын» баспасында редактор, редакция меңгерушісі сынды қызметтерді атқарған кездерімде де республикамыздың түкпір-түкпірінен келген талантты жастардың алғашқы жинақтарын, ақын-жазушылардың көптеген ел есінде қалған туындыларын шығаруға өзімнің септігімді тигіздім.

Солардың арасында бұл күндері жарқын дарындарымен барша еліміздегі оқырмандардың сүйікті ақындарына айналған Ақылбек Шаяхмет, Әбжан Әбілтаев та бар екендігін мақтанышпен айтар едім.

Өзіңіздің тұстас әріптестеріңіздің арасынан кімдердің есімін ерекше атаған болар едіңіз? Әдетте, рухани жағынан үндес азаматтар жақын араласып, достасып кетеді емес пе?

– Менің ақын болып қалыптасуыма ұлтымыздың классик ақындары Қасым Аманжолов, Қуандық Шаңғытбаев, Тұманбай Молдағалиев, Қадыр Мырза Әлі секілді жыр сұңқарларының әсері ерекше болды. Оларды өзімнің поэзиялық кештерімде үнемі кейінгі жастарға үлгі етемін.

Ал, енді өз тұстастарыма келетін болсам, олар өте көп. Әдебиетте олардың алар орны бөлек. Дегенмен, Серік Тұрғынбеков, Кеңшілік Мырзабеков, Бақыткерей Ысқақов, Темірхан Медетбеков секілді замандастарымның өлеңдегі өзіндік қайталанбас қолтаңбаларын айрықша бағалаймын. 

– «Қазір ақындар бір-бірінің кітаптарын оқымайды» деген де сөз бар. Бірақ, менің байқауымша, сіздің қолыңыздан кітап түспейтін секілді. Мынау үйіңіздің барлық қабырғаларындағы сөрелерді алып тұрған жинақтар да көп жайдан хабардар етсе керек. Кейінгі толқын інілеріңізден кімдерден үлкен үміт күтесіз?

– Әр ақын – өзінше бір әлем. Мен ғұмырымды кітапсыз елестете алмаймын. Осы уақытқа дейін елуден астам кітап жазыппын. Оның басым көпшілігі – таза поэзия. Қалғандары – ғылыми еңбек, оқу құралы, әдістемелік кітаптар. Монографияларым да жеке жинақ болып жарық көрді. Тіпті, «Қазақ ақындарының публицистикасы» деп аталатын еңбегім де шықты.

Ал, «Ақындар әлемі» атты кітабымда ақындықтың қырлары мен сырлары жан-жақты баяндалады. Мұнда мен өзіміз пір тұтып, жинақтарын студент кезден көз майын тауыса оқыған ұлы ақындардың өмірі мен шығармашылығын тікелей байланыстырамын. Оның әдебиет танытқыштық жағы да мол. Осы туындыны қолға алған жігіттер мен қыздар әдебиетке адалдық танытады деген ойдамын. Өйткені, шығармашылық жұмыстың тауқыметі де жетеді. Ол оқырманын ойландырмаса, жарқын істерге жігерлендірмесе, жан дүниелерін рухани жағынан байытпаса, берері жоқ арзан туындының кімге қажеті бар?!

Өзін нағыз шығармашылық адамы деп есептейтін кез келген азамат бұрынғы ұлы ақындармен қатар, өздерінен кейінгі жастардың да поэзияларынан сусындап, олардан да үйреніп отырады. Мен де, күнделікті газет-журналдарды былай қойғанда, әдебиетте өздерінің жазу өрнегін қалыптастырып келе жатқан жас жігіттер мен қыздардың кітаптарын үнемі қадағалап отырамын.

Әдебиетте өзіндік орнын ойып алған аса дарынды Маралтай Райымбекұлы және өзгелерді айтпағанның өзінде, Нұрқанат Құлабаев, Абылай Мауданов, Жандос Жүсіпбек секілді бауырларымнан да түбі оқырмандар жүрегін қозғайтын мықты ақын шығатындығына нық сенімдімін.

«ҰСТАЛЫҚ ӘКЕМНЕН ДАРЫДЫ»

– Секе, сізді замандастарыңыз ақындық қарым-қабілеттеріңізбен қатар ұста ретінде де жоғары бағалайды. Өйткені, қолыңыздан шыққан домбыралар, жасалған бесіктер, сандықтар, үйге қажетті есіктер өзінің жоғары сапалылығымен де дараланады. Мұндай кез келген адамға бұйыра бермейтін қасиет кімнен жұқты?

– Біздің қазақ «Тақыр жерге шөп шықпайды» дейді. Ол өмірде әбден дәлелденген шындық. Қандай өнер болмасын, атадан балаға мирас болып қана қоймайды, тұқым қуалайды екен. Соған өзімнің 70-тен асқан кезімде көзім әбден жетті. Себебі, бұлай деуге менде толық негіз бар. Мәселен, менің атам Құрыш сонау бір жылдарда ағаштан түйін түйген шебер болыпты. Одан осы өнер әкем Оспанға жұққан. Әкем туралы сөз болғанда, тағы да сонау балалық шағымның ізі қалған Шилі ауылына аз-кем шегініс жасауға тура келеді. Бұл елді қоныс аудандағы ырыс-берекесі тасыған қазақы ауыл еді. Әкемді жергілікті халықтың сыйлайтындығы соншалықты, ол сонадайдан көріне қалса, жерлестері «ағаш шебері келе жатыр» деп, оған ерекше ілтипатпен сәлем беретін.

Көпшілікке қазақи ауылдағы ағайындар самаурынмен шәй ішетіндігі аян ғой. Әкем марқұм сол қалың жұртшылықтың көңілін қалдырмай, самаурынға аса керекті мұржаларды қаңылтырдан ерінбей жасайтын. Ол кісіні кешегі қанды майданды бастан кешкен соғыс ардагері ретінде де күллі аудан басшылары құрметтейтін. Неміс жендеттерімен болған шайқаста сол қолының жартысынан айырылды. Бірақ, оған ешқашанда рухы түскен емес. Қанды шайқасқа қатысқанын бұлдап, біреуден ешнәрсе сұраған жоқ. Өзім үйдегі жалғыз ұл болғандықтан ба, үнемі әкемнің жанында жүретінмін. Ол домбыра, бесік, күнделікті тіршілікте қолданылатын шана, арбаларды жасаған кездері қасында отырып, әлі кішкентай ойын баласы болсам да, оның қолынан шыққан дүниелерге ерекше зейін қоятынмын.

Кезінде ардақты әкеме арнап «Мұра» деп аталатын поэма да жаздым. Онда:
«Қалдырғысы келді ме екен ол мұра?
Домбыра тарту әлде арманы болды ма?
Жалғыз қол боп оралып әкем майданнан,
Қарағайдан жасап берді домбыра», – деген жолдар бар.

Қайран сол әкемді қазір ерекше сағынышпен еске алып отырамын. Адам баласы тірі кезінде бір-бірінің қадірін біле бермейді ғой. Ол мен 8 жасқа толғанда бақилық болды. Бірақ, оның түр-түсі, іс-әрекеті, қимыл-қозғалысы әлі күнге дейін менің көз алдымда. 5 жасқа келгенімде, әкем Оспан кәдімгі қарағайдан домбыра жасап бергені де мәңгілік жадымда қалды.

Осы күнге дейін әке үмітін ақтауға барымды салып келемін. Төртінші сыныпта асқар таудай әкемнің үлгісі бойынша шана жасап, барша ауылдастарымның ақ батасын алдым. Алматыдағы университеттің журналистика факультетінің 2-курсында оқып жүрген кезімде қарағай ағашынан ойып, домбыра жасадым. Қазақтың бұл ұлттық аспабы – жастық шағымның куәсі, барша студент достарымның көңілінен шықты. Кейін осы домбырамды Қостанай қаласындағы нұржантанушы, танымал өнер иесі әрі әнші, бұл күндері марқұм Сыздық Әбілғазин аттай қалап, сұрап алды. Өзімнен үлкен кісінің өтінішін қимай, сыйладым.

Сіздің 1996 жылы Алматыдағы «Өнер» баспасынан «Шебердің қолы ортақ» сериясымен «Бесік» деп аталатын шағын кітапшаңыз жарық көргені де белгілі. Бұл таптырмайтын дүние ұлттық құндылықтарымызды бағалайтын жұртшылық арасында лезде тарап кетті. Осы жөнінде не айтар едіңіз?

– Бұл сөзіңіздің де жаны бар. Осы «Бесік» деп аталатын шағын кітапша, шынында да, барша қандастарымызға ұнаған секілді. Сондықтан болар, тез тарап кетті. Әлі күнге дейін оны сұрап, үйіме еліміздің түкпір-түкпірінен телефон соғатындар жеткілікті. Болашақта оны тағы да баспадан шығарсам деген ойым да жоқ емес. Өйткені, бесік халқымыздың күнделікті тұрмысында ғасырлар бойы қолданылып келген аса қастерлі үй мүліктерінің бірі. Оның қазақтың отбасындағы дүниеге шыр етіп келген нәрестенің күтіміне, тазалығына өте қолайлы екендігін де ешкім жоққа шығара алмас. Мен осы еңбегімде бесіктің қалай жасалатындығын, оның жабдықтарын, кішкентай нәрестені бесікке қалай бөлеу керек екендігін, жалпы оның ұлтымызға тигізер пайдасы хақында баяндауға тырыстым.

Енді сіз кейінгі ұсталыққа ден қойып жүрген інілеріңізге тағылым болсын, домбыра жасаудағы өзіңіздің тәжірибеңізбен де бөлісе кетсеңіз? Оған қажетті шикізатты қайдан аласыз? Ұлттық құндылықтарымыздың сапасы жөніндегі пікіріңізді де білсек…

– Ең алдымен, оқырман бауырларыма айтарым, бұл атадан балаға мирас болып келе жатқан ұлттық құнды заттарымызды мен тек ақша табу үшін ғана емес, ой еңбегінен шаршаған кездері бойымды сергітіп, демалу үшін жасаймын. Күнделікті қызметтен үйге оралған соң, ас-суымды ішіп алып, өзімнің шеберханама барамын. Сонда отырып домбыра, бесік, сандықтарды жасауды қолға аламын. Өзім жеке үйде тұратын болғандықтан, ол жұмыс істеуіме өте қолайлы. Мұндай кездері маған ешкім де кедергі жасамайды. Үй ішіндегілер де оған әбден үйренген. Бұл аталған бұйымдармен қатар, қазақтың ежелден келе жатқан астау, ожау және басқа да ұлттық заттарды дайындаймын. Тіпті, бесіктің шүмегін де сүйектен жасаймын. Сондай-ақ, бұзылған домбыраларды да жөндеп, қалпына келтіретін өнерім бар. Мен үшін істелген заттарымның сапасы аса маңызды. Сол себептен домбыра істеуді қолға алғанда оның дыбыс-үнінің құлаққа аса жағымды болу жағына көбірек көңіл бөлемін. Домбыраны кез келген адам шерткен кезде ол сыңғырлап тұруы керек.

Өзімнің ұзақ жылдардан түйгенім, қызыл ағаштан жасалған домбыра шешен сөйлейді. Өкінішке орай, ол қолға түсе бермейді. Сонымен қатар, жаңғақтан, қарағаштан, алма ағашынан істелінген ұлттық аспап та сапалылығымен дараланады. Үйеңкі мен қарағай да ыңғайлы. Қыз қарағай бет тақтайға өте қолайлы.

Шеберханада ұсталыққа берілгенім соншалықты, түннің бір уағына дейін отыратын кездерім аз емес. Оның іші әрқашан пайдаланылатын құрал-саймандар, үлкенді-кішілі нәскүрік, іскенже, ара, балға, түрлі пышақ пен басқа заттарға толы.

Менің пайымдауымша, осындай ұлттық аспаптарды жасау үшін оған психологиялық дайындықты айтпағанның өзінде, тыңғылықты ізденістер қажет екендігі айтпаса да түсінікті. Өзіңіз ұсталыққа кіріспес бұрын қандай еңбектерге сүйендіңіз? Қостанайда сіз секілді домбыра жасаумен шұғылданатын қазақтың жігіттері бар ма?

– Өзімнің өткен кезеңдерде көңілге тоқығаным, ізденбейтін, жалқау адамнан ештеңе шықпайды. Ол үшін барлық зейініңді, білім-білігіңді, қарым-қабілетіңді біржола сол жолға бағыттауың керек. Сондықтан, әлгі ұлттық аспаптарды қолға алмас бұрын, өз басым көрнекті мемлекет қайраткері Өзбекәлі Жәнібековтің «Алтын домбыра туралы аңыз», белгілі ғалым, көпке танымал зиялы азамат Сағатбек Медеубекұлының «Домбыра» деп аталатын кітаптарын бірнеше рет қайталап оқып шықтым.

Содан кейін зердеме түйгенімді тәжірибемен күнделікті ұштастыруға тырыстым. Осы уақытқа дейін жасаған домбырама, бесігіме, сандығыма және басқа да заттарыма орынсыз сын айтып, қайтарып берген адам болған жоқ. Соған қарағанда, бұл кәсіпке де өзімді біршама төселіп қалған секілді сезінемін.

Қостанайда менен басқа домбыра жасаумен айналысып жүрген өнер майталмандары баршылық. Мен олардың қатарына Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері, Ілияс Омаров атындағы облыстық қазақ драма театрының актері Қабдол-Мәжит Иманов пен суретші Мұхамедқали Рахалиевті қосар едім. Қазір бұл екеуі де домбыра жасаудың хас шеберлері. Олардың қолынан шыққан дүниелерді өнер адамдары да іздеп жүріп алады. Сол домбыралармен сахналарда әуелете ән шырқап, баршаға насихаттап жүр.

Орайы келгенде, өзім тек домбыра ғана жасап қоймай, қойдың және ешкінің ащы ішектерін иіріп, ішек те дайындайтынымды айтқым келеді. Мұндай ішек тағылған домбыраның дыбысы қашанда ерекшеленіп тұрады. Бұл да менің бойымдағы көпшілікке ақтара бермейтін сырымның бірі.

«Әке көрген оқ жонар» демей ме? Қазір менің ұлым Жәнібек те сонау бала кезімдегідей менің қасымнан қалмай, домбыраны қалай жасауды кәдімгідей үйреніп алды. 

«ТІРШІЛІКТЕГІ БАСТЫ ҚАҒИДАМ – КІРШІКСІЗ АДАЛДЫҚ»

Сізді бетіңізге мақтағаным емес, өзге ақындардан бір ерекшелігіңіз, лирикалық өлеңдеріңіз әрдайым әнге сұранып тұрады. Сондықтан да болар, қаншама әндерге сөз жаздыңыз. Осы жөнінде бірер сөз айтсаңыз…

– Қазір өткенге көз жүгіртіп отырсам, 300-ден астам әнге сөз жазыппын. Әрине, олардың әрқайсысы менің жаныма жақын, жүрегіме ыстық. Осы өлеңдерімді ұнатқан қазақтың біртуар композиторлары Алтынбек Қоразбаев, Ескендір Хасанғалиев, Ермұрат Үсенов, Қалибек Деріпсалдиндер тамаша әндерді дүниеге әкелді.  

Өзімнің халықтың құрметіне бөленген туындымның бірі – Қазақстанның халық әртісі, аса дарынды әнші-сазгер Алтынбек Қоразбаевтың «Сағындым Алматымды» әнін бұл күндері кім білмейді?! Бұл ән радиодан берілгенде немесе әншілер құйқылжыта орындағанда кез келген бауырымыз еріксіз ұйып тыңдап қалады. Әсіресе, балалық, жастық шағы сол әсем қалада өткен кешегі бойжеткендер мен бозбалалар Алматыға деген сағынышын осы әнмен бастайды деп ойлаймын. Соған қарағанда, оның мәтіні де тыңдармандардың көңілінен шықса керек. Себебі, ән мен мәтін үйлесім тапқан кезде ғана ол шығарманың ғұмыры ұзақ болады.

Жалпы, бұл әннің қалай дүниеге келгендігі жайлы кезінде Алтынбек ағамыздың өзі де айтқан болатын. Ол 1974 жылы жазылды. Кейін Ресейдің халық әртісі Валентина Толкунова Қазақстанға келген бір сапарында оны екі тілде орындап, күллі қазақ елінің тыңдармандарын таңқалдырған болатын.  

Сонымен қатар, өзімнің туған жерім Шилі – менің мәңгілік өлеңдерімнің алтын арқауы. Сондықтан, осы кіндік қаным тамған ауылға деген сүйіспеншілігім мен перзенттік махаббатымды өзімнің «Шилі өзен» деп аталатын өлеңімде шынайы жеткізуге тырыстым. Осы өлеңге байланысты «Шилі өзен» деп аталатын тамаша ән дүниеге келген болатын. Оның авторы – Мұхтар Сәдібеков.

Осы керемет әнді  айтулы әнші, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі Айжан Нұрмағамбетова нәшіне келтіріп орындап жүр. Сол әнді тыңдап отырған кезде өзім ерекше толғанысқа түсіп, көз алдыма менің азамат болып қалыптасуыма айтарлықтай ықпал еткен ардақты әке-шешем, туған-туысқандарым мен бауырларым елестейді.

Сондай ел мойындаған, яғни менің мәтініме жазылған әндердің бірі – Ескендір Хасанғалиевтің «Ауылды аңсау» деп аталатын туындысы десем, қателесе қоймаспын. Өйткені, бұл ән де барша жұртшылықтың жүрегін баурайды.

Сонымен қатар, ел сүйіктісіне айналған ән өнерінің хас шеберлері «МузАрт» тобының орындауындағы «Асыл жазым-ай» деп аталатын ән де жан дүниеңді қозғайды. Олардың шеберліктерінің арқасында ол да сахнадан түспей келеді.

Қазір арамызда жоқ талантты әнші-композитор Қалибек Деріпсалдиннің кезінде менің сөзіме жазылған «Айлы түнде», «Аққу ұшып барады» секілді әндері де қай қазақтың болсын рухани қазынасына айналды. Оны ұлтымыздың күміс көмей, жез таңдай әншісі Ғазиза Жұмекенова шеберлікпен орындайтын.

Сіздің өзіңіздің ақындық, ұсталық қырларыңызбен қатар әншілік және сазгерлік, күйшілік қабілеттеріңіз де көпшілікке белгілі. Осы жайлы да қысқаша баяндап берсеңіз?

– Қазақта «әу» демейтін адам бар ма? Мен де домбыраға қосылып, өзімнің әндерімді орындаймын. Осы кезге дейін біршама әндер де шығардым. Олардың қатарында анама, әпкеме, жарыма арналған «Жан апа», «Түбіт қолғап», «Сабырлым», «Қоңыр гүл» және «Туысқандарым», «Тобыл ағады», «Шилі» және басқа да әндерім бар.

Домбыраны да бір кісідей тартамын. Кезінде қазақтың ұлы ақыны Ғафу Қайырбеков «Біздің Серікбай әнші әрі күйші» деп мені рухтандырып отыратын. Өмірде де осы ағамның сөзіне сай болуға талпынып келемін.

– Кейбір қаламгерлер Алматыға жете алмай жатқан кезде сіз Қостанайға оралуыңызды қалай түсіндірер едіңіз?

– Мен Алматыда оқу орнын бітірдім. Барлық шығармашылық ғұмырым сонда өтті. Алайда, 1997 жылы туған жерім Қостанайға кішкентайдан тал шыбықты ат қылып мінген жан достарымның шақыруымен келдім. Бірақ, қоныс аударғаныма еш өкінбеймін. Әрине, мұнда оралған соң, Ахмет Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетінің журналистика факультетінде жас кадрларды даярлауға ғалым ретінде үлесімді қостым. Кандидаттық диссертация қорғадым. Доцент атандым. Кафедра меңгерушісі болдым.  

Қазақтың ұлы ағартушысы Ыбырай Алтынсариннің артында қалдырған рухани мұраларын зерттеуге ерекше көңіл бөлдім. Мысалы, «Ыбырай Алтынсарин әлемі» деп аталатын кітабым үшін Қазақстан Республикасы білім және ғылым министрлігінің мәртебелі сыйлығына ие болдым.

Сондай-ақ, еңбегім бағаланып, Ыбырай Алтынсарин және Ахмет Байтұрсынов атындағы медальдарды кеудеме тақтым. Ахаңның өнегелі өмірі хақында да өнімді еңбек етіп, қаншама құнды кітаптар жазғанымды қалың оқырмандар жақсы біледі. Былтыр ғана тың ізденіспен жазылған «Ұлтын ұлықтаған ұлы тұлға» атты туындым жарық көріп, талғампаз қауымнан лайықты бағасын алды.

Ең бастысы, бай тәжірибем, көргенім мен түйгендерімді шығармашыл жастардың бойына сіңіруді алдыма мақсат етіп қойдым. Шәкірттерім осы еңбегімді ақтап келе жатқандығы қуантады.  

Ақын ретінде үнемі ізденіс үстіндемін. «Балауса» деп аталатын республикалық қаламгерлер байқауында жүлделі болдым. Басқа да жыр мүшәйраларында жеңімпаз атандым.

– Сіз соңғы жылдардың өзінде өзге қаламгерлерге өнеге болатындай бірқатар марапаттарға ие болдыңыз. Соған да тоқталып өтсеңіз…

– Адал еңбек әрқашан да кімнің болсын мәртебесін асқақтатады. Көп жылғы төккен маңдай терім заяда кеткен жоқ. «Ерен еңбегі үшін» және бірқатар медальдар осы сөзімнің жарқын айғағы. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, «Қостанай қаласының құрметті азаматы» атандым.

 – Анаңыз Күләмза және бауырларыңыз жөнінде не айтасыз?

– Анам кезінде мектепте еден сыпырушы, пешке от жағушы болып жұмыс істеді. Отағасының қамқоршысы болды. 6 баланы дүниеге әкеліп, оларға жастайынан тәлім-тәрбие берді. Ұлдан жалғыз ғана өзім болғандығымды жоғарыда айттым. Кезінде апаларым – Күлжан, Бижан, Тыныштық, қарындастарым – Гүлжиһан, Бижәмилалар қанша дегенмен қыз бала емес пе, маған қайда жүрсем де тілектес болды.

Бұл күндері осы апа-қарындастарымнан  тараған жиендеріммен араласамын. Олармен өмірдегі қуанышты да, қайғыны да бөлісіп отырамын. Туған-туысқанның орны қашанда бөлек қой. Оны әрбір қазақ жақсы біледі.

– Сөздің орайы келгенде, отбасыңыз жайлы қысқаша айтып берсеңіз?   

– Меніңше, ақын-жазушы, әнші-күйші, композиторлардың жары қашанда олардың тіршіліктегі тірегі, ақылшысы әрі жанашыры болу керек. Олар отағаларының жан дүниесін қас-қабақтарынан терең түсініп, өмірде қолдап, қуаттап отырса, нұр үстіне нұр.

Өзімнің тағдыр қосқан жұбайым Гүлзада Мешітбайқызы – қазақтың аяулы да ардақты қызы. Менің қаламгер, ғалым болып жүргенім де соның арқасы деп ойлаймын. Ол – филология ғылымдарының кандидаты. Бұл күндері Қостанай өңірлік университетінде студенттерге дәріс береді. Шығармаларымды компьютерге басады. Кітаптарымның корректоры да өзі.

Адамның ғұмырының сәні де, мәні де ұрпағы емес пе?! Ұлым мен екі қызыма қолымнан келгенше тәлім-тәрбие бердім. Балаларым Сәкен, Айгүл, Гүлнәр, немерелерім мен шөберелерім тіршіліктегі мақтаныштарым.

– Серікбай аға,  биыл сексеннің сеңгіріне көтерілдіңіз. Сіздің ғұмырыңыз қолына қалам ұстаған барша іні-қарындастарыңызға өнеге. Өмірде ұстанған қағидаңыз жөнінде де білсек…

– Тіршіліктегі басты қағидам – кіршіксіз адалдық. Мақтанғанды жаным сүймейді. Өмірімде қанша әндерге сөз жазған, көптеген кітаптары шыққан белгілі қаламгер болсам да, осы уақытқа дейін көпшіліктің алдында өзімнің шығармашылығым жайлы асыра айтуды ұната қоймаймын. Мен ақындықтан гөрі, адамгершілікті жоғары қоямын.

Шығармашылық адамы қарап отыра алмайды. Өткен жылдарда жазған ғылыми еңбектерім, өлеңдерім аз емес. Қолым боста домбыра жасайтын өнерімді одан әрі жалғастыра бермекпін. Дүние жүзі қазақ халқын осы киелі ұлттық аспабымыз арқылы таниды.

– Ашық әңгімеңізге рақмет!

Әңгімелескен:
Оразалы ЖАҚСАНОВ,
Қазақстанның Құрметті журналисі

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here